Шай демдеп, бар жұмысты істейді: Үй шаруасын атқаратын гуманоид робот таныстырылды

Таңертең оянып, ас үйге кіргеніңізде, шай қайнап тұр. Бөлмеңіз жиналған, ал түнде кереует астына түсіп кеткен шұлықтар әлдеқашан өз орнында тұр. Бұл қиял емес – NEO 1X компаниясы таныстырған Neo Gamma гуманоид роботының мүмкіндіктері.
Жаңа буын роботтары үй шаруасындағы көмекші рөлін атқара бастады. Neo Gamma шай демдеп, үйді жинап қана қоймай, иесінің әдеттерін есте сақтай алады. Мысалы, егер сіз таңертең қою кофе ішкенді ұнатсаңыз, уақыт өте келе робот оны өздігінен дайындауды үйренеді.
Тағы бір ерекшелігі, Neo Gamma қоршаған ортаға бейімделе алады. Ол үй жануарларын қорқытпай, үлкен кісілерге есік ашу сияқты әрекеттерді жасай алады. Бұл технология роботтардың адамдардың күнделікті өміріне араласып, ыңғайлы көмекшіге айнала бастағанын көрсетеді.
Дегенмен, мұндай жаңашылдықтарға сын көзбен қарайтындар да бар. Кейбіреулер бұл технология жұмыс орындарын қысқартып, адамдардың тұрмысқа бейімделу қабілетін әлсіретуі мүмкін деп алаңдайды. Бірақ әзірге Neo Gamma тек көмекші ретінде қарастырылып отыр.