жексенбі, 13 сәуір, 2025

Делдал сатқан билетпен Джей Ло концертіне кіре алмайсыз: тексеру жұмыстары басталды

/
Фото: John Nacion/Variety via Getty Images

Дженнифер Лопес концертіне билет емес, ваучерлер ғана сатылады. Нағыз билет концерт күні жақындағанда электронды поштаға келіп түседі. Бұл туралы концертті ұйымдастыратын "Астана концерт" продюсері Мәлік Хасенов мәлімдеді, деп хабарлайды Kazinform.

"Астанадағы Дженнифер Лопес концерті рекордты қызығушылық тудырды, билеттер санаулы сағатта сатылып кетті. Енді платформа командасы фейк аккаунттар арқылы жаппай сатып алынған билеттерге тексеру жүргізіп жатыр. Алыпсатарлар OLX желісінде ваучерді еселенген бағаға сатуды бастап кетті", − деп жазды Мәлік Хасенов Instagram желісінде.

Продюсердің айтуынша, бұл кезеңде көрермендер концерт билетін емес, ваучерді ғана сатып алады. Бұл ваучерлер концерт уақыты жақындағанда күшіне енеді.

"Танымайтын адамдардан ваучер сатып алғандар концертке кіре алмай қалуы мүмкін, себебі нағыз билет сатып алғанда көрсетілген электронды поштаға келіп түседі", − деп түсіндірді Хасенов.

Қазір концерт билетін сататын Тикетон.кз командасы күмәнді саудаларды анықтап, күшін жоюмен айналысып жатыр. Барлық техникалық тексеру жұмысы аяқталған соң, босаған орындар ресми сатылымға шығады.

Бөлісу: