дүйсенбі, 21 сәуір, 2025

«Оқушыны көлікте зорлаған»: Семейде мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айырылды

/
«Оқушыны көлікте зорлаған»: Семейде мұғалім өмір бойына бас бостандығынан айырылды
istockphoto

Семейде алғашқы әскери дайындық пәнінен беретін ұстаз өмір бойына бас бостандығынан айырылды. Оған сегізінші сынып оқушысын зорлады деген айып тағылды, деп хабарлайды BAQ.KZ.

Кәмелет жасына толмаған қызды зорлау фактісі бойынша қылмыстық іс мамандандырылған ауданаралық сотта қаралды. Былтыр қараша айында оқушы қыздың анасы полицияға арыз түсірген. Тәртіп сақшылары содан кейін тергеуді бастап, мектеп мұғалімі күдікті ретінде ұсталған болатын.

Жағаұстатарлық жағдай 2024 жылдың шілде айында болған. Ол кезде кінәлі деп танылған азамат 32 жаста, ал жәбірленуші 14 жасқа толмаған еді. Тергеу нұсқасы бойынша, күдікті оқушыны көлікте зорлаған.

Білім бөлімінің ақпаратына сүйенсек, күдікті 2022 жылдан бері қалалық мектептердің бірінде алғашқы әскери дайындық пәнінің мұғалімі болып жұмыс істеген. Абай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соттың төрағасы кінәлі деп танылған азамат жазасын қылмыстық атқару жүйесінің төтенше қауіпсіз мекемесінде өтейтінін айтты. Бірақ үкім заңды күшіне енбегенін жеткізді. Яғни, сотталушы әлі үкімге шағым келтіре алады.

"Абай облысы бойынша мамандандырылған қылмыстық істер жөніндегі сотының үкімімен азамат қылмыстық кодекстің 120-бабы 4-ші бөлігі қылмыс жасағаны үшін кінәлі деп танылды. Оған өмір бойына педагогикалық қызметтер атқару құқығынан айыру және өмір бойына бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды", - деді Нияз Хасенбаев.

Бөлісу: