СҚО-да есірткімен ұсталған әйел адам сотталды
Заңсыз айналымнан 8 келіден астам синтетикалық психотроптық зат тәркіленді
Солтүстік Қазақстанда синтетикалық есірткі таратқаны үшін 24 жастағы келіншек 11 жылға сотталды, деп хабарлады СҚО полиция департаментінің баспасөз қызметі.
Солтүстік Қазақстан облысында синтетикалық есірткіні таратқан Петропавл қаласының тұрғынына қатысты сот үкімі шықты. Келіншек өткен жылдың жазында есірткімен ұсталған.
Тінту кезінде одан таратуға дайындалған 20,95 грамм α-PVP және 23,71 грамм «мефедрон» тәркіленді. Тергеу барысында есірткілердің қаланың шетіндегі орман ішіне жасырылған жерден алынғаны анықталды. Сонымен қатар оның қолсөмкесінен жалпы салмағы 0,17 грамм болатын α-PVP салынған үш түйіншек табылды. Келіншек бұл есірткіні жеке пайдаланбақ болғанын мойындады.
Айыпталушы бұған дейін, 20 жасында, есірткіні өткізу мақсатынсыз сақтағаны үшін сотталып, жазасын өтеген. Сот оның қайталама әрекетін қауіпті рецидив ретінде танып, 11 жылға бас бостандығынан айыру туралы үкім шығарды.
Полицияның мәліметінше, 2024 жылы Солтүстік Қазақстан облысында есірткі саудасының 132 фактісі тіркелген. Заңсыз айналымнан 8 келіден астам синтетикалық психотроптық зат тәркіленді.