Түркістанға алыстан аққу келді

Биыл қысқа қарай Түркістан облысына 500-ден астам аққу ұшып келді. Олардың көбі «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркін мекендеген.
Түркістан облысы Отырар ауданындағы Жетікөл көлдер жүйесінің суы тұзды болғандықтан бетіне мұз қата қоймайды. Мұны білген судың сұлу құстары бұл мекенді ұзақ уақыттан бері қыстау етіп келеді. Биыл айдынға 500-ден астам құс оралыпты. Олармен бірге қыстауға үйрек пен қаз да қатар келген. Қауырсындылардың бұл көлді мекендеуінің тағы бір себебі – қауіпсіздікте болса керек. Өйткені Жетікөл көлдер жүйесі «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркіне кіреді. Ал аққулардың қорғаушылары – мемлекеттік инспекторлар.
– Қазір бұл жерде 450-500 бас аққу мекен етеді. Қазан айының 15-і мен қараша айының 15-і аралығында құстар қыстауға ұшып келеді. Наурыз айында кері қайтады. Бүгінде құстардың жай-күйі жақсы, ешқандай індет жоқ, – дейді мемлекеттік инспектор Ерболат Қазыбаев.
Алайда бұл бір көл бетіндегі аққулардың саны. Мұнан бөлек Жетікөл жүйесіндегі кіші көлдерде 30-40 сұлу құстарды кездестіруге болады екен.
– Аққулар жыл сайын Оңтүстікте қыстайды. Өткен жылдармен салыстырғанда биыл келген аққулардың саны аз. Мәселен, өткен жылдары өңірге 2 000-ға жуық аққу келген болса, биыл 600-700-і ғана жүр. Қазір сұлулықтың символы саналатын құстар табиғи парк аумағында қыстап жатыр. Көпшілігі Солтүстік аймақтан келеді. Себебі Түркістанда күн жылы болғандықтан өзен-көлдердің бетіне мұз қатпайды. Олар көбіне судағы өсімдіктермен қоректенеді. Көктемде қайта ұшып кетеді, – дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылым, ақпарат және мониторинг бөлімінің меңгерушісі Нұрила Жауынбайқызы.
– Егер қыс қатты болса, олар бізден де жылы аймақтарға ауып кетеді. Қыс мезгілінің ортасына келсек те олар тұрақты түрде біздің парктің аумағын қыстап жатыр. Олардың біздің өңірімізді таңдауына бірнеше фактор әсер етеді. Біріншісі – азықтық қорларының жеткілікті болуы. Екіншісі – олардың тыныштық күйі. Парк ерекше қорғалатын аумаққа жататындықтан тыныштық күйі аққуларға жақсы әсер етері сөзсіз. Өйткені барлық су нысандары қорғауға алынған, – дейді «Сырдария-Түркістан» мемлекеттік өңірлік табиғи паркінің ғылыми қызметкері Ғани Назарбек.
Аққулар өзін қауіпсіз сезінген жерге жылда оралады деседі. Сондықтан олардың келесі жылы да осы өңірді қыстауға келуі әбден мүмкін.
А.Бимендиева