Марат Қаскеев: Теміржолда темірдей тәртіп болуы керек
Жалпы, жолшы мамандығы – жолдарды жобалау, салу, жөндеу және қызмет көрсету саласына қатысты инженерлік мамандық. Бұл мамандық көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарады, себебі ол халық пен оған қажетті тауар түрлерінің қауіпсіз әрі тиімді тасымалдануын қамтамасыз етеді.
Еліміз тәуелсіздігін алып, етек-жеңін жинап, шекарасын қымтап жатқан тұста алыстағы ауылдардағы тіршілік тұралап, халық екі қолға бір күрек табу үшін қалаға қарай ағыла бастады. Елорда Алматының баурайынан Сарыарқаның төсіне қоныс аударған сәтте бас қалаға арман қуып келгендердің арасында Марат Қуанышбекұлы мен жары да болды.
Ауылда әскерден кейін зоотехник болып жұмыс істеп жүрген Марат мал шаруашылығының «базары қайтып, тойы тарқай» бастаған тұста көп ойланбастан жарымен бірге бас қалаға тартып отырды. Сол кезде қайда тұрамын, не тамақ жеймін, жұмысты қайдан табамын деген сұрақтар да көп ойландырмады. Бастысы, үлкен қалаға жетіп алу, қолдан келер жұмыстың біріне жабысып, айырылмау. Алайда кейіпкеріміздің жолы болды. Келе сала теміржол саласына жол жөндеуші болып 1998 жылғы 1 желтоқсаннан бастап «Сороковая станцияда» жұмыс істейді. Міне, биыл осы жерде үзбей жұмыс істеп жатқанына да 28 жыл толады екен.
Марат алғашында жұмыстың тез табыла кеткеніне қуанғанымен, жауапкершілігінің де зор екенін сезініп үлгерді. Өйткені теміржолда әр секунд, минут бағалы. Ылғи жастар жиналған ұжымда күнде думан, күнде той болып жататын, білмегенін бірінен-бірі үйреніп, тапсырылған жұмысты тез арада еңсеріп тастайтын. Жұмыла көтерген жүк жеңіл екенін білетін жастар жұмыстың қиындығынан, аптап ыстық пен үскірік аяздан қайтпай еңбектенді.
– Сонау 1999-2000 жылдары теміржолшылардың жұмысы оңай болмады. Өйткені ол кезде қазіргідей техника жоқ, технология дамымаған. Тек қол еңбегін қажет етеді. Шпал, рельстерді қолмен ауыстырамыз. Негізі, шпалға «қызмет көрсету» – монтерлардың міндеті. Кіл жастар болғандықтан, осы жұмыстың қиындығын да аса сезінбеппіз. Бірде мынадай бір қызық оқиға болды. Бізде қысы-жазы аптасына 3 рет тексеру жұмысы жүреді. Бір күні ауа райы 25 градустан төмендеген кезде пойыздың астында 6 болт, 4 болт тұратын жері болады, солардың сынғанын көрдік. Сонда серігім екеуміз болтты бір типке төмен алып, азынаған жел мен ысқырған аязға қарамастан жұмысты екі сағатта істеп, пойыздың жүріп кеткеніне мәз болғанымыз бар. Өзіміздің тоңғанымыз, қарнымыздың ашқанынан бұрын жұмысты абыроймен атқарғанымыз өзімізге ерекше қуаныш сыйлады. Қарап отырсақ, тәжірибе деген де уақытпен, жылдармен бірге келеді екен ғой, – деп еске алды Марат аға.
Қандай салада болсын уақытылы білім алу, оқу, тәжірибеңді шыңдау, біліктілігіңді арттыру артықтық етпейді. Марат Қуанышбекұлы да 2008 жылы Қазақ қатынас жолдары университетіне темір жол құрылысы, жол және жол шаруашылығы мамандығына оқуға түсіп, 2012 жылы бітіріп шығады. Әр сәттің маңыздылығын сезіне жүріп, жұмысын жауапты әрі тыңғылықты атқарғандықтан Марат ағамыз жылдар өте келе жинаған тәжірибесінің арқасында инженер-технолог дәрежесіне көтеріледі.
