Акире Такегучи: Қазақтың 100 күйін өз бетімше үйрендім

Акире Такегучи: Қазақтың 100 күйін өз бетімше үйрендім
сурет кейіпкердің жеке мұрағатынан
277

Жуырда әлеуметтік желіде жапон музыканты Акире Такегучидің Алматының әйгілі Арбат көшесінде күй тартып отырған сәті таспаланған видеосы кеңінен тарады. Көпшілік әдепкіде оны қазақ екен деп ойласа керек. Расында, қос ішекті құйқылжыта шертіп отырған оның жапон екеніне сену қиын. Жапонияға тапсырыспен домбыра алдыртып, кейін өз бетінше 100-ге жуық күй тартуды үйренген Акире бір ай бұрын Алматыға қоныс аударыпты. Алдағы уақытта қазақ тілін үйренгісі келетін Акиреге хабарласып, 
аз-кем әңгімеге тартқан едік.

– Арбатта домбырада шебер ойна­ға­ныңа тамсанған көпшілік сені әу баста қа­зақ музыканты екен деп қалса керек. Сон­дықтан алдымен өзіңді кеңінен та­ныстыра отырсаң.

– Менің есімім – Акира. Жапония ас­та­на­сы Токионың қасында орналасқан Кава­са­ки қаласында дүниеге келдім. Музыкант­пын. Өз елімде консерваторияны тәмамда­дым. Алғашында мектепте оқып жүргенде ги­тара тартуды үйрендім. Сосын Орталық Азия елдерінің, араб елдерінің музыкасына қы­зығушылығым ауды. Жоғары сыныпта оқып жүргенімде Түркия елінің бай тари­хы­на қызыға бастадым. Олардың мықты им­пе­рия құрып, Еуропа төрінде қуатты әскери күш­тің иесі болғаны таңғалдырды. Жапония да мықты мемлекет. Екі елдің мықты им­пе­рия құру жағынан ұқсастық көп. Сондықтан ол елдің тарихын зерделеп көргім келді. Му­зыкант болған соң ол елдің музыкасымен та­нысқым келді. Ақырында бұл қызығушы­лы­ғым мені Ыстамбұлға жетелеп әкелді. Онда бес жыл тұрақтадым.

– Ұлттық аспабымыз – домбыраны ал­ғаш рет сол Түркия еліне қоныс ау­дар­ғанда көріпсіз. Ондағы жергілікті қа­зақтар таныстырды ма, әлде онда жиі кон­церт қоятын қазақстандық музы­кант­тардың өнерін тамашаладыңыз ба?

– Жоқ, маған домбыраны Анкарада ал­ғаш рет көрсеткен Түркиядағы ұстазым – Акдениз Ербаш. Ол – Қырым ноғайы. Түр­кияда танымал тұлға. Бірнеше аспапта ой­най­ды әрі Алтай әндерін керемет орындайды. Өзінің YouTube арнасында түркі елдерінің музыкасын насихаттайды. Әрі Анкара Хад­жи Байрам Вели университетінде Түркі елдерінің диалектері және әдебиеті факуль­те­тінде зерттеуші болып жұмыс істейді. Бір ерекшелігі, ол кісі жапон тілін жақсы біледі. Сол кісі бірде маған домбыраның «құдіретін» көр­сетіп, ол аспап туралы кеңінен айтып берді. Мен бірден қызыға кеттім. Оған қоса, екі ішекті әрі оны нота арқылы үйренуге бо­­латындықтан үйренуді мақсат еттім.

– Ағылшын тілін білетін домбыра­шы­лардан онлайн сабақ алып, кейін Қа­зақстанға келіп, осында бірнеше рет кон­церт берген аустралиялық, аме­ри­калық музыканттардың бірнешеуінен сұх­бат алған едік. Сен де солар секілді он­лайн сабақ алдың ба?

