Сен неткен жұмбақ едің, келер ұрпақ?!
«В» ұрпақ деген кімдер, олардың ерекшелігі қандай?
2025-2039 жылдар аралығында туған балалар бета (В) буынының өкілі болады. Олар 2010-2024 жылы аралығында дүниеге келген Альфа буынының орнын басады. Бұл туралы футуролог Марк Маккриндл өзінің әлеуметтік зерттеуіне сүйеніп мәлімдеді.
Марк Маккриндлдың сөзінше, 2035 жылға қарай «В» буыны әлем халқының 16 пайызын құрайды, олар жасанды интеллект басқаратын әлемде өмір сүреді.
– Бета буыны жасанды интеллект пен автоматтандыру білім мен жұмыс орнынан бастап денсаулық сақтау мен ойын-сауыққа дейін күнделікті өмірге толығымен кіріктірілген дәуірде өмір сүреді, – деп түсіндірді зерттеуші.
Жалпы, біз буын алмасу үдерісіне қатты мән бермейміз. Тарихта орын алған оқиғаларға байланысты әр буынды бөлек-бөлек ерекшелеуге болады. Әлеуметтанушылар мұндай құбылыс 15-30 жылда қайталанып отыратынын айтады. Яғни, әрбір буынға жаңа көзқарас пен құндылық жиынтығы сай келеді. Мәселен, 1901-1924 жылы туғандарды «жеңімпаз ұрпақ» деп атайды.
1925-1945 жылдар аралығындағыны «үнсіз ұрпаққа» жатқызады. Бұл буынның құндылығы пайда болуына ХХ ғасырдағы ашаршылық, қуғын-сүргін, соғыс және тағы басқа оқиға әсер еткені анық. Олар ережені сақтау, заңға бағыну, лауазым иесіне деген құрмет, шыдамдылық пен төзімділік қасиетімен ерекшеленеді.
1946-1964 жылы туғандарды «бэби бумер» буынына қосады. Бұл кезең адамның ғарышқа ұшуы, медицинаның жақсаруы, ғылымның дамуы, білім беру жүйесінде жаңа сапаға ие болуымен ерекшеленеді. Тарихи оқиғаның әсерінен болар, «бэби бумерлер» оптимистік көзқараста болып, карьераға құштарлық танытты. Дәл осы кезеңде адамның өмір сүру деңгейін жаңа сатыға көтерген ғылыми-технологиялық прогресс орын алды.
1964-1980 жылғы «Х» ұрпаққа қырғи-қабақ соғыс, қоғамдағы қайта құру мен жариялылық жағдайы әсер етіп, өзгерістерге дайын болуға, білім алу құштарлығына, өзіне сенуге, гендерлік теңдікті талап етуімен айқындалды. Қазір бұл буындағылар ата-әже жасында. Олар өздерінен кейінгі буынға сын көзқараспен қарап, қоғамдағы өзгерістерге көңілі тола бермейтінін білдіреді.
1981-1995 жылы «Y» ұрпақтың сана-сезімі қалыптасуына сандық технологияның дамуы, ұялы телефон мен интернеттің игілігі оң әсер етті. Олар бірден пайда көруді, бірден табысқа ие болуды мақсұттайды. «Ветаның» ата-аналары осы буынға жатады.
1995-2010 жылы «Z» ұрпақ қауіпсіздік мәселесіне ерекше көңіл бөліп, қалыптасқан ереже мен заңдарды сақтауға бейім. Олар виртуалды өмір құндылығына басымдық береді. 2010 жылдан кейін туғандар «А» ұрпаққа жатады. Альфа буын құндылықтары енді ғана қалыптасып келеді.
Бізге маңыздысы – «Z», «А» және «В» буынның көзқарасы мен қабілеті, танымы мен талабын зерделеу. Әлеуметтанушы Зейнеп Әбетованың сөзінше, бұл буынға интернет пен онлайн кеңістік мекендеу ортасы болса, оның қоғамы – цифрлық қоғам.
– Өмірінің көп бөлігін интернетте өткізеді. Желіде және одан тыс өмір арасында айырмашылық болмайды. Бұл гибридтік өмір технологиясымен бірлесе отырып, ұрпақтың барлық қажетін қанағаттандырады, өзін көрсетуге және қажетті ақпаратты алуға мүмкіндік береді. Олардың бір-бірімен араласуы чат арқылы дамиды. Цифрлық гаджеттер (планшет, смартфон, компьютер) олардың денесінің және жеке тұлғасының бір бөлігі, қоршаған әлемді қабылдау тәсілі, басқалармен тұрақты байланыс құралына айналады. Тіпті, олар ұйықтаған кездің өзінде хабарлар фондық режимде келіп тұрады, – деді ғалым Зейнеп Әбетова.