Жалпы, жолшы мамандығы – жолдарды жобалау, салу, жөндеу және қызмет көрсету саласына қатысты инженерлік мамандық. Бұл мамандық көлік инфрақұрылымын дамытуда маңызды рөл атқарады, себебі ол халық пен оған қажетті тауар түрлерінің қауіпсіз әрі тиімді тасымалдануын қамтамасыз етеді. Олардың негізгі міндеттеріне жолдарды жобалау, жолдардың орналасу сызбаларын жасау, құрылыс материалдарын таңдау, қауіпсіздік талаптарына сәйкес жобалау, жол төсемін салу, инженерлік құрылымдарды (көпірлер, туннельдер) орнату, жол салуда жер бедерін ескеру, жол жабынын жөндеу, құрылымдардың беріктігін тексеру, қысқы және жазғы жол күтімін ұйымдастыру, жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, жол белгілерін орналастыру, қозғалысты басқару жүйелерін енгізу кіреді.
Осынша қыруар қара жұмысты атқару үшін адамның инженерия, құрылыс саласынан хабары болғаны жақсы. Геодезия және топография негіздерін, құрылыс материалдары туралы терең білсе және қауіпсіздік техникасы мен экологиялық нормаларды сақтаса, одан асқан жолшы маманы болмайды.
Жолшы мамандығының өкілдері жолдардың сапалы әрі ұзақмерзімді болуын қамтамасыз етеді. Бұл мамандық, әсіресе, экономикасы дамып келе жатқан елдерде жоғары сұранысқа ие, себебі сапалы жолдар – экономикалық өсім мен аймақтық интеграцияның негізі.
– Біздің басты міндетіміз – қауіпсіздікке жауап беру. Бригадир берген жұмысты тиянақты атқару керек. Онсыз болмайды. Сондай-ақ жолдың сапасы пойыздың жылдамдығына сай болуы керек. Біз осы мақсатта жазда жолды жөндейміз, қыста қардан тазалаймыз. 2000 жылдармен салыстырғанда еліміздің жағдайы жақсы. Қазір көбінде ауыр жұмысты техника атқарады. Осыған тәуба дейміз, өйткені біз мұнан да қиын күндерді бастан өткерген болатынбыз. Сол кездерде ың-шыңсыз өз ісімізді атқардық. Қазір сол күндерді қызыға еске аламыз. Ол қиын сәттер бізге өмірде ақшаға да сатып ала алмайтын үлкен тәжірибе берді, – деді тәжірибелі маман.
Жолшының міндеттері оның қызмет саласына қарай кеңейіп немесе нақты шектелуі мүмкін. Мысалы, жол инженері жобалау және техникалық бақылауға көбірек назар аударады, ал жол жұмысшысы құрылыс немесе жөндеу жұмыстарына тікелей қатысады. Мәселен, қыс айларында пойыздың жолдан шығып кететін кездерін жиі естіп жатамыз. Мұндай жағдайда жолаушыларға ең бірінші көмек қолын созатын – осы жолшылар.
Пойыз жолдан шығып кеткен жағдайда жолшы (немесе теміржол қызметкері) арнайы бекітілген төтенше жағдайлар жоспарына сәйкес әрекет етеді. Бұл жағдайда олардың негізгі міндеті – жағдайды тез арада бақылауға алып, пойыз қозғалысының қауіпсіздігін қалпына келтіру. Жолшы ең алдымен төтенше жағдай туралы дереу диспетчерге және басшылыққа хабарлайды. Апат болған жерге көмек көрсетуге қажетті мамандар мен техникаларды шақырады. Апат орнын қауіпсіздендіру мақсатында қозғалысты тоқтату үшін пойыз жолдарына дабыл белгілерін (қызыл жалау, жарық сигналдары) орнатып шығады. Сондай-ақ жолаушылардың немесе қызметкерлердің жарақат алу қаупін азайту шараларын ұйымдастырады. Кейін барып техникалық құралдардың көмегімен электр тоғы немесе басқа да қауіпті факторларды өшіреді. Біз жоғарыда атаған міндеттерден бөлек апат болған жердің жағдайын тексеріп, теміржолдың бүліну деңгейін анықтап, жөндеу жұмыстарының қанша уақыт алатынын бағалайды. Жолаушылар мен экипаждың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін жарақат алғандарға алғашқы медициналық көмек береді, жолаушыларды эвакуациялау және қауіпсіз жерге орналастыруға атсалысады, сонымен қатар апатты жою шараларын ұйымдастырады.
