сенбі, 12 сәуір, 2025

Біләл Ысқақ: Қазақта 7 мыңнан аса күй бар

/
сурет: turkystan.kz / кейіпкердің жеке мұрағатынан

Күйші, Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері,  Құрманғазы атындағы Қазақ ұлттық консерваториясы Домбыра кафедрасының профессоры Біләл Ысқақов – елімізге белгілі музыка маманы. Қазақ музыкасы жайында, оның ішінде күй жанрына арналған көптеген зерттеу кітаптың және ноталық жинақтың авторы. 40 жылдай уақыттан бері П.Чайковский атындағы Алматы музыкалық училищесінде және Құрманғазы атындағы Алматы Мемлекеттік консерваториясында ұстаздық етіп келеді. Біз онымен қазақтың ұлттық музыкасы және өз шығармашылығы жайында әңгімелескен едік.

– Біләл Алпанұлы, сіз Семей өңірінде туып-өскеніңізді білеміз. Ол өлкеде не­гізінен ақындық пен ән өнері көбірек дамыған. Ал сіз күйге қалай келдіңіз?

– Семей өңірі қазақ тарихында ерекше ор­ны бар өлкенің бірі ғой. Басқаны айтпағанда, менің туған жерімде осыдан он ғасыр бұрын са­лынған Қозы Көрпеш – Баян сұлу кесенесі бар. Адамдар оның кірпіштері жылқының сү­тімен иленген балшықтан жасалып, жыл­қы­ның қылы қосылған дейтін. Расында, кірп­іш­те­рінен жылқының қылы шығып тұратын. Бал­а кезімізде велосипедпен барып, соның жа­нында ойнайтынбыз. Сол кезде кесене маңында қараған, қурай секілді өсімдіктер мол болатын. Әлгі қурайды сындырғанда одан қан секілді қып-қызыл сұйықтық шығатын. Сол есімнен кетпейді. Үлкендерге соны айт­қан­да «Ол киелі жер, тиіспеңдер» дейтін.  Кеңес­тік кезде қараусыз тұрды, бүгінде жан-жағына қоршау орнатылған. Бірақ қазір маңайында баяғыдай қараған мен қурай жоқ, қу тақыр. Со­сын ол маңайда Қодар қазған құдықтар дей­тін құдықтар болатын. Демек, 2002 жылы 1500 жылдығы өткен «Қозы Көрпеш – Баян сұлу» жырында айтылған жайлар шындық болғаны ғой.
Ал өнерге келуіме әсер еткен жағдай тура­лы айтсам, Қасқырбай деген нағашым күйші еді. Соған еліктеп домбыра тарта бастадым. Ол белгілі күйші Бағаналы Саятүлековпен бір­ге жүрген.  Бағаналы  Тәттімбет күйлерін то­лық білетін адам болған. Ауылда нағашымды аты­мен атамай, «Ит-құс аға» дейтін. Мен бала­мын ғой, «ит аға» дейді екенмін. Алдымда екі бала қайтыс болып кеткесін әкем мені ерке­ле­тіп өсірген. Көз өтіп кетеді дей ме екен, ша­шымды да алмай желпілдетіп қоятын. Со­ған орай мені ауылда «білтебас» деп атайтын. Студент кезде ауылға барғанда үлкен кісілер «О, білтебас келді» дейтін. Қазір елде мені олай атайтын адам да қалмады. 
Атымды Құран Кәрімнен алып Мұхаммед пай­ғамбардың (оған Алланың сәлемі болсын)  са­хабасы, азаншы Біләл әл-Хабашидің құр­ме­тіне қойыпты.  Атыма байланысты бір қызық жағ­дай болды: 2007 жылы  өнер делега­ция­сының құрамында Түркияға бардым. Бізбен бір­ге Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаев та бар. Ыстамбұлдағы Сүлеймение мешітіне бар­дық. Мешітке шетелден келгендерді тізім­мен кіргізеді екен. Бір кезде мешіттен шыққан адам «Біләл деген кім?» деді. Менмін деп едім, «Сіз бірінші кіресіз» деді. Арамызда министр бар, ыңғайсызданып қалдым. Бірақ имам со­лай деп ұйғарып отыр деп, бірінші кіргізді. Сон­да олардың есіміме мән беріп тұрғаны ғой.
Әкем Құранмен дем салатын молда, емші кі­сі еді. Ол кісі менің өнерге ынтық екеніме мән берді-ау деймін, 13 жасымда қысқы кан­и­кул кезінде мен сені күйдің атасына апарайын деп, бізден 40 шақырым қашықта тұратын Тәт­тімбеттің Мұсатай деген баласынан туған Шай­қы деген кісіге алып барды. Шайқы – түсі суық кісі, мектепте қазандықтың отын жа­ғушы (кочегар) болып жұмыс істейді екен. Қа­рағандының Қарқаралысында дүниеге кел­ген, Алаш қайраткерлерімен бірге  жүрген. Кейін бай-шонжардың тұқымы деп Семейге жер аударылған. Новосибирскіде түрмеде отырып шыққан.
Мені әкем Шайқының қасында қалдырып кетті. Он күннен аса уақыт жанында жүрдім, оны­мен бірге мектептің қазандығына от жағу­ға да бардым. Жұмысында да, үйінде де маған ыл­ғи әңгіме айтумен болды. Атақты Сұлтан­мах­мұттың немересімен бірге оқыпты. Алаш пар­тиясының жарғысын жазуға қатыстым дей­тін. Үйінде әңгіме айтып отырғанда қалғып кет­сем, «Әй, тыңда. Мен кімге сөйлеп отыр­мын» деп ақырып қалып, мені оятып алатын. Ата­сы Тәттімбет туралы небір ғажап жайлар­дан сыр шертетін. Тәттімбет бұлақтан су іш­кен­де, судың дәмінен сол жерде қандай металл барын айтады екен. 
Тәттімбет Ресейге қазақ даласынан барған де­легацияның құрамында болып, орыс пат­ша­сының алдында күй тартқан ғой. Патшаның же­ке қабылдауында болып, «Біздің жерде ал­тын көп, маған алтын өндіруге рұқсат беріңіз»  де­ген екен. Патша оған алтын өндіруге рұқсат қа­ғаз беріпті. Елге келген соң Ботов деген орыс­пен бірлесіп алтын өндірумен айна­лыс­қан. Көре алмаған біреулер Тәттімбеттің зауы­­­­тын өртеп жіберген көрінеді. Шайқы «Үйде оншақты тайтұяқ алтын жататын еді, біз сонымен асық ойнайтынбыз» деген. Қазақ­тар тайдың тұяғын ойып, соны қалып қылып алтын құйған ғой, соны «тайтұяқ» дейді. Тәт­тім­бет – 20 жылдан аса болыс, атақты аға сұлтан Мұса Шормановмен құда болған ауқат-ты адам. Әдемі киінген ажарлы кісі болған. Маңайы­на әдемі, өнерпаз жастарды жинап, сері­лік дәурен кешкен. Оқыған, орысша білген.
Шайқының тағы бір айтқан әңгімесі есте қа­лыпты. «Сен алтын өндіру туралы  естіп пе едің? Асыл асылға тоқтайды. Қойдың жүні асыл. Атам бірде жүз шақты қойдың алдымен жү­нін қырықтырып, сосын сойып терісін алып, оны бұлақтың суына таспен бастырып тас­тады. Теріге ұсақ алтындар тоқтайды екен. Ерте­сіне терілерді судан шығарып, оның жү­нін өңкей қыз-келіншектер тарақпен тара­ғанда майда-майда алтындар шықты. Соны көрдім», – деді Шайқы.
Ол кезде Шайқы – 70-тен асып кеткен кісі, жа­с­ы ұлғайғандықтан домбыра тартқанда қо­лы икемге келе бермейді, маған домбыра тартқызып, күйді аузымен айтып отырып үйре­тетін. Қателесіп кетсем, «әй-әй, тоқта» деп, қайтадан күйді ыңылдап айтып түзеп оты­ра­тын. Маған қандай күй білесің деп тарттырып көр­ді әуелі. Радиодан тыңдау арқылы үйренген «Адай», «Көңілашар», «Серпер» секілді күйлерді тар­тып беріп едім, Шайқы «Сен мұндай күй­лерге онша әуес болма, ол күйлердің жөні бө­лек. Төкпе тартысқа үйреніп кеткен адам мы­на күйлерді бүлдіріп алады» деді. Кетер ке­зім­де де соны қайталап ескертті, сосын ба­та­сын беріп, «Құдай қаласа, менің осы бер­ген ба­там сені біраз жерге апарады» дегені әлі есім­де. Әкеме «Бұйырса, мына баладан бірдеңе шығады, маған күй үйренем деп талай келіп ала алмап еді, мына бала алды», – деді риза болып.
Шайқы маған Тәттімбеттің «Саржайлау», «Сыл­қылдақ», «Өкше күй», «Қосбасар» секілді күй­лерін үйретті. «Өкше күйі» туралы сұраға­ным­да «Тәттімбет атамыз күй тартыста бір қыз­дан жеңіліп бара жатқан соң, осы күйді өк­шесімен тартып, ұтқан екен» деді. Шай­қы­дан үйренгендерімді менен жасы үлкен Са­пар­жан Торсықбаев, Шарқын Шәкәрімов секілді күй­ші ауылдастарыма тартып көрсеткенімде, олар «Ойпырмай, мұны қайдан үйрендің» таң­ғалды. Жарты жылдан соң Жарқын Шәкәрім Шайқыны іздеп барса, ол кісі қайтыс болып кеткен екен. Жарқын Шайқыны ертерек біл­ме­геніне, онымен кездесе алмағанына өмір бойы өкініп өтті. 
Енді саған көп ешкімге айта қоймаған бір әңгіме айтайын. Осыдан екі жыл бұрын түс көр­дім. Түсімде Алматының стадионында шы­ж­ыған ыстық күнде «Қайрат» футбол ко­ман­дасының ойынын көріп отыр екенмін. Басыма қағаз қалпақ киіппін. Бір кезде анадай жерде басына бөрік киіп отырған кісіге көзім түсті. Жынды ма, мынадай ыстықта бөрік киіп отырғаны несі деп ойладым. Бір-екі рет қарап қойдым. Бір кезде әлгі кісі жаныма келіп, «Сен мені танымай қалдың ба, мен – Тәттімбетпін. Сендер мені әбден ұмыттыңдар ғой» деді. Аржағы есімде жоқ. Ояна келіп түсім еке­нін білдім. Содан балама Тәттімбеттің ба­сына барып қайтайық дедім. Бұрын да бар­ғанмын. Сөйтіп, Қарағандыдан 60 шақы­рым­дай жерде далада жатқан Тәттімбеттің басына барып Құран оқыдым. Бейіті Аягөздегі Қозы Көрпеш – Баян сұлудың кесенесі сияқты етіп жасалған, ішіне арнайы жасалған ойықтан еңбектеп кіресің. Мал кіріп кетпесін деп солай жасалған ғой. Сөйтіп, 2023 жылы Тәттімбеттің басына зиярат еттім. Немересін көріп, күйін үй­реніп, өнер жолына түскен соң рухы дұға дә­меткен болар.