Көрдіңіз бе, бүгінгі ата-аналар «Х» және «Y»-ға жатады десек, «Z» және «А» буындағы «цифрлы ұрпақтың» өмірді тану деңгейі екі түрлі. Ал «В» буының түсінігі мүлде басқа болуы мүмкін. Олар төртінші өнеркәсіптік революция – қоғамның барлық саласы интеллектуалды жүйемен басқарылатын, толықтай автоматтандырылған цифрлық өндіріске өткен уақытқа сәйкес келеді. Сарапшылар әлем елдері жаңғырып-жаңаратын кезеңнің алдында тұрғанын құптайды. Бұрынғы буындардың көзқарасы әртүрлі болғанмен, бір-бірімен үндесе дамыды. Ал қарқынды дамыған цифрлық технология «іштен біліп туған» буын мен алдыңғы толқынның аражігін айқын ажыратып тастады. Міне, әке мен бала арасындағы түсінбеушілік осы жерден туындап отырғаны анық.
– «Z» және «А» ұрпағының көзқарасы әлеуметтік желі арқылы қалыптасады. Интернет және әлеуметтік желі – цифрлық ұрпақтың жаңа әлеуметтік тәжірибесі, іс-әрекетінің формасы мен дағдысы пайда болатын кеңістік. Жаңа ұрпақ өзінің мүддесі, құндылығы, ойын тәжірибесі, сезімі мен тілегі, жаңа технологиялармен туған өмір салты арқылы қоғамды өзгертеді. Интернет – ақпарат берудің жаңа құралы ғана емес, сондай-ақ ол өмір сүрудің жаңа тәсілі, онда кеңістік пен уақыт маңызды емес, ал әлем біртұтас виртуалды киберкеңістікке қосылды. Онда әркім кез келген адаммен, кез келген жерде сөйлесе алады, – дейді әлеуметтанушы-ғалым Зейнеп Төлегенқызы.
«В» буынының түсінігі, көзқарасы мүлде басқа болады. Әлеуметтанушы Джейсон Дорсидің сөзінше, олармен ортақ тіл табысу қиындайды.
Әлемде апта сайын 2,5 миллионнан астам альфа сәби дүниеге келеді. Бұл буынның соңғы өкілі дүниеге келгенде (2025 жылы), олардың саны 2 миллиардқа жуықтайды екен. Біз альфа ұрпақты толық зерттей алмай отырғанда, веталарды қалай танимыз? Бір білетініміз, технологияға бейімделіп ғана қоймай, олардың күнделікті өмірінде ақылды үйлер, AI-мен жұмыс істейтін құралдар және виртуалды шындық ажырамас аспектісіне айналады.
Бұл сұраққа психолог Назира Аймаханова былай жауап берді: «Альфа және Вета буынның өміріне цифрлы технологияның әсері орасан зор болатыны қазірдің өзінде белгілі. Жасанды интеллект, робот және «ақылды» ойыншықпен әрекеттесу арқылы өсіп, жетіледі. «Z» үшін әлеуметтік желі құрал болса, «А» үшін тұрақты өмір салты болады. Яғни, интернет кеңістігінде өмір сүру қалыпты жағдайға айналады».
«А» ұрпақтың бір ерекшелігі – олар қаржылық жағынан қауіпсіз әрі технология жетілген заманның тұрғыны. Олардың білім алуында интерактивті дербестендірілген бағдарлама мен заманауи оқыту әдісі керек болады, өйткені білім берудің өзі де, адамдардың ақпаратты қабылдауы да өзгереді. Жаһандық тенденцияларға қарағанда, оқушылардың көбі онлайн оқуға көшеді. Крэнфилд университетінің профессоры Джо Неллис альфа буын төртінші өнеркәсіптік революцияны іске асыратынын айтады.
Ғылыми айналымға альфа ұғымын енгізген әлеуметтанушы Марк Маккриндл келешекте бетадан кейін гамма ұрпағы келетінін дәйектеді.
Бізге маңыздысы, «Z» буын еңбекке араласып, өзінің көзқарасы мен талабын таныта бастаса, «А» ұрпақ енді қалыптасып, дамуда. Олардың көбі виртуалды өмірді басымдық еткенін ескерсек, келешекте жұмыс күші қысқарып, еңбек нарығында жетіспеушілік орын алатыны сөзсіз. Осы бастан альфа және бета ұрпақтың ырқына көніп, технологияны дамыту керек, болмаса жас буынның бойына еңбек құндылығын сіңіру міндеті тұр.
Қысқасы, келешекті ойлағанда әр буынның ерекшелігін, өмірге деген көзқарасын ескеріп, стратегиялық жоспарды құру маңызды. Онсыз мақсат негізсіз, мұрат мәнсіз болады.
Нұрлат БАЙГЕНЖЕ