Айыпталушы қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде он жыл жазасын өтейді.
Павлодар облысы Шарбақты ауылының тұрғыны, былтыр шілде айында сәбилі болған 12 жастағы қыздың отбасы 2019 жылы Монғолиядан Қазақстанға көшіп келген. 2023 жылдың қазан айында сол үйдің туысы, 16 жасар бозбала қызды зорлаған. Колледждің бірінші курсында оқитын ол өткен жылдың сәуір айында қамауға алынған.
- Қылмыстық істі облыстық қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық соты жабық сот отырысында қарады. Жігітке ҚР Қылмыстық кодексінің 120-бабының төртінші бөлігі – «Кәмелетке толмағанды зорлау» және 121-бабының төртінші бөлігі – «Кәмелетке толмағанға қатысты сексуалдық сипаттағы зорлық-зомбылық әрекеттері» бойынша үкім шығарды. Кінәлі азамат қауіпсіздігі орташа түзеу мекемесінде он жыл айыбын өтейді. Үкім заңды күшіне енген жоқ,-деп хабарлады өңірлік соттан.