дүйсенбі, 31 наурыз, 2025

Егінге ерте қамдандық

/
сурет: istockphoto.com

Жауаптылардың сөзінше, ерте қаржыландыру тетігі биыл фер­мерлердің егіс науқанын уақытында жүргізулеріне мүм­кін­дік бермек.

Мазмұны

    Биылғы егіс науқанын қаржыландыру былтырғы күзде басталып кеткен болатын. Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми мәліметінше, әзірше науқанға 206 млрд теңге жұмсалды, Ал жалпы егіс және егін жинау жұмыстарына Үкімет 700 млрд теңге қарастыруды жоспарлап отыр.

    Президент көктемгі егіс жұмыстарына бөлінетін жеңіл­детілген несиені желтоқсан айынан бастап беруді тапсырған еді. Былтыр су тасқыны салдарынан қоймалар су астында қа­лып, жер уақытында кеуіп үлгермегендіктен, көктемгі егіс жұ­м­ыстары едәуір кеш басталған еді. Осылайша, 80 жылдан бе­рі болмаған ең ауқымды табиғи апат ауыл шаруашылығына ора­сан зор шығын әкелді. Сарапшылар бұл су тасқынын аграр­лық сектордың дамуын бірнеше жылға кейінге шегеретін фак­тор деп бағалаған болатын. 
    Биыл Үкімет те, сәйкесінше шаруалар да ерте қамдана бас­тады. Жауаптылардың сөзінше, ерте қаржыландыру тетігі биыл фер­мерлердің егіс науқанын уақытында жүргізулеріне мүм­кін­дік бермек.

    Биыл қанша қаражат бөлінді?

    4 наурыз күні Премьер-Министр Олжас Бектеновтің төра­ға­лығымен өткен Үкімет отырысында Ауыл шаруашылығы ми­нистрі Айдарбек Сапаров егін егу науқаны ерте қаржы­лан­дырылғанына тоқталып, 206 млрд теңгеге 1,8 мыңнан астам ауыл шаруашылығы өнімін өндірушілер қаржыландырылғанын айтты.
    Сонымен қатар ол агроөнеркәсіп кешенін қаржыландыру­дың жаңа тәсілдері қолданысқа енгенін, жылына 5 пайыздық мөлшерлемемен берілетін жеңілдетілген несие өнімдері шаруа­ларға алғаш рет қажет тауарлар мен материалдарды толық кө­лемде сатып алуға, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техни­ка­сын жеткілікті мөлшерде лизингке алуға мүмкіндік бергеніне тоқ­талды.

    – Елімізде агроөнеркәсіп кешенін да­мытуға ерекше көңіл бөлініп отыр. 200 млрд теңгеге жеңілдетілген лизингті ұйымдастыру 6 мың отандық ауыл шаруашылығы техни­ка­сын сатып алуға мүмкіндік береді. Несие беру­дің қолжетімділігінің маңызды факторы 2024 жылы көктемгі егіс жұмыстарын қар­жы­ландыру әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­ра­­циялардың қосылуы болды. Бұл шаруа­шы­лықтарға оң әсерін тигізді. Өткен жылы бұл бағ­дарламаға 7 ӘКК қатысты. Бүгінгі таңда тек 4 ӘКК қатысуда. Олар Ақмола, Қостанай, СҚО, Павлодар. Бұл жағдай шаруалар ара­сында наразылық тудырып отыр. Осыған бай­ланысты облыс әкімдіктеріне ӘКК ар­қы­лы аграрлық қаржыландыру бойынша жұ­мыс­ты күшейтуді тапсыруыңызды сұрай­мын, – деп атап өтті Айдарбек Сапаров.

    Нәтижесінде, 4 мыңнан астам отандық ауыл шаруашылығы техникасы сатып алы­ныпты. Жеңілдікті лизинг бағдарламасының арқа­сында ауыл шаруашылығы техникасы паркі 5,5 пайызға жаңарған. Министрдің мә­ліметінше, көктемгі егіс жұмыстарына ұқ­сас мал шаруашылығы үшін де айналым­да­ғы қаражатты толықтыруға 50 млрд теңге мөл­шерінде жеңілдетілген қаржыландыру ен­гізілетін болады.
    Агроөнеркәсіп кешенін қолдау шаралары бойынша «Аграрлық несие корпорациясы» бас­қарма төрағасы Алмат Әшірбековтің ай­туын­ша, ерте қаржыландыру тетігін енгізу – биыл фермерлердің егіс жұмыстарын уа­қы­тында жүргізулеріне мүмкіндік береді. Кор­порация басшысы 2025 жылы Аграрлық не­сие корпорациясы мен ҚазАгроҚаржы ар­қылы 1 трлн теңгеден астам қаржы бө­лі­не­тінін айтты. Ол ішкі өндірісті дамытуға, қа­зақстандық нарықты отандық өніммен тұ­­­рақты қамтамасыз етуге, сондай-ақ қосыл­ған құны жоғары өндірістерді құруға бағыт­та­латын болады.

