Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті

Еліміздің бизнес қоғамдастығымен өткен кездесу мемлекет пен экономиканы дамытуға үлес қосып жүрген кәсіпкерлердің мақсат-ниеті бір екенін көрсетті.

Мемлекет басшысы отандық бизнес өкілдерімен кездесті
Aqorda
Автор
Админ
232

Президент айқындаған стратегиялық міндет – экономиканы нығайту арқылы Қазақстанның өңірдегі көшбасшылық рөлін сақтау және күшейту. Мемлекет басшысының пікірінше, бұл міндет ұлттық идеяның маңызды элементіне айналуға тиіс.

Қасым-Жомарт Тоқаев қазіргі заманның басты мәселелерін шешу жолында Қазақстан жаңа көзқарастар мен тәсілдер дәуіріне қадам басқанын, ал ескірген стереотиптер өткеннің еншісінде қалғанын атап өтті. Сондықтан еліміз түбегейлі өзгеріп, жаңа жағдайға бейімделуі керек.

Президент мемлекеттің болашағы, соның ішінде өскелең ұрпақтың келешегі осы мәселенің шешіміне тікелей байланысты деп санайды. Оның айтуынша, ірі инфрақұрылымдық және өнеркәсіптік жобалар, цифрландыру мен жасанды интеллект, көлік және логистика салалары экономиканы дамытудың басым бағыттарына айналуға тиіс. Бұл ретте шағын және орта бизнесті қолдау мәселесі ұдайы Үкімет назарында болады.

Қасым-Жомарт Тоқаев алға қойылған міндеттерді шешу жолында мемлекет пен ірі кәсіпорын иелерінің арасындағы нәтижелі серіктестіктің маңызды екенін атап өтті

– Ірі бизнес болмаса, Қазақстан экономикасының әлеуетін толық ашу мүмкін емес. Бізге экономиканың дамуын жаңа деңгейге көтеру үшін инфрақұрылым, индустрия, цифрландыру және басқа да салаларда серпінді әрі ауқымды жобалар қажет. Мұны іске асыруға ірі бизнесмендердің шамасы жетеді. Сіздерде оған қажетті қаржы да, мамандар да, ең бастысы, білім мен тәжірибе де бар. Бұл ретте инвестиция салуға тартымды дәстүрлі салаларға мән беріп қана қоймай, табыс әкелетін жаңа бағыттарды қарастырған жөн. Қазіргі геосаяси жағдай мен әлемдік сауда конъюнктурасын ескерсек, көлік-логистика саласының орасан зор әлеуеті елеусіз қалып жатыр. Теміржол, автомобиль және әуе арқылы жүк тасымалына сұраныс артып келеді. Іс жүзінде, аталған сектор басымдыққа ие бола бастады. Кейбір шолушылардың айтуынша, пайдасы да мол. Болашағы зор тағы бір сала – туризм. Шетелдіктер Қазақстанның тұмса табиғатына, халқымыздың салт-дәстүрі мен тарихи мұрасына ерекше қызығушылықпен қарайды. Бірақ отандық туризмнің әлеуеті зор десек те, нақты іске келгенде бұл салада олқылықтар мен кемшіліктер көп. Сондықтан Үкімет туризмді дамытуға мейлінше көбірек инвестиция тарту үшін қосымша шараларды ұсынады, – деді Президент.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың айтуынша, еліміздегі іскерлік ахуалды жақсарту – ең басты мақсаттардың бірі.

– Квазимемлекеттік сектор субъектілерін құруға мораторий енгізілді. Реттелетін сатып алуларға бизнес өкілдері өтінім берген жағдайда, оған мемлекеттік кәсіпорындардың қатысуына заң жүзінде шектеу қойылды. Бизнесті негізсіз қыспаққа алудан және салалық органдардың заңсыз тексеруінен қорғау үшін жүйелі жұмыс қолға алынды. Қылмыстық кодекстің бес бабы ізгілендірілді. Екі бап бойынша қылмыстық жауапкершілікке тарту талаптары жоғарылады, экономикалық құқық бұзушылықтың 29 түрі бойынша тұтқындауға тыйым салынды. 2022 жылдан бері кәсіпкерлік саласында тіркелген қылмыстық істердің саны екі есе қысқарды. Бұдан бөлек, кәсіпкерлік қызметке заңсыз араласқаны үшін әкімшілік жауапкершілік күшейтілді. Инвесторларды негізсіз тексерудің, оларға айыппұл салудың алдын алып, рұқсаттама беруге кедергі келтірмес үшін «прокурор сүзгісі» енгізілді. Бүгінде прокурорлар инвестор құқығын бұзатын 700-ден аса фактіге тосқауыл қойды. Мұның бәрі бизнестің құқығы мен заңды мүддесін қорғауға зор ықпал етті, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаевтың пікірінше, тек бюджет қаржысымен экономиканы жаңғырту мүмкін емес. Аталған үдеріске банктердің бәрі атсалысқаны маңызды.

– Үкімет кредит мөлшерлемесін субсидиялау арқылы банк қаржысын тарту туралы бастама көтерді. Қаржы секторы осы міндетті орындауға белсенді қатысуға тиіс. Үкімет Кепілдік қорын құру мәселесін пысықтап жатыр. Бұдан бөлек, Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан «ұзақ мерзімге берілетін» қаржы тартылады. Бұл – жеткіліксіз. Нақты секторды кредиттеу көлемін арттыру үшін басқа да ұсыныстар қажет. Мен Үкімет отырысында Ұлттық қор ел экономикасының бір бөлшегі екенін айттым. Кейбір шолушылар, қоғам қайраткерлері Үкіметтің Ұлттық қордан жиі әрі көп қаржы алатынын айтады. Бұл – қалыптасқан ахуалға байланысты қабылданған шешім. Осыған бола «дағдарысқа тап болдық» деп байбалам салатындай себеп көріп тұрған жоқпын. Қорды не үшін құрдық? Қор қаржысы мемлекеттік маңызы бар міндеттерден өзге мақсатқа жұмсалып жатса бір жөн. Сондықтан тағы да қайталап айтамын, банктер бизнеске көмектесіп, экономиканың дамуына қаржы салуға тиіс. Дегенмен реттеушілік шаралардың қатаңдағанына қарамастан, тұтынушылық несие көлемі бұрынғыдай өсіп келеді. Былтыр аталған көрсеткіш 33 пайызға ұлғайды. Ал проблемалық борышкерлердің саны 1,5 миллион адамнан асты. Қарызға белшесінен батқан азаматтарға көмектесу керек. Бұл – аса өзекті саяси мәселе. Сонымен қатар қаржылық сауатты арттыру, әсіресе өскелең ұрпақтың осы бағыттағы білімін жетілдіру маңызды. Осы ретте банктер проблемалық займдарды қайта қаржыландыру жұмыстарын күшейтіп, борышкерлердің санын өсіруге жол бермегені жөн. Азаматтарға алаяқтық жолмен рәсімделген кредиттерге айрықша мән беру қажет, – деді Мемлекет басшысы.

Қасым-Жомарт Тоқаев мемлекет пен бизнес арасындағы қарым-қатынасты цифрландыру өзекті екеніне назар аударды. 

Президенттің айтуынша, бұл – бизнестің нарықтағы бәсекеге қабілеттілігін арттырудың ең тиімді жолы. Ал мемлекет үшін басы артық бюрократияны қысқартатын, жемқорлық тәуекелдерінің алдын алып, жалпы тиімділікті жақсартатын маңызды қадам.

Мемлекет басшысы сөзін қорытындылай келе, былтыр көктемде болған су тасқыны кезінде қаржылай қолдау көрсеткен барша кәсіпкерлерге, сондай-ақ «Қазақстан халқына» қорына жарна салған бизнес өкілдеріне алғыс айтты. Қор қаржысы денсаулық және білім беру салаларындағы өзекті әлеуметтік міндеттерді шешуге жұмсалып жатыр.

– Бүгін ашық әрі пайдалы әңгіме болды. Сөз соңында қайталап айтқым келеді: мемлекет еліміздің өндірісіне қаржы салатын, тұрақты жұмыс орындарын ашатын адал кәсіпкерлерді әрдайым қолдайды. Бәріңізді жақсы танимын. Соңғы үш жылда мемлекет пен бизнес арасындағы ықпалдастық пен өзара түсіністік айтарлықтай нығайғанын көріп отырмыз. Мемлекетке пайдамды тигізсем деген отаншылдық ұстанымдарыңызды жоғары бағалаймын. Біз реформалар жолына түстік. Елімізде жүргізіліп жатқан саяси, әлеуметтік-экономикалық өзгерістер біздің аймақта бұрын-соңды болмаған. Халық қолдамаса, бұл реформалар іске аспас еді. Қазақстанның экономикалық әлеуетін нығайтуға бағытталған стратегиямды бизнес қоғамдастықтың қуаттағанын айрықша атап өткім келеді. Үкімет немесе құқық қорғау органдары арқылы мемлекет кәсіпкерлердің заңды қызметіне ешқандай кедергі келтірмеуге тиіс. Бұл – менің мызғымас ұстанымым, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

 

Серіктес жаңалықтары