сейсенбі, 15 сәуір, 2025

Қазақстан Сьерра-Леоне Республикасымен ынтымақтастықты нығайтпақ

/
gov.kz

Қазақстан Республикасы Премьер-министрінің орынбасары – Сыртқы істер министрі Мұрат Нұртілеу Астанаға алғашқы ресми сапармен келген Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Тимоти Муса Каббамен кездесті, деп хабарлады turkystan.kz.

Сұхбат барысында министрлер саяси, экономикалық және мәдени-гуманитарлық салалардағы ынтымақтастықты кеңейту бойынша бірқатар маңызды мәселелерді талқылап, екіжақты байланыстарды нығайтуға ерекше көңіл бөлді.

Осы орайда тараптар шарттық-құқықтық базаны жетілдіру және түрлі деңгейлерде сапарлармен алмасу тәжірибесін дамыту бойынша күш-жігер жұмсауға дайын екенін білдірді.

«Географиялық қашықтыққа қарамастан біз сенім мен теңдікке негізделген ынтымақтастық орнатуға қызығушылық танытудамыз. Сауда, көлік және логистика, денсаулық сақтау, ауыл шаруашылығы және басқа да маңызды салаларда жемісті ынтымақтастыққа зор әлеует бар», – деп мәлімдеді М.Нұртілеу.

Қазақстанның әлемдегі ең ірі он астық өндіруші елдің бірі және Транскаспий халықаралық көлік бағытын пайдаланып, астық, дәнді және майлы дақылдар, жоғары сапалы ет және органикалық өнімдерді Африка елдеріне жеткізуге мүдделі екені аталып өтті.

Сонымен қатар министрлер ақпараттық технологиялар және цифрландыру саласындағы, оның ішінде Орталық Азиядағы ең ірі IT стартап-парк «Astana Hub» базасындағы ынтымақтастықты талқылады. Өткен жылы осы салада меморандумға қол қойылып, Қазақстан «KazAID» агенттігі арқылы Сьерра-Леонемен e-Gov компоненттік элементтерімен бөлісті.

Қазақстан СІМ басшысы өз әріптесіне Алматыда Орталық Азия мен Ауғанстан үшін Орнықты даму мақсаттары бойынша БҰҰ Өңірлік орталығын құру туралы БҰҰ Бас Ассамблеясының резолюциясына қолдау көрсеткені және тең авторы болғаны үшін алғысын білдірді. Ол Астананың тұрақты даму саласында әрі қарай ынтымақтастыққа және халықаралық бастамалар шеңберінде белсенді серікттестікке дайын екенін атап өтті.

Министрлер халықаралық күн тәртібіндегі өзекті мәселелер жөнінде пікір алмасты және түрлі деңгейлерде күш-жігерді үйлестіруді жалғастыруға келісті.

Келіссөздердің қорытындысы бойынша сыртқы саяси ведомстволардың басшылары Қазақстан Республикасының Сыртқы істер министрлігі мен Сьерра-Леоне Республикасының Сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрлігі арасындағы ынтымақтастық жөніндегі Жол картасына қол қойды.

Бөлісу: