Бүгін Әбілязовтың тағдыры шешіледі

Бүгін Әбілязовтың тағдыры шешіледі

Бүгін Әбілязовтың тағдыры шешіледі
ашық дереккөзі
Бүгін Алматы қаласының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданарлық сотында Мұхтар Әбілязов пен  оның сыбайластарына қатысты  басты сот талқылауы басталады. Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлады.  Судья қорғаушылар тарапының алдын ала сот тыңдауында мәлімдеген өтінішін қанағаттандырмаған болатын. Бірақ, сотталушы Мамештің қорғаушысы адвокат Клименкоға қылмыстық іс материалдарымен танысуға рұқсат берілді. Айта кетейік, 17 наурыз күні аталған қылмыстық іс бойынша алдын ала сот тыңдауы өтті. Басты фигурант - Мұхтар Әбілязов белгісіз себептермен сотқа келмеді. Отырыстың барлық қатысушылары сот талқылауын Әбілязовтің қатысуынсыз өткізуге қарсылық білдірген жоқ. Еске сала кетейік, БТА банкінің бұрынғы басшысы Мұхтар Әбілязов Қазақстанда, Ресейде және Украинада барлығы 11 бап бойынша айыпталды. 2009 жылдың 6 наурызында Әбілязовке халықаралық іздеу жарияланды. Себебі оған және ол басшылық еткен қылмыстық топқа сеніп тапсырылған мүлікті иемденгендігі және талан-таражға салғандығы, алдау және сенімге қиянат келтіру арқылы бөтен мүлікті ұрлағандығы, заңсыз жолмен табылған ақша қаражаттарын заңдастырғандығы, банк қаражаттарын заңсыз пайдаланғандығы, өкілеттікті асыра пайдаланғандығы және қылмыстық топқа басшылық еткендігі бойынша (Қазақстан Республикасы Қылмыстық кодексінің 176-бабы 3-бөлігінің «б» тармағымен, 176-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтары бойынша, 24-бабының 3-бөлігімен, 177-бабы 3-бөлігінің «а», «б» тармақтарымен, 193-бабы 3-бөлігінің «б», «в» тармақтарымен, 220-бабының 1-бөлігімен, 228-бабымен, 235-бабы 3-бөлігімен қарастырылған) айыптар тағылған болатын. Барынша көлемді және күрделі қылмыстық істердің бірі болып табылатын бұл қылмыстық істің көлемі екі мың томнан асады және 150-ден астам эпизодтан тұрады. Ұйымдасқан қылмыстық топтың жасаған әрекеттерінен келтірілген шығынның анықталған сомасы 7,5 млрд. АҚШ долларынан асады. Қылмыскерлердің іс-әрекеті тек Қазақстан аумағымен ғана шектелмеген, қылмыстардың елеулі бөлігі Қазақстанда бастау алып, басқа елдер аумағында, соның ішінде Ресей Федерациясы мен Украинада аяқталған. Олар қылмыстық әрекеттерімен түрлі шетелдік мемлекеттер мен заңды тұлғалардың мүдделеріне нұқсан келтірді.