Қазақ күресінен «Қазақстан барысы-2024» турнирінде топ жарған семейлік Ерасыл Қажыбаев облыс әкімі сыйлаған пәтерді әлі алмағанын айтты. «Спорт+» арнасына сұхбат берген балуан бір жыл өтсе де үмітімді үзбедім дейді.
Айта кетейік, пәтердің сертификатын Ерасылға былтыр Абай облысының сол кездегі әкімі Нұрлан Ұранхаев табыстаған. Алайда, қазір не әкім жоқ, не пәтер жоқ.
«Пәтердің сертификатын бергенмен, кілтін әлі алған жоқпын. Жарты жылдан асса да табысталмады. Облыс әкімі де ауысып кетті. Нұрлан Ұранхаевтың орнына Берік Уәли келгендіктен, табыстаудың әлі реті келмей жатқан шығар деп ойлаймын», - деді Ерасыл Қажыбаев.
Естеріңізде болса, Ерасыл Қажыбаев ұлттық күрес турнирінде айтулы жетістігіне былтыр қазан айының соңында қол жеткізген болатын. Осыдан кейін балуанға белгілі меценат Дулат Тастекеев жол талғамайтын қымбат көлікті сыйға тартты.