Қарағанды облысының жолдарында 550-ден астам көлік кептеліcте тұрып қалды

Теміртау терминалынан Ақмола облысының шекарасына дейін 500-ге жуық көлік қауіпсіз түрде жеткізілді.

Қарағанды облысының жолдарында 550-ден астам көлік кептеліcте тұрып қалды
фото: видеодан скриншот
234

Қарағанды облысының аумағындағы ауа райының қолайсыздығына байланысты барлық республикалық және облыстық маңызы бар автожолдар уақытша жабылды, деп хабарлайды Kazinform.

Қарағанды өңірінде азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және жол-көлік оқиғаларының алдын алу мақсатында облыстық Полиция департаментінің патрульдік полиция батальоны күшейтілген қызмет атқару режиміне көшті. Автожолдардың негізгі учаскелерінде патрульдік полиция нарядтарының саны артты.
Жол қозғалысының шектелуіне байланысты Қарағанды — Астана бағытында шамамен 500 автокөлік, ал Қарағанды — Балқаш тасжолында 50-ден астам көлік құралы жолда қалып отыр.

— Полиция қызметкерлері көлік жүргізушілері мен жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында автоколонналарды ұйымдасқан түрде алып жүруде. Мәселен, Теміртау терминалынан Ақмола облысының шекарасына дейін 500-ге жуық көлік қауіпсіз түрде жеткізілді. Көлік калоннасын алып жүрер алдында патрульдік полиция батальонының командирі Медет Нұрмұханов жүргізушілерге нұсқама жүргізіп, олардың жол жүру ережесін қатаң сақтап, жылдамдықты шектен тыс асырмауды ескертті, — деп хабарлады ПД баспасөз қызметі. 

Қарағанды облысының Полиция департаменті жүргізушілерге алыс сапарға шығудан уақытша бас тартып, ауа райының жақсаруын күтуді және жолдардың жағдайы туралы жаңартылған ақпаратты мұқият қадағалауды ұсынады.

Серіктес жаңалықтары