– Рахмет, өте қызықты әңгімелер айт­тыңыз. Енді кәсіби өнер жолына қалай түскеніңізді айтып берсеңіз?

– Мектепте өте жақсы оқыдым. Әкем өзі ем­­шіліктен хабары болғандықтан шығар, ме­нің медицина саласына барғанымды қа­лады, «Дәрігер болып, адам емдейтін оқуды оқы, айналайын» дейтін. Алайда домбырадан алыс­таған жоқпын. Мектеп бітірген жылы ауырып қалып, бір жыл ауылда жүріп, мәдениет үйінің меңгерушісі болдым. Сол жерде өнермен айналысамыз, концерт береміз. Сол жылы ауы­лымызға атақты күйші Мағауин Хамзин ке­ліп өнер көрсетті. Мен ағамызға өзімнің өнер­ге қызығатынымды, Шайқыдан күй үйрен­генімді айттым. Ол кісі Шайқыны біледі екен де, бірақ жүздеспепті. Әңгімелерімді тың­даған Мағауия аға мені Алматыға шақырды. Сонымен келесі жылы Алматыға келдім. Сонда ауылдас ағам Сапаржан Торсықбаевпен кезде­сіп, ол мені Чайковский атындағы музыкалық училищеге апарды. Онда Хабидолла Тастанов, Құбыш Мұхитовтай мықты профессорлар сабақ береді екен. Солардан тәлім алып, кәсіби жол­ға бет бұрдым. Училищені бітірген соң ме­ні сонда жұмысқа алып қалды, оқытушы бола жүріп консерваторияға оқуға түстім. Сол жылдары кәсіби домбырашылар конкурсына қатысып, бірінші орын алдым. Консерватория­ны бітірген соң да 10 жылдай Чайковский учи­лищесінде жұмыс істедім. Бірде концертте күй тартқанымды көріп, консерваторияның ректоры, атақты композитор Ғазиза Ахмет­қы­зы жұмысқа шақыртып алды. Сөйтіп, 1986 жыл­дан бері консерваторияда еңбек етіп ке­ле­мін. Чайковский атындағы музыкалық кол­­­­леджде де сабақ беремін.

– Күйші ғана емес, белгілі күй зерттеу­шілердің бірісіз. Атақты күйші Төлеген Мом­бековтың күйлерін нотаға түсіріп, кітап­тарын шығарыпсыз. Ол кісімен қалай танысып, араластыңыз?

– Кеңестік дәуірде халқымыздың салт-дәс­түрі, ұлттық өнері қазіргідей кең түрде на­си­хат­тала бермейтін еді ғой. Бірақ халықтың, бо­­­лашақ ұрпақтың қамын ойлаған зия­лы­лары­мыз қарап жатпады. Ұлттық болмысты дәріп­теудің түрлі жолдарын іздеді. Сондай пайдалы нәрсенің бірі – Алматыдағы М.Әуезов үйі, ғылыми-мәдени орталығында халыққа ғы­лыми-көпшілік білім тарату мақсатымен 1963 жылы ашылған Алматы халық уни­вер­ситеті еді. Оның ректоры академик Рахманқұл Бер­дібай болды. Халық университеті жұмыс іс­теп тұрған кезде оған белгілі ғалымдар, про­фессорлар шақырылып, қазақ халқының көр­­­некті мәдени, әдеби, фольклорлық, тарихи ес­керткіштері, аса ірі қайраткерлері туралы 500-ден астам сабақ-дәріс өтті. Дәрістің ара­сын­да белгілі өнерпаздар ән салып, терме ай­тып, күй тартатын. Оған ұлт тарихы мен әде­биетін, музыкасы мен дәстүр-салтына қы­зы­ғатын жастар мол жиналатын. 
Бірде Рахманқұл аға Созақтан әйгілі күйші Төлеген Момбековты алдырған екен. Оның өнерін көріп, шалқамнан түстім, не деген кере­мет күйші деп. Төлеген ағамен танысып, өне­рі туралы кеңірек білгім келгенін айтып едім, онда ауылға – Созаққа кел деді. Содан кон­серваторияда оқып жүріп, жазғы дема­лысымда Төлеген ағаның ауылына тартып тұратын болдым. Ана жақта әкем ренжиді, «Де­малысыңда ауылға келмейсің, Созақта не бар» деп. Жолы алыс, үнемі дауыл соғып тұра­тын Созаққа Төкең үшін барамын,  әрине. Үйін­де айлап жатамын. Үйіндегі бар шаруа­сы­на араласып, тыным таппаймын. Мені «Үлкен ба­лам» дейтін. Өз балаларына ұрысып жатады, «Үл­кен баланы қинамай, үйдің шаруасын өз­дерің істемейсіңдер ме» деп. 
Туған баласындай жанында жүріп қызмет ету арқылы ол кісінің күйлерін тыңдадым. Ол кісі үйіне келген адамға көңілі толмаса күй тартпайтын, бірбеткейлеу адам еді. Төкең күй тартқанда оны жанымнан тастамайтын «Романтик» деген магнитофоныма жазып аламын. Күй тартқандағы қағыстарын, саусақтарының перне басуын нотаға белгілеп қоямын. Сөйтіп, ол кісінің күйлерін бес жыл бойы нотаға түсіріп, кітап дайындап жүрдім. Консерваторияны бітірген соң да байла­нысымды үзбедім, барлық күйін нотаға түсіріп алдым. Көзі тірісінде өткен 60 жылды­ғында, 70 жылдығына қатыстым. Өз орын­дауын­да 32 күйін жазып алсам, қалған 8 күйді басқа адамдардан алдым. Бір кезде шығарған, бірақ кейін есінен шығып кеткен күйлері ғой. Соны өзіне көрсеткенімде «Құдай сақтасын, мыналарды қайдан тауып жүрсің» деп таң­ғал­ғаны бар. Өзі ұстазым дейтін Сүгірдің күйлерін де Төкеңнің орындауынан нотаға жаздым. 
Күйші Сүгір Әліұлы өз күйлерін ешкімге үй­­рет­пейді екен. Біреулер сол әдетін қызған­шақ­тыққа балайды, бірақ Сүкең күйші болып атымды шығарайын демеген сияқты, қамыс­тың ығында оңаша отырып күй тартып, өз өнерінен өзі ләззат алады екен жарықтық. Сүгір күй тарт­қанда Төлеген аға тығылып барып тыңдап, үйренген екен, көріп қойса кетіңдер деп қуады дейді. 
Үлкен бастықтар келгенге Сүгірді шақыр­тып алып, күй тартқызып, Төкең секілді күй үйрен­гісі келгендер киіз үйдің сыртында отырып тыңдайды екен. Бірақ оны тірі кезінде ешкім жазып алмаған. Тек Төлеген Момбеков қана Сүгірдің ең керемет күйлерін алып қал­ған. Мен Сүгірдің күйлерін Төкеңнің орын­дауы­нан алдым. 

