18 наурыз – Ұлттық киім күні
Ұлттық киім – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің көрінісі.

Наурыз мейрамы көктем мен жаңару мерекесі ғана емес, сонымен бірге адамның төл мәдениетін терең пайымдау кезеңі. Ұлттық киім арқылы біз ата-бабаларымызға деген құрметімізді білдіріп, төл мәдениетімізге деген ықыласымызды көрсетіп, салт-дәстүрді келешек ұрпаққа жеткіземіз.
Ұлттық киім – қазақ халқының тарихы, мәдениеті мен салт-дәстүрінің көрінісі. Бұл күні қазақстандықтар өздерінің бірегейлігін дәстүрлі киім арқылы көрсете отырып, мәдени мұраның құндылығын мойындайды.
Ұлттық киім күні – халықтың сыртқы келбеті мен ішкі өзіндік санасы арасындағы терең байланысты сезіну. Ұлттық киім – қазақ халқының құндылықтарын, тұрмыс-тіршілігін, дүниетанымын бейнелейтін өткен дәуірдің шифрланған хабары. Ол бүгінде ұлттық мақтаныштың, эстетикалық көріністің символына және жаңа заманға ұштасқан қымбат мұраға айналда.
Бүгінгі жаһандану мен жаңару жағдайында ұлттық нақышқа деген ықылас қайта оянды. Дәстүрді заманауи сән трендтерімен үйлестірген этно-стиль танымал трендке айналуда. Қазақстандық дизайнерлер бұл сегментті қарқынды дамытып, ұлттық нақыштағы элементтері бар киімдер тігіп жүр.
Ұлттық киімнің жастар арасында кеңінен таралуы олардың өзін-өзі тануға деген сұранысынан туындаған. Қазір қазақ тіліндегі этникалық элементтері бар, күнделікті киюге арналған киімдерге – ою-өрнек, кесте, ұлттық нақыштар мен патриоттық бағыттағы ұрандар бейнеленген заманауи стильге сұраныс артты.
Ғасырлар бойы қазақтың ұлттық киімдері өзінің практикалық және терең мағыналылығымен ерекшеленді. Табиғи материалдар – былғары, үлбір, киіз және мата тек жайлылық үшін ғана емес, мәртебе мен байлықтың белгісі ретінде де қолданылған. Ұлттық киімде дәстүрлі түрде құрметті қонақтарға тарту ретінде ұсынылатын қонақжайлылық пен құрметтің белгісі – шапан ерекше орын алады. Мәселен, 2024 жылы Ұлттық киім күні қарсаңында қазақстандық әнші Д.Құдайбергенов белгілі опера әншісі П.Домингоға шапан сыйлаған болатын. Д.Құдайбергенов атап өткендей, қазақ халқының ежелден келе жатқан дәстүрінде бұл – шексіз құрметтің белгісі.
Наурыз мейрамы аясында сән фестивалі, байқаулар мен тақырыптық жәрмеңкелер өткізіледі. 2024 жылы ұлттық киім күнінде Теміртауда 1000-нан астам тұрғынның қатысуымен этно-шеру, Астанада 500 мәдениет қызметкерінің қатысуымен би флешмобы, Ақтөбеде «Кимешек fashion» сән көрсетілімі, сондай-ақ Шымкентте – заманауи ұлттық киімдер көрсетілімі ұйымдастырылды. Сондай-ақ бұл күні қазақстандық Д.Айжарықов Париждегі Эйфель мұнарасының алдында шапан киіп, жерлестерін мерекемен құттықтап, халық биін биледі.
Ұлттық киім бүгінде заманауи сән үлгісіне айналды. Оны дәріптеуге арналған күн сан ғасырлық мұраның қадірін сезінуге, ұлттық стильдің жаңа қырларын ашуға, ортақ мәдени құндылықтар арқылы ел бірлігін нығайтуға септігін тигізеді.