ЭКСПО 2025 көрмесінде жапондық Kawasaki компаниясы жаңа өнертабысын – Corleo атты кибержылқыны таныстырды. Бұл – кәдімгі жануарлардың орнын басатын, сутегімен «қоректенетін» алғашқы төрт аяқты көлік.
Corleo – жолсызбен жүруге арналған, төрт доңғалақты көліктің (ATV) баламасы іспеттес. Бірақ ол дөңгелекпен емес, аяқпен қозғалады және шабандоздың дене қимылы мен тепе-теңдік өзгерісі арқылы басқарылады. Яғни нағыз жылқыны мінгендей әсер қалдырады. Тек мұнда жанып жатқан жанармай – шөп емес, сутегі.
Corleo-ның алдыңғы бөлігінде 150cc көлеміндегі бір цилиндрлі іштен жану қозғалтқышы орналасқан. Бұл қозғалтқыш сутегімен жұмыс істейді және аяқтарды қозғайтын электр қозғалтқыштарына қуат береді. Айта кету керек, көп жағдайда сутегімен жүретін көліктерде отын элементтері (fuel cell) қолданылады. Алайда Kawasaki іштен жану қозғалтқышы арқылы электр өндіруді жөн көрген.
Бұл жобамен Kawasaki сутегінің болашағына сенім білдіріп отырғанын көрсетіп отыр. Дегенмен Жерде сутегіні өндіру қымбат әрі сақтау қиын екенін ескерсек, бұл – әзірге тек батыл эксперимент деуге болады.