«Қазақ тілі» қоғамының конференциясы өтті

«Қазақ тілі» қоғамының конференциясы өтті

Алматыда өткен Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамының конференциясы қазақ тілінің мәртебесін арттыру және оның қолдану аясын кеңейту бағытын талқылады. 

Шараға мемлекеттік органдар мен мекемелердің тиісті мамандары, ғалымдар, қоғамдық бірлестіктердің же­текшілері, ақын-жазушылар, тіл белсенділері және зиялы қауым өкілдері қатысты. Конференцияның басты мақ­саты – қазақ тілінің болашағы мен оның даму жо­лын­дағы жаңа бастамаларды айқындауға арналған.
Конференция барысында Халықаралық «Қазақ тілі» қо­ғамының президенті Рауан Кенжеханұлы Алматы қа­лалық филиалының жаңа басшысын таныстырды. Бұл лауазымға Абай атындағы Қазақ ұлттық педагоги­ка­лық университетінің ректоры Болат Тілепов тағайын­дал­ды. Болат Тілеповтың тағайындалуы қазақ тілінің дамуына жаңа серпін беріп, оны білім беру саласында тиім­ді қолдану жолында маңызды қадам жасайды деген сенім бар.
Сондай-ақ Қызылорда облыстық филиалының бас­шысы болып Абайбек Жүнісов сайланды.  
Абайбек Жүнісов – Қызылорда аграрлық техни­ка­лық жоғары  колледжінің директоры, білім саласында ұзақ жылдардан бері аға оқытушы, бас әдіскер, про­рек­тор, ректор қызметтерін атқарған тіл жанашыры. «Бола­шақ» халықаралық бағдарламасымен АҚШ-тың Джордж Ва­шингтон университетінде  «Жоғары білім беруді бас­қарудағы көшбасшылық» бағытында тағылым­дама­дан өткен.
Халықаралық «Қазақ тілі» қоғамы өзінің тұрақты әрі ұзақмерзімді дамуын қамтамасыз ету мақсатында Qazaq Tili Endowment Qory құрылған. Қордың жинаған сомасы 500 миллион теңгеге жуықтады.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары