Еліміздің қыздар боксының болашағы туралы спорт журналисі Бек Төлеуовтың шағын пікірін ұсынып отырмыз.
Сербияда өткен әлем чемпионатында Қазақстанның боксшы қыздары 3 алтын, 2 күміс, 1 қола алып, жалпы есепте екінші орын алды. Әлемге танымал Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанды. Бұл – қазақ боксы үшін рекорд. Еліміздің қыздар боксының болашағы туралы спорт журналисі Бек Төлеуовтың шағын пікірін ұсынып отырмыз.
– Қазір екі бірдей халықаралық бокс қауымдастығына мүшеміз. Сербиядағы әлем чемпионатын IBA ұйымдастырды. Енді жаңадан құрылған World Boxing бар. Қалай боларын уақыт көрсетер. Екі ұйымның әлем чемпионаты екі бөлек өтеді.
Боксшы қыздардың Сербиядағы жетістігіне, әрине, қуаныштымыз. Назым Қызайбай үш дүркін әлем чемпионы атанып, жаңа тарихтың бетін ашты. Сондай-ақ Аида Әбікеева мен Алуа Балқыбековалар қуантты. Соңғы екеуі алғаш рет әлемнің үздігі атанып отыр. Бірақ бұған тоқмейілсуге болмайды. Боксшы қыздардың сыналатын тұсы – Олимпиада. Әзірге Қазақстанның боксшы қыздарына Олимпиаданың алтыны жетпей тұр. Тек үш қоламыз бар. Сондықтан осы қыздардың кемі біреуі 2028 жылы Лос-Анджелесте топ жарса екен деймін.
Сербиядағы бұл жетістік – боксшы қыздардың ішкі атмосферасы қайта дұрыстала бастағанын көрсетті. Өйткені бір кездері құрамада бір-бірімен шаш жұлысып, БАҚ беттерін шулатқан жағдайлар өте көп болды. Назым Қызайбай мен Ангелина Лукастың арасындағы жағдайды көпшілік ұмыта қойған жоқ. Жаңа бас бапкер ішкі бірлікті реттей алғаны көрініп тұр. Соған қуаныштымыз.
Бір айта кететін жайт, Назым Қызайбай әлем чемпионатындағы үш алтынын да 48 келіге дейін салмақта жеңіп алды. Оған 51 келі сәл қиындық тудыратын сияқты. Ал Олимпиада ойындарына 48 келі деген салмақ қосылмаған. Лос-Анджелеске берілетін жалғыз жолдама осы Назым мен Алуа арасында өтуі мүмкін. Бәлкім, оған дейін қатарға жас боксшылар да қосылып қалуы ықтимал.
2016 жылы Астанадағы әлем чемпионатында қазақ боксшы қыздары 4 алтын алған. Бірақ одан кейін ол жетістікті қайталмақ тұрмақ, жақындаудың өзі қиындаған. Сондықтан алдағы уақытта Сербиядағы жетістігімізден айырылмау маңызды.