    – «Кең дала» бағдарламасы бойынша көк­темгі егін егу мен күзгі жиын-терім жұ­мыс­­тарын қаржыландыру мәселелеріне БАҚ ерек­ше назар аударды. Жалпы, Аграрлық не­сие корпорациясы осы мақсаттарға        700 млрд теңге бөлді.  2024 жылдың қараша айын­да алғаш рет «Кең дала» бағдарламасы бойын­ша ерте қаржыландыру жұмысы бас­тал­ды. Бұл тетікті енгізу – биыл фермерлердің егіс науқанын уақытында жүргізулеріне мүм­кіндік береді. Осының арқасында клиент­тер жұмыстарын жүйелі жоспарлай ала­ды, тұқымды, өсімдіктерді қорғау құрал­да­рын, тыңайтқыштарды және басқа да ре­сурс­тарды арзан бағаға сатып ала алады. Бұл ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің нә­тижелі жұмыс істеулеріне оң әсер етеді, – деп мәлімдеді Аграрлық несие корпора­циясы.

    Ал, жалпы егіс науқаны мен егін жинау науқанына 700 млрд теңге бөлінбек. 

    – 2025 жылғы көктемгі егіс және егін жи­нау жұмыстарын қаржыландыру көлемін 700 млрд теңгеге жеткізу жоспарланып отыр. Көр­сетілген көлемдегі қаражатты қамта­ма­сыз ету мақсатында 2025 жылға арналған бюд­жет жобасында 45 млрд теңге көзделді, қо­сымша 71,9 млрд теңге қажет. Сондай-ақ Пре­зиденттің қаржыландыруды желтоқ­санда бастау туралы тапсырмасын орындау үшін Үкімет қаулысының жобасы әзірленген болатын, – деді Ауыл шаруашылығы вице-министрі Азат Сұлтанов.
    Осылайша, биылғы бастамалар шаруа­лар­дың мол өнім алып, қамбаны толтырады деп Үкімет сеніммен айтып отыр. Өңірлерде қазір жұмыс басталып кетті, егіс алаңдары да былтырғыдан әлдеқайда ұлғайған. Мә­се­лен, Жамбыл облысында 641,2 мың гектарға егін егілмек, бұл 2024 жылғымен салыстыр­ған­да 14,5 мың гектарға артық. Жетісу облы­сын­да егіс алқабы 510 мың гектардан асады, ал Алматы облысында егін егу аумағы был­тыр­ғымен салыстырғанда 3,8 мың гектарға ар­тық. 

    Шаруалар егінін сақтандыра алады

    Ауыл шаруашылығындағы сақтандыру жүйе­сі биыл да өз жұмысын жалғастырады. 

    – Фермерлер топырақтағы ылғал тап­шы­­лығынан бастап ірі қара, ұсақ мал, жыл­қы, құс және басқа да жануарларға дейін сақ­тандыру мүмкіндігіне ие. Өсімдік және мал шаруашылығымен айналысатын шаруа­лар өз егіндері мен малдарын түрлі қауіп-қа­тер­ден қорғай алады, – деп мәлімдеді Аграр­лық несие корпорациясы.  

    Шаруалар Kezekte.kz порталындағы Agroinsurance онлайн-платформасы арқылы қызмет ала алады. Бұл жүйенің басты артық­шы­лығы – сақтандыру сыйақысының 80 пайы­зын мемлекет субсидиялайды, ал қал­ған 20 пайызын фермер өзі төлейді. 
    Биылғы сақтандыру төлемдерін субси­дия­­лауға республикалық бюджеттен ша­ма­мен 2 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.  
    Баспасөз қызметінің мәліметінше, 2020-2024 жылдары ерікті сақтандыру жүйесі ар­қылы фермерлер 1,5 миллион гектар егіс ал­қабын, 13,3 миллион бас құсты және 84,4 мың­ға жуық малды сақтандырған. Осы уа­қыт ішінде сақтандыру сыйақысының бір бө­лігі субсидияға 5,9 миллиард теңге бө-
    л­інген.  

    – Қолданыстағы сақтандыру жүйесінде ха­лықаралық қайта сақтандыру компа­ния­лары төлемдерге кепілдік береді. Оқыс жағ­дай болғанда, сақтандыру компаниялары фер­мерлерге 7,3 миллиард теңгеден астам қар­жы төледі. Ал фермерлердің сақтандыруға жұм­саған шығыны – 2,2 миллиард теңге, – дейді корпорация.  

    Мемлекет қолдауының арқасында ауыл шаруашылығымен айналысатын азаматтар сақтандыру арқылы өз шаруашылығын қор­ғап қана қоймай, шығындарын да азайтуға мүмкіндік ала алады деп сендіреді Аграрлық несие корпорациясы.  

    Жаздың қамын қыста ойлап, ерте қамданған Үкімет биыл еш қауіп жоқ екенін айтады. Шаруалар да көмек алып, іске кіріскен. Көктемгі көк өскін күзгі қамбаны толтырса, нан да, ән де болары анық.

    Бөлісу: