Маңғыстауда есірткі жарнамасымен айналысқан екі күдікті ұсталды
Маңғыстауда полиция есірткі жарнамасымен айналысқан екі күдіктіні ұстады
9 қаңтар күні Ақтауда есірткіге қарсы күрес қызметкерлері 42 және 33 жастағы екі жергілікті тұрғынды ұстады, деп хабарлады turkystan.kz.
Олар есірткі сататын Telegram-дүкендердің сілтемелері көрсетілген парақшаларды жапсырып жүрген. Сондақ-ай парақшаларда есірткіні жасырын қойып кетушілер мен курьерлерді жұмысқа шақыру туралы ұсыныс болған. Ұсталғандардың екеуі де жұмыссыз және бұған дейін есірткі айналымына байланысты бірнеше рет жауапқа тартылған.
Ұсталғандардан маркерлер, жарнамалық парақшалар тәркіленді. Сонымен қатар олардан граффити салумен айналысу туралы "оператормен" сөйлескен хаттары мен фотосуреттер сақталған телефондар алынды.
Есірткіні заңсыз жарнамалау фактісі бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды. Қажетті тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.