Шымкентте 20 жастағы жігіт жоғалып кеткен
Туыстары жас жігіттен қандай да бір ақпарат білетіндер болса, хабарласуды сұрайды
Шымкентте 20 жастағы Бәйдібек Ақмырзаұлы он күннен бері із-түзсіз жоғалып кетті. Соңғы рет ол қаладағы әуежайда досын шығарып салып, қоғамдық көлікке отырғаны белгілі.
Ontustik tv телеарнасының мәліметінше, ол 2025 жылғы 14 қаңтарда Түркістан облысы Ордабасы ауданынан Шымкентке жүргізуші куәлігін алуға келген. Сағат 14:37 шамасында досын әуежайдан шығарып салып, кейін 15:22-де «Қатын көпір» аялдамасы маңында бірінші ұялы телефоны өшіп қалған. 16:00 шамасында екінші телефоны да байланыссыз болған.
Жоғалған жігіт соңғы рет әкесімен WhatsApp арқылы сөйлесіп, ауылға қайтатынын айтқан. Осыдан кейін байланыс мүлдем үзілген. Жақындары оны 16 қаңтарда Тұран аудандық полиция бөліміне іздестіру туралы арызбен жүгінген.
Шымкент полиция департаментінің ресми өкілі Бағлан Исатаева бұл жағдайға қатысты түсініктеме берді.
“16 қаңтарда полицияға 2004 жылы туған азаматтың жоғалғаны туралы хабарлама түсті. Арыз тіркеліп, іздестіру жұмыстары басталды. Жоғалған адамды табу үшін департаменттің барлық күші жұмылдырылды. Іздестіру шаралары әлі де жалғасуда. Жас жігіттің денсаулығы жақсы, жат әдеттерге бой алдырмаған”, – деді ол.
Туыстары жас жігіттен қандай да бір ақпарат білетіндер болса, хабарласуды сұрайды.