– Ел арасында Төлеген Момбеков пен Сүгір Әліұлына қатысты әңгімелер бар ғой. Біреулер Төлеген Момбеков өзінің кей­бір күйлерін Сүгірдікі деп тартқан десе, тағы біреулер Төлеген Сүгірдің кей­бір күйлерін өзімдікі деп тартқан деген сияқ­ты. Осыны анықтай алдыңыз ба?

– Иә, оны анықтадым. Өзіне: «Сіздің мына күйлеріңізді Алматыда Сүгірдікі деп тартамыз, ол қалай?» дегенімде Төкең «Рақманқұл мені Алма­тыға алып барып, радиоға күй жаздыр­ған­да күйлерімнің кейбірін өзімдікі деуге ұя­­лып, Сүгірдікі деп тартып, өзім бүлдіргем» деп шынын айтқаны бар. Ақкөңіл, қазақы ор­та­да өскен, үлкен топтың алдында өнер көр­­се­т­пеген Төлеген аға өзін күйшімін деп айт­у­ға ұялған ғой. 
Жасырып қайтеміз, қай салада да қазақ­тың рушылдығы араласа жүреді ғой. Сүгір кіші жүздің тамасы болса, Төлеген орта жүздің қоңы­раты ғой. Содан келіп біреулер Төлеген­нің күйлерін Сүгірдікі десе, біреулер Сүгірдің күй­лерін Төлегендікі деп орынсыз дау шыға­рып, әркім өз жағына тартып жатады. Соның анығын жазам деп, маған аналар да, мыналар да ренжіп, екі оттың ортасында қалғандай бол­ған кезім бар. Ал мен екеуінің де күйлерін тео­риялық жақтан зерттеп, стильдік дара­лық­тарын анықтап көрсеттім. Музыкалық кәсіби білім алмаған, бір стильде күй шығарған адам екінші бір стильде күй шығара алмайды. Өйткені саз, сарын деген бар, соның қалып­та­сып, даралануы бар. Өз еңбектерімде соның бә­­рін жазғанмын. Оған Төлеген ағаның өзі ри­за болып:  «Сен менің, Сүгірдің күйлерін зерт­­теп жазған соң Сүгір екеумізге қатысты жөн­­сіз әңгіме тиылды»  деген еді.
Төлегеннің күйлерінен екі кітап құрас­тыр­­дым. «Салтанат» деген кітапқа өз күйлерін бер­­­сем, «Төлеген толғаулары» деген екінші кітап­­қа Төлегеннің орындауынан алынған Сү­гір­­дің күйлерін де қостым. 5 күй. Төкең еш­теңені жасырған жоқ, «Мынау Сүгірдің күйі» деп анығын көрсетті. «Қосбасарды», «Бо­зін­геннің бүлкілін» қалай Сүгірдікі дей алам, өз туындым» деді ол кісі. 
Төлеген аға төсек тартып жатып қалғанда ба­­лалары мені шақыртты, «Әкеміздің уақыты жа­­қындаған сияқты» деп. Бардым. Қыстың кезі, күн суық, жел соғып тұр. «Бақұл болыңыз, аға. Не айтасыз, қандай өсиетіңіз бар» деп едім, Тө­кең «Күйлерім саған аманат, оны өзгеге те­лімеңдер» деді әрең сөйлеп, қолымды қысып. Сөйтті де жүріп кетті. Адам о дүниеге беті бұрылып жатқанда жалған сөйлемейді ғой. Сон­дықтан Төлегеннің күйлерін Сүгірдің күй­лері деп орынсыз дау шығару арымызға сын.
Алматыдан Созаққа барғанда Мұхтар Әуе­зов, Сәбит Мұқанов секілді тұлғалар Төлегенге күй тартқызып, тыңдаған. Сонда ол кісілер «Мы­надай күйшінің қалың елге танылмай ауыл­да жүргені қалай, Алматыға жеткізіңдер» депті жергілікті басшыларға. Содан кейін Рақ­манқұл аға орталыққа алып кеп, жұртқа та­ныс­­тырған ғой. Бірақ Төкеңнің шығар­машы­лы­­ғына мамандар назар аудара қоймаған, оның күйлерін жазып алып, кітап шығару ма­ған бұйырыпты. Жоғарыда айтып кеттім ғой, көңілі соқпаса күй тартпайды деп. Мұхит Айтқалиев деген мықты музыка маманы ба­рып Төкеңнің күйлерін жазып алғысы келген екен, бірақ Төкең домбырасын қолына алмап­ты. 
Төлеген ағаның бір күйінің тууына куә бол­дым. Созақта Қызылкөл деген көл бар, со­ған күйші екеуміз шөп шабуға барғанбыз. Бір кезде дауыл тұрып, шапқан шөбіміз жан-жаққа ұшып, аласапыран болды да кетті. Со­дан амалсыз дауылдың басылғанын күтіп оты­р­дық. Домбыраны ала барғанмын. Көлдің то­лқыны жағаға шылп-шылп етіп соғып жа­тыр. Бір кезде Төлеген аға үнсіз қалды. Ол күй тарт­қанда, түсі өзгеріп кететін. Ондайда жа­нын­дағы адаммен шаруасы болмай қалады. Тө­кең домбыраны алды да бір күйді, ой, бір сұң­қылдатты-ау. Сәл алыстау жерде отырып маг­нитофонға жазып алдым. Өйткені кейде ол кісі сондай толғанып отырған сәтінде бі­реу­дің өзіне бөгет жасағанын жақтырмайтын. Бұл күйдің жайын өзінен сұрағанымда күйші «Бұл ызың көптен келіп жүретін, бүгін анық ес­тіл­ді» деді. Соңынан «бұл күйді қалай атай­мыз?» дегенімде «Толқын» деп қоя салсайшы» деді.
Менің әдетім, магнитофоннан бір тыңда­ға­нымды бірден құлаққа құйып аламын да, қайталап тарта қоямын. Соны көрген Төкең, «Қалай тез үйреніп алдың-ей, мына тартысың менікінен де жақсы шықты ғой. Ана иірімдерін қалай аласың? Ай, оқығанның аты оқыған ғой» деп мені мақтап қоятын, күйлерін маг­нитофонға жазып алып, соны өзіне қайта тар­тып бергенімде. «Біз ауылда жүрген қазақ­пыз ғой, сендер білімді күйшісіңдер. Кей жерлерін әдемілеп өзгертіп тарта бер» дейтін тағы, мен «Қой аға, ондай болмайды» деп азар да безер болам. Жалпы, сауатты музыкант күй­ді өзгертіп тартып,  авторына қиянат жасамайды. Күйші қалай тартса, нотаға да дәл солай түсіру керек. 
Төкең Алматыға келгенде біздің үйге тү­сетін. Ол кісінің күйшілігінен өзге де қасиеті аз емес еді. Сауаты болмаса да, жады сұмдық күш­ті еді. «Үміт» деген дастанды домбыраға қо­сып екі сағаттай жатқа айтатын. Ол дастан­ның кімдікі екенін білмедім. Есіл-дертім күйінде болып, сол поэманы айтқанын жазып алмаппын. 
Төкеңнің «Қосбасар» деген күйі өткен ға­сырдың 30-жылдарындағы Созақ көтерілісіне арналған. Жатқан бір зар-мұң. Әкесі сол көтері­ліске қатысқан ғой. Сыртынан біреу көр­сетіп жіберген болуы керек, жер жыртып, бидай сеуіп жүргенінде Кеңес өкіметінің жанд­айшаптары далада атып кеткен. Әкесі өлгенде Төлеген 13-14 жастағы  бала екен...

