Израиль түрмесінде 45 жыл отырған палестиналық бостандыққа шығуы мүмкін
Ол «Палестинадан шығып кету» шартымен босатылмақ

Израиль түрмесіндегі «Палестиналық тұтқындардың жетекшісі» лақап атымен белгілі Наиль әл-Бергуси 45 жылдық қамаудан кейін босатылады, деп хабарлайды TRT ақпараттық агенттігі.
Түркия Радио Телевизия порталының жазуынша, Наиль әл-Бергуси Израиль түрмесінде 45 жылдан астам уақытын өткізген әлемдегі ең ұзақ мерзімді саяси тұтқын ретінде Гиннестің рекордтар кітабына енген. Ол өмірінің жартысынан көбін Израиль түрмелерінде өткізгендіктен «Палестиналық тұтқындардың көшбасшысы» деген лақап атқа ие болды.
— Ол «Палестинадан шығып кету» шартымен босатылмақ. Бұған дейін Наиль жер аударылудан бас тартқан болатын, бірақ дүйсенбіден бастап бұл шешімді қабылдауға мәжбүр болды. Алайда оның нақты қай елге жіберілетіні әлі белгісіз, - деп мәлімдеді Наиль әл-Бергусидің әйелі Иман Нафи.
Наид әл-Бергуси алғаш рет 1978 жылы 19 жасында түрмеге тоғытылған және Израиль мен Хамас арасындағы тұтқын алмасу келісімі бойынша 2011 жылы ғана босатылған. Артынша ол бірнеше рет ұсталды, бірақ біраз уақыттан кейін қайтадан босатылды.
Палестиналық соңғы рет 2014 жылы 20 маусымда үш еврей қоныстанушыны өлтіруге қатысы бар деген айыппен ұсталды. 2017 жылы 22 ақпанда Израиль соты оны 18 жылға бас бостандығынан айырды.
Айта кетейік, Израиль премьер-министрі Беньямин Нетаньяху қаңтар айында бітім мен тұтқын алмасу жөніндегі мәлімдемесінде босатылатын палестиналықтардың елден шығарылатынын айтқан болатын.