219
Банктің тәуекелі көп, түйткілі де...
Банктің тәуекелі көп, түйткілі де...
Отандық экономистер мен сарапшылардың банк секторы туралы пікірлеріне сүйенсек, банк секторының бүгінгі таңдағы экономикадағы рөлі мардымсыз. Несиелік мөлшерлеме жоғары, проблемалық несиесі көп, ұсақ коммерциялық банктер және заңды, жеке тұлғалар дилингалық операциялармен ғана айналысып, оларды тұрақты табыс көзіне айналдырып алған, валюталық бағамды жасанды түрде көтеріп отырған. Қазақстандық банк секторының шын мәніндегі түйткілдері қандай? Таяуда банк секторын сауықтыруға Президент қаулысымен тағы да 1 триллион 92 миллиард теңге бөлінді. Банк секторының ел экономикасындағы рөлі қандай еді, қандай болмақ? Осы сауалдарға жауап табу мақсатында Тұрар Рысқұлов атындағы экономикалық университеттің доценті, қаржыгер Ілияс Исаевпен сұхбаттасқан едік.
– Еліміздегі қаржы жүйесінің хал-ахуалы оңып тұрмаған сияқты, ал Дүниежүзілік сауда ұйымына мүше болғанымыз банк секторына қалай әсер етеді?
– Қазіргі таңда Қазақстанның қаржы жүйесінде екінші деңгейлі 33 банк бар. Негізгі капиталы, активтері бойынша ең жақсы көрсеткішке ие 11 банк алда келеді. Сондықтан алдыңғы орындағы банктерді жүйе құрушы банктер деп атайды. Олардың ішінде капиталы мен активтері жоғары «Қазкоммерцбанк», «Халық банкі», «Центр кредит» банкі, «Цесна» банкі, «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» және тағы басқалары бар. Биылғы жылдың ақпан айында Қазақстанда жалпы банк секторының жиынтық активтерінің көлемі – 25,2 триллион теңгеге теңелді. Ал меншікті капиталы – 2,9 триллион теңге. Екінші деңгейдегі коммерциялық банктердің депозиттерінің сомасы – 16,8 триллион теңге. Соның ішінде – 7,7 триллион теңгесі жеке азаматтардың депозиттері болса, 9,1 триллион теңге заңды тұлғалардың депозиттері. Үстіміздегі жылдың ақпан айының көрсеткіштері бойынша осы 33 банктің ішінде әлі де болса төрт банк зиян шегіп отыр. Олар Қазақстандағы «ВТБ банкінің еншілесі», «Касса Нова банкі», «Евразия» банкі және Пәкістан Ұлттық банкінің еншілес банкі.
Осы отыз үш банктің ішінде ең жоғарғы деңгейде капитализацияланған он бір банк бар. Мысалы, жиынтық активтердің 84 пайызы он бір банктің үлесінде. Несиелік портфель дегеніміз экономикаға, заңды және жеке тұлғаларға берілген несиелердің банк балансында көрсетілген сомасы. Бүкіл банк секторының несиелік портфелі – 13,2 триллион теңге десек, соның 86 пайызы осы он бір банктің үлесіне келеді. Ал меншікті капиталға келетін болсақ, барлық банктің меншікті капиталының жалпы сомасы – 2,9 триллион теңгеге тең болса, соның 77 пайызы осы жүйе құрушы банктердің үлесінде. Осындай салыстырмалы көрсеткіштерді келтіріп отырған себебім, дәл бүгінгі таңда банк капиталының консолидациясы туралы мәселе көтеріліп жатыр. Жаңа атап өткенімдей, коммерциялық банктердегі жеке тұлғалардың депозиттері 7,7 триллион теңгеге тең болатын болса, соның 93 пайызы тағы да осы он бір банктің қоржынында. Ал енді заңды тұлғалардың шоттарында жатқан депозиттердің 78 пайызы тағы да осы жүйе құрушы банктердің үлесінде. Яғни, банк секторындағы 33 банктің ішіндегі активтері, меншікті капиталы, несиелік портфелі жағынан да әрқайсысы әртүрлі.