– Төлеген мен Сүгірден басқа күйші­лер­ді де зерттедіңіз бе?

– Менің бір қасиетім, қай жерде аты шық­қан домбырашы бар, соны іздеп барып әңгі­мелесемін. Консерваторияда оқып жүргенімде эстрада-цирк студиясында жұмыс істейтін Мағауия Хамзиннен барып сабақ алатынмын. Дәріс беріп жатқан аудиториясына барып лекциясын тыңдайтынмын. Мағауия аға: «Әй, тағы келдің бе, жарайды, отыра ғой» дейтін. 
Арқада әйгілі «58-статьямен» көптеген күй­ші атылып кеткен ғой. Соған байланысты Ахметжан Сармантайұлының «58» деген күйі бар. Сол қудалаудан кейін жұрт қолына домбыра ұстауға да қорқып қалған. Сондықтан біраз  уақытқа дейін Арқа күйлері зерттелмей қалды. Соларды іздеп жүргенде Ақсу-Аюлы жа­ғында Дәулетбек Сәдуақасов деген күйші ба­рын біреуден естіп қалдым да, соны іздеп бар­дым. Ол кісі атақты күйші Әбікен Хасе­новтің жанында жүрген, өзі де бірнеше күй шығарған, бәрінің нотасын жаздым. Ол кезде консерваторияда декан едім, Алматыға алып келіп, фильмге түсіріп алдым. 
Күйші Уәли Бекеновке де барып күйлер жа­зып алғам. Мағауия Хамзиннің де үйінде де жиі болғам, жеңгеміз поляк қызы еді, жақ­тырмайтын «опять пришел...» деп. Өйткені аға­мен әңгімелесіп, әңгімесін тыңдап, сағат­тап отырам ғой. Ағамыздың баласының аты – Тәттімбет, бірақ бір ауыз қазақша білмейтін...
Батыс жаққа жолым түспеді, бірақ сол өңір­ден шыққан атақты күйші Қаршыға Ахме­дияров маған қатты әсер етті. Колледжде, консерваторияда бірге еңбек еттік, ғажап домбырашы еді. Ол кісі төкпе күйді де, шертпе күйді де бірдей тартатын. Өзі де көп күй шы­ғарды. Қаршекеңнен «Төремұратты» үйрендім. Нұрғиса Тілендиев ағамыздың да үйіне талай бардым. Маған күй тарттырып тыңдап, жақсы екен деп арқамнан қағып мақтап қойды. «Отырар сазы» оркестрін құрып жатырмын, со­ған келіп көмектес» деді. «Аға, консерва­торияда, училищеде сабақ беремін ғой, қолым тимес» деп едім, «Аптасына екі күн келіп тұрсаң жетеді» деп ұрысып тастады. Сөйтіп, «Отырар сазы» оркестрі құрылғанда Нұрекеңе кө­мектестім. Шетелге де бардым ол оркес­трмен. Өзінен күйлерін үйрендім.

– Күй шығару өнері қазір де жалғасып жатыр, жастар шығарған күйлер де бар. Қалай ойлайсыз, қазіргі күй өнерінде дәстүр сабақтастығы бар ма?

