Ақтөбеде бір топ жігіт 11 сынып оқушысын қатыгездікпен соққыға жығып, пышақпен жарақаттаған. Салдарынан жасөспірім төсекке таңылған. Бұл туралы Stan.kz ақпарат агенттігі хабарлайды.
Жәбірленушінің отбасы төбелеске қатысқандардың барлығын жазалауды талап етіп отыр.
Оқиға 2025 жылдың 21 наурызында қала шетінде болған. Жәбірленушінің анасының айтуынша, ұлы сол күні көршісімен кездесуге кеткен.
"Менің ұлымды 21 наурызда 15 адам ұрып, пышақ жарақатын салған. Көрші сол күні ұлымды шақырып, ұлдардың арасында жанжал болғанын, өзінің өміріне қауіп төнгенін айтыпты. Көрші және тағы бес бала кездесу орнына барған. Алайда жанындағы балалардың барлығы қашып кетіп, менің баламды жалғыз қалдырған. 15 жігіт ұлымды қатты ұрып-соғып, дубинкамен басына соққы жасап, тепкен. Ұлым есінен танып қалған. Артынша 2009 жылы туған жігіт пышақпен аяғына жарақат салған", – дейді жәбірленушінің анасы Қазына Боқанова.
Қақтығыс жақын маңдағы азық-түлік дүкенінің бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Дүкен иесі алғашқылардың бірі болып, жарақат алған Диасқа көмек көрсетуге келіп, жедел жәрдем шақырған.
"Мен сыртта төбелес болып жатқанын естідім. Дүкеннен шыққанда, бір топ жігіттің барлығы қашып кетті. Жерде бір жігіт жатыр еді. Есінен танып қалған, басы қан жалаған. Аяғынан да қан кетіп жатыр екен. Мен айқайлап көмек сұрадым, көліктерді тоқтатуға тырыстым. Кейін дүкендегі барлық заттарды алып, аяғын таңып байладым, өйткені қан жоғалтатынынан қорықтым", – дейді дүкен иесі Айсина Әбілова.