Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған бұл шаралар ата-аналарға балаларын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Атырауда нашақорлықтың алдын алу бағытында 180-ге жуық профилактикалық іс-шара өтті.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев өз сөзінде: «Синтетикалық есірткінің қолжетімділігі және оның барынша тез таралуы жастар арасында нашақорлықтың белең алуына әкеп соқтырады. Оларға нашақорлықтың қаншалықты қатерлі екенін үнемі түсіндіріп отыру қажет. Полиция есірткі өндіру, оны сату және таратуға қарсы белсенді күрес жүргізуі керек», – деген еді.
Жыл басынан бері Атырау облысы Полиция департаменті есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы «Нашақорлыққа және есірткі бизнесіне қарсы күрестің 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспары» аясында 180-ге жуық іс-шара ұйымдастырып, жасөспірімдерге нашақорлықтың зияны мен оның заңды салдары туралы ақпарат берді. Мәселен, «Таңдау сенің қолыңда» атты форумда 200-ге жуық студентке түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Сонымен қатар облыстық мәслихат отырысында жастар арасындағы есірткіге тәуелділік және электронды темекі қолдану мәселелері талқыланды. Білім беру ұйымдарында синтетикалық есірткілер мен нашақорлыққа қарсы 1 300-ден астам ақпарат жарияланып, ата-аналармен 200 дәріс сабағы өткізілді.
Жасөспірімдер арасындағы келеңсіз жағдайлардың алдын алуға бағытталған бұл шаралар ата-аналарға балаларын бақылауды күшейтуге мүмкіндік береді.
Елімізде нашақорлық пен есірткі бизнесіне қарсы күрес бойынша 2023-2025 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілгені белгілі. Оны іске асыруға бюджеттен 53,1 млрд теңге бөлінген. Бұл жоспар аясында әртүрлі профилактикалық іс-шаралар, оның ішінде ақпараттық-түсіндіру жұмыстары, білім беру мекемелерінде дәрістер мен семинарлар, сондай-ақ есірткіге қарсы акциялар мен науқандар өткізу көзделген. Сондай кең ауқымды жұмыстардың бірі – 1 маусым мен 31 қазан аралығында өтетін «Қарасора» жедел алдын алу іс-шарасы. Бұл операция құрамында есірткі бар өсімдіктерді заңсыз өсіру фактілерін анықтауға және жасырын егістіктер мен плантацияларды жоюға бағытталған. Мәселен, былтыр аталған операция аясында 1 607 есірткі қылмыс анықталған. Оның 799-ы сату, 194-і заңсыз сақтау болса, 245-і есірткі өсіру фактісі. Тәркіленген есірткі заттарының көлемі 21,5 тонна. Сондай-ақ құрамында есірткі бар өсімдіктердің 180 мыңнан астам бұтасы анықталып, жойылды.
А.ЖОЛДАСБЕКҚЫЗЫ