HBO «Гарри Поттер» әлеміне арналған жаңа телехикаяның алғашқы ресми кастингінің нәтижесін жария етті. Бұл туралы euronews.com жазды.
Әйгілі сиқыршылар әлемінің жаңа экранизациясында Альбус Дамблдор рөлін бұрын хабарланғандай Джон Литгоу сомдайды. Ал профессор Минерва Макгонагалл рөліне – «The Menu» және «Tumbleweeds» фильмдерімен танымал Джанет МакТир, профессор Северус Снеггке – «I May Destroy You» және «Gangs of London» сериалдарының жұлдызы Паапа Эссиеду, ал Хагридке – «Shaun of the Dead» актері Ник Фрост бекітілді.
Сондай-ақ екі қонақ кейіпкер де жарияланды: Люк Тэллон Қорғанысқа қарсы қара магия пәнінің мұғалімі Квиреллді, ал Пол Уайтхаус Хогвартстың швейцары Филчті сомдайды.
— Джон Литгоу, Джанет МакТир, Паапа Эссиеду, Ник Фрост, Люк Тэллон және Пол Уайтхаустың Дамблдор, Макгонагалл, Снегг, Хагрид, Квирелл және Филч рөлдеріне тағайындалғанын қуана хабарлаймыз. Бұл жобада осындай дарынды жандардың бар болғанына өте қуаныштымыз. Олар бұл сүйікті кейіпкерлерге жаңа өмір сыйлайды деген сенімдеміз, – деді жобаның шоураннері әрі атқарушы продюсері Франческа Гардинер мен бірнеше эпизодтың режиссері Марк Майлод.
Поттер, Грейнджер мен Уизли рөлдеріне әлі кастинг жүргізіліп жатыр. Ал Волан-де-Морт рөліне ирландиялық актер Киллиан Мёрфи басты үміткер ретінде қарастырылып жатқаны туралы қауесет бар. Сонымен қатар Снегг рөліне Эссиеду ұсынылған сәттен-ақ әлеуметтік желілерде пікірталас өршіген. Кей желі қолданушылары Дамблдор рөліне америкалық актердің таңдалуын да сынады.
Жоба кітап желісін басынан бастап телехикая форматында қайта баяндайды. Әр маусым жазушы әрі атқарушы продюсер Дж.К. Роулингтің бір кітабына негізделмек. Басты мақсат – сиқырлы әлемнің бұрын беймәлім қырларын ашып, ескі және жаңа көрермендерге бірдей әсер қалдыру. Жоба Max платформасында жаһан бойынша, соның ішінде Түркия, Ұлыбритания, Германия және Италияда көрсетіледі.
Жаңа телехикая 2025 жылы жазда түсіріле бастайды деп жоспарланған. Алайда HBO мен Max премьера күнін әзірге жариялаған жоқ.