– Отандық қаржы жүйесінің дамуына, нақты секторды қаржыландыруға не кедергі?
– Бүгінгі таңда банк секторында төрт түйткіл бар. Біріншіден, банк капиталының деңгейі өте төмен. Жүйе құрушы он бір банкпен салыстырғанда қалған банктердің капиталының мөлшері тым аз. Капиталы төмен банктер тәуекелге бармайды, тәуекелден келетін шығынды көтере алмайды. Демек, өзін-өзі ақтай алмайды. Ондай банктер ел экономикасына керек пе?
Екіншіден, банктерде түйткілді несие портфелі бар. Мысалы, ақпан айы бойынша бүкіл банк секторының несиелік портфелі – 13,2 триллион теңге десек, соның 7,2 пайызы түйткілді несие. Яғни, проблемалық несиелердің жалпы сомасы – 1,1 триллион теңгеге тең болып отыр. Әрине, осыдан бес-алты жыл бұрынғы көрсеткіштермен салыстырғанда бұл үлкен прогресс. Мысалы, 2012 жылы отандық банк секторындағы мұндай несиенің жалпы сомасы – 3 триллион 52 миллиард теңге болатын. Осымен салыстырғанда бүгінгі таңдағы көрсеткіш анағұрлым жақсы. Енді банк секторы сапалы дамудың жаңа сатысына дайын тұр. Себебі экономикада қордаланып қалған қомақты ақша массасын инвестицияға айналдыру немесе өндіріске бұру тек қана банк секторы арқылы жүзеге асады. Өйткені бізде Қор биржасы жұмыс істей алмайды. Қор биржасында корпоративтік бағалы қағаздардың үлес салмағы 0,1 пайызға тең. Шын мәнінде бізде Қор биржасы қалыптасқан жоқ. Қор биржасының 50 пайыздайы әлде де болса валюталық спекуляция.
Үшіншіден, ұсақ банктер көбейіп кеткен. Мұндай банктер өндіріске несие бере алмайды. Онда олар қалай күн көріп отыр деген сұрақ туындайды. Олар валюталық спекуляция есебінен жұмысын жүргізіп отыр. Президенттің өзі атап өткендей, бізде кейбір банктер делингалық операциямен айналысып, күн көреді екен. Мұндай делингалық операциямен айналысатын банктердің пайдасынан зияны көп. Атап айтсақ, әдейі теңгені құнсыздандырады, долларды қымбаттатып жібереді. Осылайша екі ортадан өз пайдасын ғана шығарып отырады. Бұл – ұлттық валютамыз үшін ауыр соққы.
Төртіншіден, экономикадағы дедолларизацияны жалғастыру, яғни экономиканы долларсыздандыру процесін үзбеу керек. Әсіресе, халықтың теңгеге сенімін күшейту қажет. Бүгінгі таңда долларизацияның деңгейі 70 пайыздан 55 пайызға түсті. Қазіргі депозиттердің 55 пайызы әлі де доллармен номинацияланған. Десе де бұл көрсеткіш доллардың үлесінің көптігін білдіреді. Доллардан арылу үшін, валюталық спекуляциямен күн көріп отырған ұсақ банктерге тосқауыл қою керек, халықтың теңгеге деген сенімін күшейтіп, жұртшылықтың банк секторына деген сенімін арттыру қажет.
– Әлсіз банктерді ірі банктерге қосу тәжірибесі түсінікті, бірақ ірі банктердің қосылуы нендей мақсатты көздейді?
– Банктердің меншікті капиталын көбейтудің екі жолы бар. Бірінші, банк капиталын арттыру үшін сол банктің акционерлері өз банкіне инвестиция жасауы керек. Екінші, егер инвестиция жасау банк акционерлерінің қолынан келмесе, онда біріктіру қарастырылады. Әлсіз банктерді күшті банктермен қосу керек. Соңғы кездері осыған байланысты банк капиталын ірілендіру, ірі банкке айналу мақсатында акционерлер арасында келісім жүріп жатыр. Қазақстанда қазір төрт банктің арасында осындай келіссөз жүргізілуде. Бұлардың арасындағы біріктіру процесі, келіссөзі алғашқы сатыларында. «Халық банкі» мен «Қазкоммерцбанкі», «Цесна банк» пен «Центр кредит» банкі өзара келісім жүргізуде.
Қазкоммерцбанк БТА банкті қосып алғаны белгілі. Сол кезде отандық банк секторындағы түйткілді несиенің 86 пайызы сол банктің үлесінде болатын. Кезінде БТА банкті барлық проблемалық несиелерімен бірге қосып алды да, өзі проблемалық банкке айналды. Жақында Ұлттық банк Қазкоммерцбанкке 400 миллиард теңгедей қысқа мерзімді несие берген болатын. Бұрынғы БТА банктің филиалдары республика аймақтарында кең таралған. Енді осы екі банкті біріктіріп, сауықтырып, «Халық банкіне» қосып, ең мықты банк жасап шығару көзделіп отыр. Себебі банк секторының бәсекеге қабілетін күшейту алға қойылған. Ол үшін активтері ең көп екі банктен бастап жатыр. Мысалы, осы екі банк қосылып, активтері бойынша бірінші орынға шықты. Екінші орында – «Халық банкі». «Халық банкінің» несиелік портфелінің сапасы жақсы. Осы екі банкті біріктірудің екі мақсаты бар. Бірінші, БТА банктен келген проблемалық несиеден мүлдем арылу. Екінші, банктің бәсекеге қабілеттілігін күшейтіп, капиталын арттыру. Негізгі үшінші мәселеге қазір келеміз.
Жақында Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың қаулысымен банктерге мақсатты трансферт ретінде банк секторын сауықтыруға 1 триллион 92 миллиард теңгедей ақша бөлінген. 2008 жылдары да Үкімет тарапынан банк секторына көмек көрсетіліп, 20 миллиард доллардай ақша бөлінген болатын. Кейбіреулер жеке меншік банкке триллиондаған ақша берді деп ойлайды. Жоқ, бұл олай емес. Керісінше, халықтың депозит есебінен берілген, қайтпай қалған несиенің орнын жауып жатыр. Банк несиені қайдан алып береді? Оң қолымен халықтан депозит жинаса, сол қолымен соның есебінен клиенттерге несие береді. Егер мен банкке салған ақшамның бәрін несиеге беріп, ол несие қайтпай қалып, банк маған «ақшаңыз күйіп кетті» десе мен не істеймін? Міне, мәселе осында. Қайтпай қалған несие есебінен халықтың депозитін қалпына келтіріп беруде. Дағдарыс кезінде Үкімет банктің капиталына, депозитіне, несиелік портфеліне де көмектесті. 2008 жылғы мәлімет бойынша, банк секторында халықтың 12 миллиард долларға тең депозиті жатқан екен. Ал егер сол банктерді банкротқа ұшыратып, құрдымға кетірсек, халықтың 12 миллиард долларын кім қайтарар еді?
Банк секторын Үкімет неге қолға алып жатыр? Президенттің «Үшінші жаңғырту: Жаһандық бәсекеге қабілеттілік» атты жолдауында көрсетілгендей, келешекте мемлекет экономикадан іргесін алшақтатады. Мемлекет экономикаға қатысуын азайтады. Неліктен? Мемлекеттік менеджменттің сапасы өте төмен болғанына көзіміз жетті. Қазіргі кезде миллиардтаған ақша жемқорлардың қолында кетіп жатыр. Демек мемлекеттік менеджменттің сапасы төмен, экономиканы басқара алмайды. Осыдан келе уақыт өткен сайын мемлекет экономикадағы рөлін азайтуы керек. Президент Жолдауында Жалпы ішкі өнімдегі мемлекеттің үлес салмағын ЭЫДҰ елдеріндегідей 15 пайызға дейін төмендету көзделіп отыр, керісінше шағын және орта бизнестің үлес салмағын 50 пайызға дейін көтеру керек. Экономиканы басқаруда мемлекет өзінің тиімділігін көрсете алмады. Олай болса, не істеу керек? Ақпан айындағы мәлімет бойынша, Зейнетақы қорында 6,7 триллион теңге бар, Ұлттық қорда 19 триллион теңгеден астам ақша бар, коммерциялық банктердің Ұлттық банкте әр түрлі қаржы инструменттеріне салған 2,4 триллион теңгесі бар. Осыларды қосып есептесек, 29 триллион теңгедей ақша өндіріске бағытталмай отыр. Бұл – бір. Екіншіден, экономика дамуының негізгі қаржыландыру көзі жеке меншік капитал болуы тиіс. Олай болса банк секторын оңалту бәрібір қолға алынады. Бүгінге дейін қомақты қаражат екі қор арқылы өндіріске жұмсалып келді: «Бәйтерек» холдингі мен «Самұрық-Қазына» ұлттық әл-ауқат қоры. Қазір «Самұрық-Қазына» қорының құрамындағы компаниялар сатылуда. Ұлттық әл-ауқат қоры трансформацияланып жатыр. Ұлттық қор экономиканың даму кезеңінде өзінің тарихи миссиясын орындады. Уақыт өте келе экономиканы қаржыландырудың көзі жеке меншік капитал болатын болса, ұлттық қордың керегі бар ма? Мысалы, «Самұрық-Қазына» өзінің құрамындағы 44 компанияны сатпақшы. Сол компанияларды сату есебінен келешекте 7 миллиард доллардай ақша түспек. Бұл мемлекеттің экономиканы басқарудағы үлесін азайтудың нақты көрінісі сияқты. Тағы бір мысал, 2014-2015 жылдары 36 компания сатылып, 48,9 миллиард теңге ақша түскен. Ендігі жерде жеке меншік капиталдың рөлі күшейеді. Банк секторы қордаланған қаражатты өндіріске бұратын негізгі канал болуы тиіс.
– Несиелік мөлшерлеме неге арзандамайды?
– Ақша көп болса да коммерциялық банктер нақты сектор – өндіріске несие беруге құлықсыз. Неге? Себебі тәуекел көп. Пайыздық мөлшерлеменің құрамында депозиттік сыйақы, инфляция, тәуекел сыйақысы бар. Тиімділігі жоғары, өнім беретін, өндірістік бизнес жобалар жасалып жатса, мөлшерлеме әрине төмендейді. Коммерциялық банктер мөлшерлемені өздері көбейтіп отыр. Теңгемен депозиттің мөлшерлемесін 14 пайызға көтерді, банк 14 пайызбен депозит тартқаннан кейін несиені кемінде 18-19 пайыздық мөлшерлемемен береді деген сөз. Өйткені оның үстінде банктің маржасы (банктің пайдасы) бар. Мысалы, сіз банксіз, мен сізге 14 пайызбен депозит бердім. Сол ақшаны сіз несиеге бересіз. Сіз өзіңіздің 5 пайыз пайдаңызды қосасыз, инфляция тәуекелін қосып, 20 пайызға жетеді. Егер банк ештеме қоспаса, бар тапқан-таянғанын менің депозитіме салып отырмай ма? Негізі банкті қаралай береміз, бірақ банктер де қиналып отыр. Кезінде Еуропадан 4 пайызға ақша алып, елімізде 22 пайызбен несие беріп отырды. Сөйтіп 18 пайыз маржа көрді. Қаржы капиталы өндірістік капиталдың ығында жүруі керек, ізінде тұруы тиіс. Банк несиесі өндірістік кәсіпорындардың айналым капиталының тұрақты көзі болуы тиіс.
Дедолларизация жасау үшін халықтың теңгеге сенімін күшейту керек. Ол үшін не істеу керек? Бірінші, ипотека, авто нарықта, тіпті бөлшек сауда нарығында да теңгемен баға белгілеуге көшу керек. Екінші, инфляцияны ауыздықтау қажет. Әсіресе тұтыну нарығында бағаны көтеріп жіберетін делдалдар көбейіп кеткен. Қазіргі таңда қаңтар айының соңында инфляция деңгейі – 7,9 пайызға тең болды, 2020 жылы 3-4 пайызға түсіру межесі қойылды. Бұл теңгенің тартымдылығын күшейте түсудің бір бағыты. Үшінші, банктер біріккеннен кейін үлкен ақша массасын шағын және орта өнеркәсіпке бағыттаған кезде пайыздық мөлшерлемені төмендету қарастырылады. Себебі жоғарғы пайыздық мөлшерлемемен рентабельдігі төмен кәсіпорындар жұмыс істей алмайды. Қарызын қайтара алмайды. Теңгенің тартымдылығы осылармен байланысты. Инфляциямен күресу Ұлттық банктің ғана мақсаты емес, өндірістік секторға да байланысты. ЖІӨ шағын және орта өнеркәсіптің үлес салмағын 50 пайызға көтеру үшін тұтыну нарығында отандық тауар болуы керек. Отандық тауар болса, инфляция төмен болады, баға төмен болады. Мысалы, құрылыс саласын алсақ, қазір құрылыс материалдарының барлығын өзімізде шығаратын жағдайға келе жатырмыз. Олай болса ипотека саласында баға теңгемен белгіленеді, теңгеге сенім күшейеді, теңге қолданысы артады.
– Теңге құны келешекте қалай өзгермек?
– Меніңше, келешекте теңгенің құндылығына әсер ететін екі түрлі фактор бар. Ішкі фактор және сыртқы фактор. Ішкі факторларға талдау жасасақ, былайша атап айтуға болады. Бірінші, доллардан арылу процесі жалғаса түседі. Екінші, ішкі нарық сегменттерінде жоғарыда аталғандай баға белгілеу тек теңгемен жүргізіледі. Үшінші, тұтыну нарығында импортты алмастырудың және шағын және орта өнеркәсіптің дамуының нәтижесінде отандық тауарлардың үлесі артады. Төртінші, Ұлттық банк теңгеге деген халық сенімін арттыру үшін әлі де болса күрделі шараларды жүзеге асыруы мүмкін. Бесінші, ендігі жерде Ұлттық банк валюталық бағамды қалыптастыруда валюталық спекуляцияға жол бермейді.
Сыртқы факторларға мыналар жатады. 2017 жыл жаһандық дағдарыстан шығудың алғашқы кезеңі болуы мүмкін. Себебі Халықаралық валюта қорының болжамдарына сүйенсек, мынадай мәлімет келтіруге болады. 2017 жылы дүниежүзілік экономика 3,4 пайызға өсім бермекші, Қазақстанның ЖІӨ-ін – 2,5 пайызға көбейтуге болжам жасап отыр. Ал Еуроодақ мемлекеттерінің экономикасы – 1,8 пайызға өспекші, Қытайдың экономикасы – 6,5 пайызға өседі деген болжам бар. Демек, осылардың нәтижесінде Қазақстанда өндірілетін шикізатқа сұраныс артуы мүмкін, осылайша валюталық түсім көбейіп, ішкі валюта нарығында валюталық ұсыныс түседі. Ал бұлар міндетті түрде теңгенің күшейе түсуіне ықпал етеді.
– Сұхбатыңызға рахмет!
Әңгімелескен Ақниет ОСПАНБАЙ