сенбі, 19 сәуір, 2025

"Қыруар қаржыға жөнделген тарихи жәдігер опырылып түсті": Депутат заңға өзгеріс енгізуді ұсынды

/
сурет: parlam.kz

Мәжіліс депутаты Ұласбек Сәдібеков еліміздің тарихи-мәдени мұраларының қазіргі жағдайына алаңдаулы. Ол Үкіметке жолдаған депутаттық сауалында киелі орындардың қараусыз қалуы, жер телімдерінің жекеменшікке өтіп кеткенін және туристік әлеуеттің тиімді пайдаланылмай отырғанын атап өтті.

«Еліміз тарихи ескерткіштерге бай. Барлық аймағы көне жәдігерлерге толы. Мысалы, бір Түркістан облысының өзінде ғана Отырарда Арыстан баб, Бәйдібекте Домалақ ана, Қазығұртта Ақбура секілді қасиетті мекендер жеткілікті», – деді депутат.

Алайда Сәдібековтің айтуынша, осындай киелі орындардың көпшілігі қараусыз қалған. Жергілікті атқарушы органдар бұл ескерткіштердің күтімі мен сақталуына жауапты емес, себебі оларға ондай міндет заңмен жүктелмеген.

Мәселен, жуырда ғана Созақ ауданындағы Ақсүмбе ауылында орналасқан VI ғасырға тиесілі Ақбикеш мұнарасының бір бөлігі құлап қалды. Бұл нысан 2020 жылы жөндеуден өткізілгенімен, тиісті күтім көрмегендіктен, қайтадан бүлінген.

«Ашық аспан астында тұрған тарихи орындар жаңбыр суына шайылып, күн көзіне қақталып жатыр. Бұл – біздің мәдени мұрамыздың біртіндеп жойылып жатқанының айғағы», – деді депутат өз сөзінде.

Тағы бір күрделі мәселе – жер телімдерінің жекеменшікке өтіп кетуі. Бәйдібек ауданындағы Ақмешіт үңгірі тарихи мұралар тізімінде болғанымен, оның астындағы жер бір кездері жеке шаруашылыққа беріліп кеткен. Домалақ ана, Бәйдібек ата, Қос ана кесенелері де жеке меншікте қалып отыр. Бұл жағдай, Сәдібековтің пікірінше, өңірдегі туризмді дамытуға кедергі келтіріп отыр.

Осы орайда депутат бірнеше нақты ұсыныс білдірді. Біріншіден, тарихи нысандарды жергілікті коммуналдық мекемелерге күтіп-ұстауға беру қажет. Бұл олардың тұрақты түрде жөнделіп, айналасының таза болуын қамтамасыз етеді.

Екіншіден, ҚР «Жер туралы» Кодексі мен «Тарихи-мәдени мұра объектілерін қорғау туралы» заңдарға өзгеріс енгізіп, тарихи нысандарды жерімен бірге мемлекет меншігіне қайтаруды заңдастыру керек.

Үшіншіден, туристер мен зияратшылардың есебін жүргізіп, жиналған қаражатты арнайы қорға аудару керек. Бұл қаражат сол нысандардың қажеттіліктеріне жұмсалуы тиіс.

«Әрбір нысанға арнайы курстан өткен шырақшы-гид тағайындау қажет. Олар келген қонақтарға тарихи мағлұмат беріп, құран бағыштаса – бұл мәдениетіміздің жанғаны», – дейді халық қалаулысы.

Депутаттың сөзіне қарағанда, бүгінгі таңда жабайы туризм мен заңсыз кәсіпкерлік белең алып тұр. Тарихи жерлер пайда көзіне айналғанымен, ешкім нақты есеп жүргізбейді. Бұл – ел тарихына, ұлттық мұраға деген құрметтің әлсіздігін білдіреді.

«Қазақ даласындағы әрбір тас пен топырақ – біздің тірі тарихымыз. Ал, тарихты құрметтеу – бүгінгі ұрпаққа жүктелген маңызды міндет», – деп қорытындылады депутат Ұласбек Сәдібеков.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары