Семейлік оқушының соққыға жығылуы: Мектеп директоры қызметінен кетті
Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланды.

Семей қаласындағы №9 мектепте оқушылардың өз қатарластарын аяусыз ұрып-соғу оқиғасынан кейін мектеп директоры қызметінен босатылды, деп хабарлады turkystan.kz Stan.kz ақпарат агенттігіне сілтеме жасап.
Абай облыстық білім басқармасының мәліметінше, жағдайға байланысты білім беру мекемелерінің басшылық құрамына тәрбие жұмысының нашар ұйымдастырылғаны үшін тәртіптік шаралар қолданылған.
"Тәрбие ісі жөніндегі мектеп директорларының орынбасарлары, сынып жетекшілері мен мектеп психологтары тәртіптік жауапкершілікке тартылды. №15 мектептің және Ш. Уәлиханов атындағы "Жас Ұлан" мамандандырылған ер балалар лицей-интернатының директорларына сөгіс жарияланды”, – делінген хабарламада.
Ал №9 мектептің директоры қызметінен босатылып, ал оның тәрбие ісі жөніндегі орынбасарына қатаң сөгіс жарияланған.
Дәрігерлер соққыға жығылған баланың қазіргі жағдайы туралы айтып берді
"2013 жылы туған науқасқа жабық бас-ми жарақаты диагнозы қойылды. Шүйде аймағында гематома бар. Аяқ-қолдарында көптеген тері асты гематомалары анықталды. Баланың жағдайы қанағаттанарлық. Өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Қазіргі уақытта педиатр, травматолог және невропатологтың динамикалық бақылауында", – делінген Абай облыстық денсаулық сақтау басқармасының хабарламасында.