ҚР Ұлттық музейінде «Жібек пен Жібек жолы: Қытайдан Қазақстанға» атты көрменің салтанатты ашылуы өтті.
Көрменің ашылу рәсіміне ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, ҚР Туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов және ҚХР Мәдениет және туризм министрі Сунь Ели бастаған Қытай делегациясы қатысты.
Бұл көрме Қазақстандағы Қытай туризмі жылының басталуына арналған іс-шаралар аясында ұйымдастырылды.
Экспозиция Қытайда жібек өнерінің пайда болуы мен дамуы туралы баяндайды, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы арқылы жүзеге асқан Шығыс пен Батыс арасындағы мәдени байланыс та көрсетілген. Көрме жібек өнерінің бай мұрасын заманауи көзқараспен қарауға мүмкіндік береді.
Көрменің мақсаты – Қазақстан мен Қытай арасындағы мәдени және туристік ынтымақтастықты нығайту, Ұлы Жібек жолының тарихи мұрасын насихаттау, сондай-ақ Қазақстан аумағындағы қытай жібек өнерінің дәстүрі мен сауда қатынасын көшілікке таныту.
Іс-шара аясында Қазақстан мен Қытайдың мәдениет министрлерінің екіжақты кездесуі өтті. Тараптар бірлескен жұмыс нәтижелерін және елдер арасындағы мәдени диалогты нығайтуға бағытталған алдағы іс-шаралар жоспарын талқылады.
Аида Балаева өз сөзінде жоғары деңгейдегі саяси диалогтың арқасында екі ел арасындағы әріптестік жаңа серпін алып, бұл салада жаңа жетістіктерге жол ашқанын атап өтті.
Мәселен, Астана мен Бейжің қалаларында бірдей мәдени орталықтар ашу жобасы аяқталуға жақын, одан бөлек БАҚ ынтымақтастығы форумы, Си Цзиньпин кітабының тұсаукесері, мемлекеттік басқару жөніндегі симпозиум ұйымдастырылды. Сонымен қатар, Ә.Қастеев атындағы мемлекеттік өнер музейінде Қытай Ұлттық музейінің шедеврлер көрмесі ашылып, «Опералия» халықаралық фестивалі аясында қытай композиторы Сянь Синхайдың 120 жылдығына арналған концерт ұйымдастырылды және басқа да бірқатар іс-шаралар өткізілді.
Кездесу соңында Аида Балаева Қазақстанның екі ел арасындағы достықты нығайтуға және ынтымақтастықты дамытуға бағытталған бірлескен көрмелер, гастрольдер, театрлық және концерттік іс-шараларды ұйымдастыруға мүдделі екенін атап өтті.