Елден кеткендердің көші сиреді

Былтыр елімізден біржола көшіп кеткендер саны күрт азайып, ел тарихындағы ең төмен көрсеткіш тіркелді. 2023 жылға дейін 10 жылдан астам уақыт бойы кеткендер көп, келгендер аз болғанын ескерсек, бұл дерек бір жақсылықтың белгісіндей көрінеді. Келім-кетімдегі теңсіздіктің теріс көрсеткіші сарапшыларды, қоғам белсенділерін де алаңдататын.
Сонымен, сыртқы миграциядағы кейінгі үрдістерде нендей жаңалық бар? Көші-қон сальдосының оң мәнге ауысуына не себеп болып отыр? Бұл үрдіс сақтала ма, сарапшылар не дейді?
Елден көшу үрдісі бәсеңдеді
Ұлттық статистика бюросы өткен жылдың қорытындысы бойынша Қазақстаннан біржола қоныс аударғандар саны бұрын-соңды болмаған дәрежеге дейін азайғанын, осылайша тарихи минимум тіркелгенін мәлімдеді. 2024 жылы Қазақстаннан басқа елдерге шамамен 12,8 мың адам көшіп кеткен. Бұл 2023 жылғы көрсеткішке қарағанда 20 пайызға аз.
Керісінше, елімізге көшіп келгендер саны 29,9 мыңнан асыпты, яғни 2023 жылғы дерекпен салыстырғанда 18 пайызға көп. Бұл рекорд көрсеткіш болмаса да, бұдан жоғары көрсеткіш 10 жылдан астам уақыт бұрын, 2011 жылы тіркелген еді.
Осылайша, көшіп келгендер санынан көшіп кеткендер санын азайту арқылы есептелетін көші-қон сальдосы қатарынан екінші жыл оң мәнде қалып отыр. 2024 жылы сальдо 17,2 мың адамға жуықтады. Бұл – 2006 жылдан бергі ең жақсы нәтиже. Ескере кететін бір жайт – 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстанда жыл сайын миграцияда теріс
сальдо тіркеліп келді, яғни кеткендер саны келгендерден көп болды. Сонымен, 2024 жылы қазақстандықтар қайда қоныс аударды? Деректерге қарасақ, олардың басым бөлігі, яғни 70 пайызы Ресейге көшкен, 16 пайызы Германияға кетіпті. Ал Қазақстанға көшіп келгендердің шамамен 40 пайызы – Өзбекстаннан, 27 пайызы – Ресейден, сонымен қатар 7 пайызы Қытайдан және 5 пайызы Моңғолиядан қоныс аударған.
Азаматтық алғандар да азайған
Былтыр қоныс аударғандар санымен қатар Қазақстан азаматтығын алғандар саны бойынша да антирекорд тіркеліпті. ІІМ дерегіне сүйенсек, 2024 жылдың қорытындысы бойынша азаматтық алғандар саны 20,2 мың адамға жеткен. 2023 жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш бірден төрттен бірге қысқарып, кем дегенде кейінгі бес жылдағы ең төменгі деңгейге түскен.
Министрлік мәліметінше, азаматтық алушылардың басым бөлігі – қандастар. Көрсеткіштің жылдан-жылға төмендеуі де, негізінен, қандастарға байланысты болып отыр. 2024 жылы азаматтық-
ты шамамен 15,7 мың қандас алса,
2023 жылы олардың саны 20,5 мың болған.
Алайда жалпы азаматтық алғандар арасындағы қандастардың үлесі сәл өсіп, 76 пайыздан 77 пайызға жеткен.
Жаңа ел азаматтары көбіне қай өңірлерді таңдайды десек, көш басында азаматтық алғандардың 26 пайызы көшіп барған Алматы облысы тұр. Одан кейін 9 пайыз көрсеткішпен Астана және 8 пайыз көрсеткішпен Түркістан облысы тұр. Ал деректері бөлек қарастырылатын Байқоңыр қаласы, сонымен қатар Ұлытау және Қызылорда облыстарында, керісінше үрдіс байқалады: бұл аймақтарға 19, 21 және 42 адам ғана көшіп барған.
Жыл басынан бері мыңнан астам қандас елге оралды
Биыл жыл басынан бері 1 070 этникалық қазақ тарихи отанына оралып, «қандас» мәртебесін алыпты. Бұл – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің дерегі. Жалпы, 1991 жылдан бері Қазақстанға 1 млн 149 мыңнан астам қандас көшіп келді.
Жыл басынан бері келген қандастардың жартысынан көбі, 51,9 пайызы – Қытайдан, 37,5 пайызы – Өзбекстаннан, 7,1 пайызы – Түрікменстаннан, 1,8 пайызы Ресейден және 1,7 пайызы басқа да елдерден келген.
Қандастардың жас құрылымына тоқталсақ, 2025 жылғы 1 ақпандағы жағдай бойынша олардың 60,2 пайызы – еңбекке қабілетті жастағылар, 32,9 пайызы – кәмелетке толмағандар, ал 6,8 пайызы зейнеткерлер екен. Білім деңгейіне келсек, еңбекке қабілетті қандастардың 16,7 пайызының жоғары білімі бар, 32,9 пайызы орта кәсіби білім алған. 48,4 пайызының жалпы орта білімі болса, білімі жоқтар үлесі 1,9 пайыз екен.
Қоныс аударған этникалық қазақтар Қазақстанның түрлі өңіріне қоныстанып жатыр. Дегенмен министрлік мәліметінше, мемлекет демографиялық теңгерімді сақтау мақсатында оларды еңбек күші тапшы аймақтарға орналастыруға басымдық беріп отыр. Бұл аймақтарға Ақмола, Абай, Атырау, Қостанай, Павлодар, Шығыс Қазақстан, Батыс Қазақстан және Солтүстік Қазақстан облыстары жатады. 2025 жылы бұл өңірлерге 2 309 қандасты қабылдауға квота беріліпті.
Аяулым Сағынбаева, демограф:
Әлемдегі ахуал тұрақтанғанда,
эмиграция қайта жандануы мүмкін
– Кейінгі екі жылда Қазақстандағы көші-қон сальдосы теріс мәннен оң мәнге ауысты. Яғни, елден кетушілер саны азайып, келгендердің саны артты. Жалпы алғанда, иммиграция қарқынының төмендеу үрдісі байқалады. 2018 жылмен салыстырғанда көшіп кетушілер саны 3,3 есе қысқарды. Нәтижесінде, миграция сальдосы оң мәнге ие болып, бұл көрсеткіш соңғы он үш жылдағы ең жоғары деңгейге жетті.
Бұл өзгерістерге бірнеше фактор әсер етті. Біріншіден, сыртқы геосаяси жағдайдың тұрақсыздығы мен кейбір елдердегі экономикалық және әлеуметтік дағдарыстар Қазақстанға келушілердің санын арттырды. Екіншіден, Қазақстаннан қоныс аударатын негізгі топ – еуропалық этностардың өкілдері – жылдан-жылға азайып келеді. Олардың көші-қон әлеуеті төмендеп, қартаю процесі күшейді. Жастардың саны аз болғандықтан, көшіп кету көрсеткіші де айтарлықтай төмендеді.
Сондай-ақ Қазақстанға қайтып оралатын азаматтардың көбі – бұған дейін шетелге кеткен эмигранттар. Еуропа, АҚШ, Түркия және Оңтүстік Корея сияқты елдерде өмір сүру құнының өсуі бұл үрдіске ықпал еткен болуы мүмкін. Бұрынғыдай емес, шетелде тапқан табыс Қазақстанда айтарлықтай құнды емес болғандықтан, елге қайтуды таңдағандар көбейді.
Миграция мәселесінде нақты болжам жасау қиын. Себебі туу және өлім-жітім көрсеткіштері баяу өзгергенімен, көші-қон сыртқы жағдайларға тікелей тәуелді. Кенеттен болған кез келген оқиға бұл үрдістерге айтарлықтай әсер етуі мүмкін. Қазір 25-30 жас аралығындағы жастар миграцияға бейім, алайда бұл жас тобындағы азаматтар саны аз. Бұл да көші-қон қарқынына ықпал ететін факторлардың бірі. Бірақ бұл – жалпыға белгілі себептер, ал нақты анықтау үшін арнайы бір зерттеулер жүргізу керек.
Қазақстан әрдайым көші-қон үшін буферлік аймақ ретінде қызмет етіп келеді: еліміз Орталық Азиядан Ресейге, одан әрі басқа елдерге қоныс аударатындардың транзиттік жолы болды. Дегенмен бұл үрдістің алдағы уақытта сақталатынына кепілдік жоқ. Геосаяси жағдай тұрақтанып, әлемдегі экономикалық дағдарыс бәсеңдегеннен кейін эмиграция қайта жандана түсуі мүмкін.
Бұл – табиғи әрі заңды процесс, оған ешкім кедергі бола алмайды әрі біз жабық мемлекет емеспіз.
Бізде әзірге табиғи өсім миграциядағы, яғни көшіп кеткендердің орнын басып отыр. Одан бөлек, кей азаматтар оқуға кетеді, жұмысқа кетеді, бірақ қайтып келеді. Айналып келген кезде қазір шетелде тұрып шетелдегі қазақтардың көңіл күйін байқайтын болсам, бірте-бірте елге деген сағыныштары жоғары. Жалпы, қазақ елінің қадірін түсінген сынды. Шетелде жүрген қазақтардың елге деген сағынышы артып, Қазақстанның қадірін бұрынғыдан жақсырақ түсіне бастағаны байқалады.
Әр нәрсеге ерте қуанып, сәл нәрсеге қайғырудың қажеті жоқ. Сондықтан миграциялық үрдістерге қатысты асығыс қорытынды жасауға болмайды, өйткені бұл – динамикалық әрі ұзақмерзімді өзгерістерді қажет ететін процесс.
Шынар Пазылбекқызы,
демограф:
Қандастарды қолдау саясаты жалғасын тапса, көшіп келушілер саны өсе береді
– 2012-2022 жылдар аралығында Қазақстаннан кетушілердің саны келушілерден асып, көші-қон сальдосы 10 жыл бойы теріс мәнде болды. Алайда 2023 жылы алғаш рет оң көрсеткіш тіркеліп, көші-қон сальдосы 9 293 адамды құрады. 2024 жылғы қаңтар-желтоқсандағы деректер бойынша, бұл оң үрдіс жалғасып, келушілер саны кетушілерден 17 164 адамға артық болды.
Бұл өзгерістерді түсіну үшін ел халқының этникалық құрылымына және этникалық көші-қон ерекшеліктеріне назар аудару қажет. 2024 жылдың басындағы мәліметтерге сәйкес, Қазақстан халқының 71 пайызын қазақтар, 14,9 пайызын орыстар, ал қалған 14,1 пайызын басқа этностар құрайды. Осы үлес салмағына байланысты қазақ және орыс этносы өкілдерінің көші-қон үрдістері жалпы миграциялық көрсеткіштерге айтарлықтай әсер етеді.
Жалпы, 2012-2022 жылдары елден 358 308 адам көшіп кетсе, Қазақстанға 179 952 адам қоныс аударған. Келушілердің 57,1 пайызы қазақтар болса, кетушілердің 70,9 пайызын орыстар құрады.
Ал кейінгі екі жылда көші-қон құрылымында айтарлықтай өзгерістер байқалды. 2024 жылғы қаңтар-желтоқсанда қазақ этносына жататын келушілер саны 2022 жылмен салыстырғанда екі есеге өсіп, 7 264 адамнан 15 199 адамға жетті. Ал орыс этносына жататын кетушілер саны екі есеге азайып, 16 024 адамнан 7 912 адамға төмендеді.
Бұл өзгерістерге бірнеше фактор себеп болып отыр. Кейінгі жылдары көрші елдерден, әсіресе Қытай, Өзбекстан, Түрікменстан және Моңғолиядан этникалық қазақтардың Қазақстанға қоныс аударуы қарқын алды. Қандастардың елге келуі елдегі этникалық құрылымға ғана емес, көші-қон балансын оң көрсеткіште ұстауға да ықпал етті. Сонымен қатар Ресейдегі геосаяси жағдайдың өзгеруі, экономикалық және әлеуметтік тұрақсыздық тарихи отанына оралуды жоспарлаған орыс этносы өкілдерінің шешіміне әсер етті. Бұрынғы жылдармен салыстырғанда, Ресейге кетуге ниетті азаматтардың саны азайғаны байқалды.
Бұл үрдістің болашақта қалай өзгеретіні бірнеше маңызды факторға байланысты болмақ. Көрші елдердегі саяси тұрақсыздық пен экономикалық жағдай көші-қон динамикасына айтарлықтай әсер етеді. Қазақстанның қандастарды қолдау саясаты жалғасын тапса, елге келетін қазақтардың саны арта береді. Сондай-ақ елдегі әлеуметтік-экономикалық тұрақтылық сақталған жағдайда, халықтың көшіп кетуге деген талпынысы бәсеңдейді.
Көші-қондағы кейінгі өзгерістерге, негізінен, геосаяси жағдай мен елдегі және жалпы дүние жүзіндегі экономикалық ахуал әсер етіп отыр. Сарапшылардың сөзінше, кейінгі жаһандық өзгерістер көшіп кетуге ниетті азаматтардың жоспарын қайта қарауына әсер еткен, ал шетелге табыс табуға кететіндерді экономикалық дағдарыс пен табыс құнының төмендеуі тежеп отыр. Дегенмен асығыс әрі үзілді-кесілді тұжырым жасауға болмайды: көші-қон үрдісінің қалай өзгеретіні тек келешектің еншісінде.