Моңғолияның үздік баскетболшысы – Бұлбұл
Бұлбұл Мұрат – Моңғолия ұлттық құрамасында ойнайтын баскетболшы. Моңғолияның Налайх қаласында дүниеге келген ол 18 жасында елдің басты командасына қабылданып, ұлттық құрама сапында Азия ойындарында қола медаль иеленіп, Азия чемпионатының күміс жүлдегері атанған. Құрамадағы баскетболшылармен бірге былтыр жыл соңында Моңғолияның Ұлан-Батыр қаласында өткен «Бөртэ Чоно» марапаттау салтанатында үздік спортшы атанды. Ел чемпионатында екі жыл қатарынан жеңімпаз атанған «Хасын Хүлэгүүд» клубы сапында ойнайтын Бұлбұлға хабарласып, әңгімелескен едік.
– Көпшілік баскетбол, футбол секілді командалық ойын түрлерін «қыздарға тән емес» спорт деп танып, қарсылық білдіріп жатады. Баскетболмен айналысуды енді қолға алған кезде сізге де осылай айтқандар болды ма? Жалпы, бұл спортты жаныңызға серік етуіңізге кім түрткі болды?
– Әрине, болды. Негізі, менің спортқа келуіме әкемнің қарындасы себепкер болған. Ол кісі спортпен шұғылданатын, соның ішінде баскетболды шебер ойнайтын. Кішкентай кезімде оның ойнау стиліне, допты торға лақтырғанын қатты қызығатынмын. Мен де ол секілді ойнағым келетін. Менің қызығушылығымды байқаған ол мені бір күні Налайхтағы баскетбол секциясына ертіп апарып, «Үйрен. Ойнап көр» деп ондағы бапкерге табыстап кетті. Ол кезде мен жеті жастамын. Сол күннен бастап қызығушылығым бірте-бірте арта берді. Ара-тұра Моңғолияда балалар арасында өтетін баскетбол жарыстарына қатысып, жүлдегер атанып жүрдім. Бертін келе баскетболдың ұнап қалғаны сонша, одан басқа іспен шұғылдануды елестете алмадым да. Болашағымды дәл осы спортпен байланыстырамын деген шешім қабылдадым. Ата-анама хабарласып, өз таңдауым туралы айтқанымда анам өзі спортқа жақын болғандықтан қолдады. Ал әкем «Қыз бала ойнайтын ойын ба? Қыздарға мұндай ойын ойнауға болмайды. Бет-ауызы көгеріп, жарақат алып жүреді. Бұл спортпен тамағыңды тауып жей алмайсың. Дұрысы, басқа нәрсемен шұғылдан» деп қарсылығын білдірді. Мен – жалғыз қызбын әрі үйдің кенжесімін. Екі ағам бар. Кенжесі әрі жалғыз қыз болғандықтан, әкем менің болашағыма алаңдап, басқа іспен шұғылданғанымды қалады.
– Сосын ол кісіні қалай көндірдіңіз?
– 2011 жылы Моңғолия жасөспірімдер құрамасы сапында Мәскеуге бір жарысқа бардым. Онда жүлдегер атанып келген соң, әкем бұл спорттан ризық таба алатыныма, одан қол үзбейтініме сене бастады. Содан соң «Жақсы. Жетемін деген межеңе дейін жет. Ары қарай көре жатарсың» деп ақылын айтты. Ағаларым да басында қарсы болған-тын. «Бұлай болмайды. Сабағыңды оқы. Басқа іс тауып ал» деп айтатын. Әдепкіде мені тек анам қолдады. Жоғарыда айтып өткенімдей, ол өзі спортпен айналысқан. Сондықтан үйдегілерге «Спортпен шұғылданған адам жаман болмайды, спортшылар көпке үлгі, оларда марапат да, мадақ та болады» деп айтып, ақыры көндірді. Кейін жетістікке жетіп жүргенімді байқаған ағаларым тілектерін жаудыртып, үнемі қолдап жүретін болды.
– Моңғолиядағы қандас спортшылар ондағы ұлттық құрамаға кіру қиынның қиыны, көп адам шетте қалып қоятынын айтады...
– Иә, қиын. Моңғолияда менен басқа ұлттық құрамада ойнайтын қазақ қыздары жоқ қой. Мен секілді кішкентай кезінен баскетболға әуес болғандарды да байқамадым. Мен жасөспірімдер, жастар сапында жүріп, бірнеше халықаралық жарыстарда топ жардым. Құрлықтық студенттер лигасының қола медаль иегері атандым.