– Жоқ, менің жеке мұғалімім болмады. Ыстамбұлда домбыра десе, ішер асын жерге қоя­тын үлкен қазақ комьюнити бар. Ара-тұ­ра солардан үйрендім. Көбіне YouTube-қа жүк­телген видеолардан үйрендім. Сосын dombyra.art сайты жақсы көмектесті. Десе де, ол сайт қазір жабылып қалды. Алайда мен ол сайттан бес жүзге жуық нотаны жүктеп үл­гер­дім. Содан соң оны өз бетімше қайта­лап, үйреніп алдым. 

– Жеке домбыраңыз бар ма?

– Иә. 2017 жылы ebay жүйесі арқылы са­тып алып, Қазақстаннан Жапонияға ал­дырт­тым. Бағасы 100 доллар болды-ау дей­мін. Жеке аспап сатып алмасам, үйренуім қиын екенін түсіндім. Ыстамбұлға қанша аспап­пен келгенім таспаланған суретімді сізге жіберемін. Екі домбыра, әзербайжан аспабы, электр гитарасы, дарбука, бендир атты түріктердің ұлттық аспабы, әрі олардың чанг атты көне аспабы, мандолин және екі классикалық гитарамен көштім. Түркияда тұрған бес жыл ішін­де тағы да бірнеше аспап қосылды. Алайда оның бәрін кейін сатып жібердім. Тек домбыраға ғана көңіл бөлгім келді.

– Қазір қанша күй орындай аласыз?

– Жүзге жуық күй тарта аламын. Алайда но­таға қарап ойнаймын. Көп музыкант се­кіл­ді есімде сақтай алмаймын. 

– Ең сүйікті композицияңыз қай­сы­сы?

– «Аққу» күйі. Қатты ұнайды. Пандемия ке­зінде онлайн форматта өткен жарыста осы күйді тартып, жүлдегер атанғанмын. Түр­кия астанасы Анкарада Қазақстан елші­лігі ұйымдастырған жарыста да осы күйді орындап, абыроймен өнер көрсеттім.

– Дәулескер күйші Секен Тұрыс­бе­ков­пен қатты танысқыңыз келген екен. Ке­ше әлеуметтік желідегі жеке парақ­шаң­нан онымен танысып қана қоймай, бір­ге күй шертіп, ақырында ол кісінің са­ған дән риза болып тұрған сәтін бай­қа­дым. 

– Иә, кеше есте көпке дейін қалатын ке­­ре­мет кездесу болды. Мен Секен Тұрыс­бе­ков­ты домбыра тартуға қызыққаннан бері білемін. Оның Қазақстанда өте танымал тұлға екенінен хабардармын. Ол кісімен кез­десуді көптен бері армандадым. Ин­тер­неттегі видеолар арқылы үйреніп жүрген ке­зімде ол кісінің күй тартқаны таспаланған көп видеоны қайта-қайта көретінмін. Оның күй тарту стилі өзгеше. Сипаттауға сөз жет­пейді. Мен қанша үйренсем де, олай ғажап шерте алмайтын секілдімін.

– Алматыға келудегі мақсатың қан­дай?

– Алматы секілді көрікті қалада ұзақ уа­қыт тұрғым келеді. Мен бұған дейін бұл қа­лаға екі рет келгенмін. Екі ретінде де бұл қа­лаға тамсанып қайттым. Сондықтан көп мә­дениет тоғысқан бұл қалада өз мәдение­тім­мен өзгелермен алмасқым келеді. Өзге­лер­дің, соның ішінде, әлбетте қазақ мәде­ние­тін терең зерттесем деймін. Содан соң жапон тілін үйренемін деушілерге үйреткім келеді. Әл­бетте, қазақ тілін меңгеру де жоспарымда бар. Себебі домбырада ойнап қана қоймай, ол аспаптың сүйемелдеуімен айтылатын ән­дердің мағынасын түсінсем деймін.

– Әңгімеңе рахмет!

Сұхбаттасқан – 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

Серіктес жаңалықтары