Ақмола облысында Орта Азияда теңдесі жоқ цех ашылды
DeLaval швед бренді ұсынған роботтандырылған сауу каруселі жүйесі 5 сағат ішінде 2000 сиырды саууға мүмкіндік береді.
Ақмола облысы сүтті мал шаруашылығында инновацияларға басымдық беріп, алдыңғы қатарлы технологияларды енгізу арқылы биік мақсаттарға қол жеткізуді жоспарлап отыр.
Целиноград ауданында Қазақстанда ғана емес, бүкіл Орталық Азияда теңдесі жоқ сауу цехының ашылу рәсімі өтті. Іс-шараға ауыл шаруашылығы вице-министрі Аманғалий Бердалин және облыс әкімінің орынбасары Мұрат Балпан қатысты.
DeLaval швед бренді ұсынған роботтандырылған сауу каруселі жүйесі 5 сағат ішінде 2000 сиырды саууға қабілетті және бір уақытта 80 сиырды қабылдай алады. Бұл жүйені бір ауысымда бар болғаны 12 қызметкер басқарады, осылайша оператордың еңбегі барынша азаяды. Сондай ақ күн сайын әр қара мал отыз литрден астам сүт берсе, бүгінде бұл көрсеткіштің рекордын 86 литр сүт берген сиыр орнатты.
Айта кету керек, кешеннің іске қосылуы – Мемлекет басшысының өңделген ауыл шаруашылығы өнімдерінің үлесін 70%-ға дейін арттыру жөніндегі тапсырмасын жүзеге асырудағы маңызды қадам.
«Біздің алдымызда сүт өнімдерін елордаға жеткізуді 50%-ға дейін арттыру міндеті тұр. Бұл үшін өңірде жаңа өндірістер құрылып, қолданыстағылары кеңейтілуде. Инвестициялық жобаларды жеңілдетілген несиелеу бағдарламасы тиімді қолдау құралына айналды», – деп атап өтті Мұрат Балпан.
Аталған шаралар Ақмола облысына тауарлық сүт өндірісін 90 мың тоннадан 130 мың тоннаға дейін ұлғайтуға мүмкіндік береді. Өз кезегінде, бұл өсім өңірге елорда тұрғындарын 50%-ға сүт өнімдерімен қамтамасыз етуге жол ашады.
Өткен жылы өңірде жалпы саны 4,9 мың бас малға арналған бес ірі сүт-тауарлы ферма құрылды. Биыл өңірде тағы 1,2 мың басқа арналған 2 ферма іске қосу жоспарлануда. Бұл – Ақмола облысының тауарлы сүт өндірісін 1,5 есеге арттырып, астаналықтарды сапалы әрі экологиялық таза өнімдермен қамтамасыз етуге бағытталған алғашқы қадамдар.