– Әр заманның өзінің үні болады. Деген­мен күй болған соң, оның діңгегі болуы қажет. Жаңа бағытта күйлер шықты деп жатады. Бірақ дәстүрлі өзегі болмаса, мен ондайды қостамаймын. Күйдің кіріспесі, дамуы, негізгі бөлімі, сағасы болады. Бұл негізінен дәстүрлі төкпе күйге тән нәрсе, ал шертпе күй кез келген жерден басталып кете беруі мүмкін. Шер­тпе күйде ой көптеу, зар-қайғы сарындары басымырақ. Көп жігер бола бермеуі мүмкін. Ал төкпе күйде асқақтық, жігер, қайрат, ереуіл сарындар мол болады. Құрманғазыда Махам­беттің сарыны күшті, «Адай» күйін тыңдасам, Ма­хамбетті естіп отырғандай болам. Міне, қа­зақ күйлерінде осындай дәстүрлер, терең не­гіз сақталуы керек, болмаса ол қазақ күйі бол­майды. Жай бір композиция деңгейінде қа­лып қоюы мүмкін. Сосын күйді эстрадаға қо­сып тарту бел алып барады. Ол да ойланатын нәр­се. Домбыраның даусы қай жерде де басым бол­маса, күй қасиетінен айрылып қалу мүмкін.
Ахмет Жұбанов Құрманғазы оркестрін құрғанда күйге гармония беріп, оны әлемдік деңгейге көтеруді мақсат тұтты. Кей күйлер жеке домбырада жақсы естілсе, кей күйлерді оркестр жаңғыртып, тереңдетіп жібереді. Кей­де, тіпті, оркестрге түсіру мүмкін болмайтын күйлер де бар. Жалпы, қалай етсек те, қазақ күй­лерінің табиғатын, ырғағын бұзып, бояуы­нан айырып алмауды қатты қадаға­лауы­мыз керек. Күй – қазақтың ұлылығын паш ететін, қазаққа ғана тән ғаламат өнер. Бізде тек дом­быраға арналған 7 мыңнан аса күй бар. Бас­қа аспапқа арналған мұндай мол репер­туар­ды кездестірудің өзі қиын. Біз сол шығармалардың, ары кетсе, 2 мыңдайын ғана шиырлап жүрміз.

– Бір кезде жаһандану деген құбылыс­тан сескеніп жүруші едік, қазір қарасақ, біз соның бел ортасында жүрген сияқ­ты­мыз. Әлемде болып жатқан өзгерістерге ілесе жүріп, қазақ музыкасын қалай сақ­тауға болады?

– Иә, бұл да ойланатын үлкен мәселе. Ха­лықтың негізін, болмысын сақтайтын тіл, салт-дәстүр, музыка деген нәрселер ғой. Осы­ның әрбірін сақтау арқылы ғана ұлтымызды сақтаймыз. Ұлттық музыкасынан айрылып, дүбәра болып қалған елдер аз емес. Сол үшін ұлттық музыканың насихаты қарқынды жүруі қажет. Шынына келсе, біздің ұлттық өнер жанашырлары мұны жарты ғасырдан бері айтып келе жатырмыз. Қазақ өнері сан-сала­лы. Бір ғана күйдің өзінде 15 күй мектебі бар. Соның ішінде кейінгі дәуірде консерватория­мыздың жас оқытушысы Күнқожа Қайрулла ініміз зерттеп жүрген Бесқала күйшілік дәс­түрі де – өз алдына бір мектеп. Міне, осылар­дың бәрін саралай келе консерватория оқыту-шысы, профессор Төлепберген Тоқжанов екеуміз биыл «Домбырадағы орындаушылық өнер та­ри­хы» деген кітап шығардық. Онда күйшілік мектептерге қысқаша сипаттама бердік. Негізі, әр күйшілік мектептің өз оқулығы, ноталық жи­нақтары болуы қажет. Міне, осы секілді ауқым­ды шаруалар атқарыл-са, қазақ күйлері­нің ерекшеліктері жан-жақты көрініп, оның әлемге танылуына үлкен жол ашылары анық.

– Әңгімеңізге рахмет! Қазақ күйлері ұлтымызды таныта беруіне тілектеспіз.

Сұхбаттасқан – Ахмет ӨМІРЗАҚ

Бөлісу: