Қазақстан мен Қытай арасындағы қарым-қатынас жыл өткен сайын тереңдеп, нақты нәтижелермен толығып келеді.
Тек 2024 жылдың ішінде екі елдің сауда айналымы 30 млрд долларға жетіп, қазақстандық экспорт 15,8 млрд долларды құрады. Ауыл шаруашылығы өнімдері саудасы 1,4 млрд долларға өсіп, оның 1,1 млрд қазақстандық экспорт үлесіне тиді. Бұл Қытай нарығында қазақстандық тауарларға деген сенім мен сұраныстың артып келе жатқанын көрсетеді.
Ауыл шаруашылығынан бастап өңдеу өнеркәсібіне дейінгі түрлі салада ірі жобалар жүзеге асып жатыр. Қытай – еліміздің басты инвесторларының бірі, ал Қазақстан Қытайдың Еуропаға шығатын маңызды қақпасына айналып отыр. Қытай Қазақстан экономикасына 26 млрд доллардан астам инвестиция құйып, 12,8 мың жұмыс орнын құрған 63 бірлескен жобаны іске асырды. Тағы 59 жоба іске қосылу сатысында тұр.
Білім беру саласында екіжақты байланыстар қарқынды түрде дамып отыр. Қытай университеттерінде 14 мың қазақстандық студент білім алып жатыр, ал елімізде ҚХР-дың бірнеше жетекші жоғары оқу орындарының филиалдары жұмыс істей бастады. Жыл өткен сайын білім беру саласында жаңа технологияларды қолдану арқылы оқыту саласында ынтымақтастық арта бермек. Соның бірі – Қазақстан-Қытай кәсіптік техникалық колледжін ашу жоспарланып отыр.
2019 жылғы 11 қыркүйекте қабылданған мәңгілік жан-жақты стратегиялық серіктестік туралы бірлескен мәлімдеме Қазақстан мен Қытайдың өзара сенімге негізделген саяси диалогты нығайтуға және көпжақты ынтымақтастықты тереңдетуге ниетті екенін көрсетті.
Жансая НҰРАЛИЕВА,
Қоғамдық саясат институтының аға сарапшысы