Гүл сыйлаудың тәртібін білесіз бе?

Гүл сыйлаудың да тәртібі, өзіндік жөн-жосығы бар. Олар әлемнің барлық тілінде сөйлей алады. Яғни, дұрыс таңдалған гүл шоғы көкейіңіздегі ойды, ізгі лебізіңізді сөзсіз жеткізуге мүмкіндік береді.
Ең әуелі гүлдің түр-түсі ғана емес, саны да маңызды екенін айта кеткен жөн. Нақты айтсақ, гүл шоғындағы гүлдер саны жұп сан емес, тақ сан болуы керек деген сенім бар. Пұтқа табыну кезеңінде жұп сандар зұлымдықты, сондай-ақ өмір циклінің тоқтағанын білдіреді деп есептелген, бұл сенім осыдан қалған деген дерек бар.
Келесі мәселе, гүлдің түсі. Қызыл түс – өмірдің, күш пен махаббаттың түсі. Қызғылт түс – нәзіктік, сезім пен қамқорлықтың түсі. Гүлдер тілінде бұл – талғампаздықтың, ризашылықтың, жанашырлықтың символы.
Ал ақ гүлдер тазалықты, адалдықты білдіреді. Ақ түс жарыққа, жаңа өмірге апаратын жолдың символы болса, көк түс – тыныштық пен құпияның түсі.
Көгілдір түстес гүл шоқтарын жақын адамдарға қолдау білдіру үшін сыйлауға болады.
Сары – күннің түсі. Сары гүлдер байлықты, сәттілік пен қуанышты білдіреді, сары гүлдерді сәттілік, жақсы көңіл күй тілейтін кез келген адамға сыйға тарта аласыз.