2014 жылы Инчхонда өткен Жазғы Азия ойындары қарсаңында ұлттық құрамаға шақыртылдым. Онда өзімді жақсы қырымнан көрсетуге тырыстым. Алайда «Жасың кішкентай» деген соң ойынға бара алмадым. Кейін 4 жылдан соң өтетін келесі Азия ойындарына қайтсем де барамын деген мақсат қойдым. Сөйтіп, 2018 жылы Жакартада өткен Жазғы Азия ойындарына бару үшін құрама сапына қабылдануым керек болды. «Қайтсем де, құрама қатарына кіремін. Моңғол қыздар өнер көрсетіп жүр ғой. Менің олардан қай жерім кем?» деп төрт жыл тынбай еңбек еттім. Ақыры дегеніме жеттім. Өкініштісі сол, 2018 жылы әкем дүние салды. Менің бар арманым әкемнің атын әйгілеу еді. Азия ойындары секілді ірі халықаралық жарыста ойнағанымды көрсе деп едім. Жакартада ойнау осы жағынан қиынға соқты. Дегенмен бар өнерімізді ортаға салып, намысқа тырысып, ол ойында қола жүлдегер атандық. Кейін Ханчжоуда өткен Азия ойындарында күміс алдық. Одан бөлек Әлем кубоктерінде топ жарып, жүлдегерлер қатарынан көріндік.
– Клубтық деңгейде де жақсы өнер көрсетіп жүр екенсіз. Сіз ойнайтын «Хасын Хүлэгүүд» клубы кейінгі екі жылда ешкімге дес бермей, екі рет ел чемпионы атанған екен.
– Иә, «Хасын Хүлэгүүд» – Моңғолиядағы ең үлкен клубтың бірі. Моңғолиядағы әр баскетболшы қыз ол клуб сапында ойнауды армандайды десем, артық айтпаймын. Басқа клубта ойнап жатқандар да біздің командада ойнағысы келеді. Біз Моңғолия лигасында 2022 жылы 2-орын алсақ, 2023, 2024 жылдары қарсылас шақ келтірмей чемпион атандық.
– Қазақстанға келіп көргенсіз бе?
– Жоқ. Қолым жетпей жүр (күліп). Біздегі баскетболшылар Қазақстанда жарыстарға барған-тын. Бірақ ол кезде мен ұлттық құрама сапында болмаған едім. Алла қаласа, биыл барсам ба деп жүрмін. Қазақстанға табаным тимесе де, онда болып жатқан жаңалықтардан хабардар болып жүремін. Қазақ тілін ұмытпау үшін қазақ әуендерін жиі тыңдаймын. Әсіресе, Ерке Есмахан, Райым, Тұрар мен Мирастардың жанкүйерімін.
– Қазақстандық спортшыларының аяқ алысын бақылайсыз ба?
– Былтыр Парижде Олимпиада чемпионы атанған Елдос Сметовтың аяқ алысын бақылаймын. Жарыстарда Қазақстан құрамасын жиі көремін ғой. Байқағаным, баскетбол құрамасында орыстар көп ойнайды екен. Арасында қазақтарды көріп қалсам, қасына жақындап амандасамын. «Ой, сен қазақсың ба?» деп таңғалады. Ал Моңғолия ішінде көпшілік мені қазақ емес деп ойлайды. Өзім барып амандассам ғана сенеді. Одан бөлек, аренада Мұрат Бұлбұл деп аты-жөнімді атағанымда көпшілік ойын соңынан кейін келіп хал сұрасады.
– Үш апта бұрын Моңғолияда спортшыларды марапаттаған кеште сіз өнер көрсететін баскетбол құрамасы үздік атанды. Өткен жыл сіз үшін жемісті жыл атанды деуге болады екен ғой.
– Иә, Аллаға шүкір деймін. Мен Моңғолияның 5х5, 3х3 ұлттық құрамасында ойнаймын. 3х3 жүйесі бойынша ойнайтын құрама ел ішінде үздік деп танылды. Алдағы мақсат та сол. Ұлттық құрама сапында абыроймен өнер көрсетуді жалғастыра бергім келеді. Одан бөлек, клубтастарыммен бірге биыл тағы да чемпион атануды көздеп отырмыз.
– Әңгімеңізге рахмет! Дегеніңізге жетіңіз!