«Мені түрмеге отырғызғаннан үйіңді қайтара алмайсың»: Жұлдыз Әбдікәрімова тағы да алданғанын айтты
Қайрат Нұртастың әйелі баспанасына қатысты даудың әлі шешімін таппағанына қапалы.
Актриса Жұлдыз Әбдікәрімова Астана қаласы Полиция департаменті өкілдерінің алдап кеткені жайында жазды, деп хабарлады turkystan.kz.
«Жаңа жылдың алдында бірнеше рет Диляра қоңырау соқтым. Ұялымды көтермегендіктен, дыбыстық хабарлама алдым. Жолдамасында ол кешірім сұрап, эмоцияның күшімен маған қарсы пресс-конференция бергенін, барлық болып жатқан жайттарға өкінетіндігін жеткізіп, кездесу сұрады. Мен өз тарапымнан жауап бердім. Егер нақты ұсыныс болса, тыңдауға дайын екендігімді бұған дейін де жария естіртіп келгенмін. Екі тарап адвокаттарымызбен бірге кездестік. Алайда Дилярадан маған бұл жолы да мардымды ұсыныс болмады. Керісінше, мен нақты талаптарымды қайта ескерттім», – деп жазды автор.
Ал ол сол сәтте Жұлдыздан 2 күн уақыт беруін сұраған. Екі күнде барлық талаптарын орындайтынын айтқан. Осылайша тараптар келіскен.
«Бұл қаңтардың 6-күні болды. Жоспар бойынша біз 8-ші қаңтар Ішкі істер министрлігіне осы сот ісі бойынша қабылдауға жазылып қойған едік. Дилярамен кездесуден кейін маған Астана қаласының Полиция департаментінің қызметкерлерінен әр жарты сағат сайын қоңырау келе бастады. Ескерте кетейін қоңыраулар күндіз-түні болды. Ондағы талап: “Сіз Ішкі істер министрлігіне қабылдау жөніндегі өтінішіңізді кері қайтарыңыз. Біз 20-қаңтарға дейін сіздің мәселеңіз бойынша оң шешім табамыз...”- деп сендірді. Өз еркіммен емес, Полиция департаменті қызметкерінің талабы бойынша, мен министрліктегі қабылдаудан бас тарттым. Енді міне бүгінгі күнге дейін маған не Диляра, не департамент полиция қызметкері хабарласқан жоқ. Сондықтан мен ІІМ-ге қабылдауға қайта жазылдым», – деді Ж. Әбдікәрімова.
Сондай-ақ ол бұл Істегі барлық әсер етуші адамдардың аты-жөндерін, полиция департаментіндегі қызметкерлерінің тізімдерін жария ету мақсатында, үлкен ашық сұқбатқа келіскенін атап өтті.
«Дилярамен соңғы кездесуде маған айтылған пікір былай болды: «Сен мені түрмеге отырғызғаннан үйіңді қайтарып ала алмайсың!». Ескертемін: Менің мақсатым біреуді түрмеге отырғызу емес. Бар болғаны заң бойынша өзіме тиесілі үйімді қайтару ғана», – деп жазды актриса.