Жуырда Корея Республикасының бас қаласы – Сеулде Оңтүстік-Шығыс Азия елдеріндегі қазақтардың II кіші Құрылтайы өтті. «Qazaq Nomad» қазақ қауымдастығы, Қазақстанның Корея Республикасындағы Елшілігі мен «Отандастар қорының» қолдауымен өткен бұл құрылтайға Корея, Малайзия, Жапония, Қытай және Моңғолия елдерінен 200-ге жуық отандасымыз қатысты. Алқалы жиында Қазақстан мен шетелдегі қазақтардың мәдени, экономикалық және рухани ынтымақтастығын нығайтуға бағытталған түрлі мәселелер кеңінен талқыланды.
Құрылтай аясында қолөнерші, суретші Ақмарал Бахитованың ұлттық нақышта салынған картиналар көрмесі ұйымдастырылды. Бұл көрме қазақтың дәстүрлі мәдениетін насихаттауға және ұлттық өнердің ерекшеліктерін шетелдік көрермендерге таныстыруға бағытталған ерекше іс-шара болды. Құрылтайдың ашылуында ҚР Корея Республикасындағы Елшісі Нұрғали Арыстанов, «Отандастар қорының» президенті Данияр Қадыров және Сеулдегі Qazaq Nomad қазақ қауымдастығының өкілі Турлан Жанесенов сөз сөйледі.
Елші өз сөзінде құрылтайдың шетелдегі қазақ мәдениетін дамытудағы маңызын ерекше атап өтті. Ол қазақ диаспорасының мәдени бірлігін нығайту, ұлттық құндылықтарды сақтау және келешек ұрпаққа жеткізу жолындағы осындай іс-шаралардың маңызды екенін тілге тиек етті. Сонымен қатар, құрылтайдың Қазақстан мен Корея арасындағы мәдени байланыстарды нығайтуға қосатын үлесі зор екенін атап өтіп, алдағы уақытта қазақ диаспорасы өкілдерімен бірлесіп жүзеге асырылатын мәдени жобаларға қолдау білдіретінін жеткізді. Данияр Қадыров құрылтайдың басты мақсаты – шетелдегі отандастармен байланысты арттырып, бірлікті нығайту екенін айтты. Ол «Отандастар қорының» шетелдегі отандастарды қолдау бойынша жүзеге асырып жатқан жобалары туралы баяндап, Қазақстанның әлемдік деңгейде танылуы жолындағы мәдени бастамалардың маңызына тоқталды. Ал Турлан Жанесенов өз сөзінде Кореядағы қазақ жастарының бірлігін арттыруға бағытталған жобаларды сөз етті.
Құрылтайдың бірінші күні қазақ мәдениетін насихаттау, ұлттық дәстүрлерді шетелде сақтау және экономикалық ынтымақтастықты дамыту мәселелері бойынша пленарлық отырыстар өтті. Оған Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева, этнограф, ғалым Айгерім Мұсағажинова, Тұран этно-фольклорлы ансамблінің қалаушысы, «Арқайым» тобының мүшесі Абзал Арықбаев, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Жұбаныш Жексенұлы, АХҚО Қаржы өнімдері жөніндегі бас директор Данияр Келбетов, Малайзиядағы қазақ орталығының өкілі Маржан Қадырова, SoftBox дыбыстау және дубляж студиясының негізін қалаушы Ким Юрий және Хангук шет тілдер университеті Орталық Азиятану кафедрасының профессоры Сон Ең Хун қатысты. Профессор Сон өз сөзінде қазақ тілі кафедрасының ашылуы қазақ мәдениетін зерттеу мен насихаттауда маңызды рөл атқаратынын ерекше атап өтіп, қазақ тілін үйренуге қызығушылық танытқан студенттердің жетістіктерін тізіп өтті. Оның айтуынша, Хангук шет тілдер университетінің студенттері тек қазақ тілін үйреніп қана қоймай, қазақтың мәдениетін, әдебиетін және салт-дәстүрлерін де кеңінен танып- білуге ұмтылып жүрсе керек. Құрылтай аясында «Отандастар қоры» мен ҚР Корея Республикасындағы Елшілігінің ұйымдастыруымен алғаш рет шетелде қазақ тілінен шешендік өнер сайысы өтті. Аталған сайыста Хангук шет тілдер университетінің 7 студенті өзара жарысты. Сайыстың қазылар алқасына белгілі әнші Қанат Айтбаев төрағалық етті. Нәтижесінде, 1-орынды Хангук шет тілдер университетінің 2-курс студенті Ли Со Ён жеңіп алды. Ли Со Ёнға Air Astana мен Pana қонақүйлер желісінің есебінен Сеул-Алматы-Сеул бағыты бойынша ұшақ билеті мен қонақүй ваучері табысталды.
Құрылтайдың екінші күні Наурыз мерекесі кең көлемде атап өтілді. Ашық алаңда «Отандастар қорының» «Қоржын» жобасы аясында Кореядағы отандастарға сыйға тартылған алты қанатты киіз үйі орнатылды. Киіз үйдің жанында ұлттық киімдер мен суреттер көрмесі қойылып, мерекеге жиналған көпшіліктің ерекше қызығушылығын тудырды. Наурыз мерекесі аясында қазақтың дәстүрлі ойындары да ойнатылды. Құрылтай қонақтары асық ату, арқан тарту, ләңгі және тоғызқұмалақ сияқты ұлттық ойындарға белсене қатысып, дәстүрлі ойындардың ерекшелігін атап өтті. Сонымен қатар мереке аясында танымал этнограф Айгерім Мұсағажинованың жетекшілігімен «Қазақтың дарқан дастарқаны» атты шеберлік сағаты өтті. Іс-шара барысында қазақтың дәстүрлі тағамдарының бірі – түйе сүтінен әзірленген балқаймақ көпшілік назарына алғаш рет ұсынылды. Айгерім Мұсағажинова ұлттық тағамдарымыздың ерекшеліктері туралы баяндап, оларды әзірлеу мәдениетін заманауи тұрғыда насихаттаудың маңызына тоқталып өтті.
Наурыз мерекесіне арналған концерт те әсерлі өтті. Қазақстаннан барған өнерпаздар мен Пусаннан келген қазақ студенттері ұлттық әндер мен күйлерді орындап, мерекенің көркін қыздыра түсті. Концерттің көркін ашқан, Қазақстаннан арнайы барған «Арқайым» нео-этно-фольк тобы болды. «Арқайым» тобы ЮНЕСКО мұрасына енген ортеке аспабында өнер көрсетті. Сондай-ақ белгілі әншілер, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткерлері Жұбаныш Жексенұлы, Қанат пен Светлана Айтбаевтар өз өнерін ортаға салып, көпшіліктің ыстық ықыласына ие болды.
Құрылтай шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдерімен мәдени және экономикалық ынтымақтастықты нығайтуға, қазақтың ұлттық құндылықтарын дәріптеуге және болашақта бірлескен жобаларды жүзеге асыруға серпін берді. Сонымен бірге шетелдегі қазақ қауымдастығының бірлігін арттыру, қазақ мәдениетін халықаралық деңгейде насихаттау және экономикалық серіктестікті дамытуды көздейтін маңызды қадам болды.