Алайда бүгінде біз жолшы мамандарының қатарынан жастарды сирек байқаймыз. Оған себеп те жоқ емес. Жол салу немесе жөндеу жұмыстары кейде қиын физикалық еңбекті және дала жағдайында жұмыс істеуді талап етеді. Сондықтан да жастар бұл мамандықты қиынсынады. Кейде жолшылар алыс аудандарда, далада немесе қиын ауа райы жағдайында жұмыс істеуге мәжбүр болады. Одан бөлек, жолшы қарапайым мамандық болғанына қарамастан терең білімді қажет етеді. Инженерлік және құрылыс саласындағы білімді меңгеру уақыт пен күш-жігерді қажет етеді. Сондай-ақ жасыратыны жоқ, жолшы мамандарына деген қоғамдық таным да төмен.
Қиындықтарға қарамастан жолшы мамандығына қызығушылықты арттыратын себептер де жетерлік. Жолдар мен көлік инфрақұрылымын дамыту – ел экономикасының негізі. Бұл жұмыс әрдайым қажет және тұрақты сұранысқа ие. Теміржолдың осы саласында жұмыс істеген жастар инженерлік, құрылыс, логистика және көлік салаларына ауыса алады. Құрылыс және жол саласында тәжірибелі мамандар жақсы табыс табады. Жолшыдан жоғары инженерлік лауазымдарға дейін өсуге мүмкіндік бар. Сонымен қатар заманауи технологиялар мен автоматтандыру процестерінің енгізілуі мамандықты қызықты әрі инновациялық тұрғыдан біраз жеңілдетті.
– Теміржол саласы жартылай әскери сала болғандықтан, барлық жағдайға дайын болуымыз керек. Жалпы, оңай жұмыс өте аз және әр жұмыстың өзінің қиындығы болады. Бірақ сол қиындықты еңсеріп, соңыра неге бұлай болғанына талдау жасау керек. Өйткені біз жолаушылардың қауіпсіздігіне тікелей жауап береміз. Пойыз кестеде белгіленген уақыттан кешікпей, жолаушылар діттеген жеріне уақытылы жетуі керек. Соңғы жылдары Қазақстан теміржолы салған тармақтар көбейіп, транзит 3-4 есе артты. Қазақстанның географиялық орналасуының өзі өте жайлы. Қытай, Ресей, Еуропаға транзит көбейсе, ақша түседі, ақша түссе қазына молаяды. Жыл өткен сайын жолдың көптеп салынуы көңіл қуантады. Бұл қарапайым халықтың жағдайын жақсартады. Доңғалақ қалай айналады, солай ақша табамыз деген бар ғой. Транзиттің арқасында жалақы көтеріліп, теміржолшылардың жағдайлары да жақсарады. Мен өзім теміржол саласында жұмыс істейтіндерді нағыз патриоттар деймін. Мынадай техника мен технология дамыған заманда әлі де қол еңбегін қажет ететін жолшы, монтер мамандығын таңдап жатқан жастар болашақта өздеріне мол тәжірибе жинайды, – деп қорытты сөзін кейіпкеріміз Марат Қуанышбекұлы.
Теміржол саласында тұрақтылық бар. Бұл жалақы жағынан да маңызды. Тәртіп бар. Тәртіп болған жерде жұмыс жүйелі, жақсы жүреді. Сондықтан теміржолдың бойынан нанын тауып жеп, отбасын асырап жүрген мамандарды шынында да нағыз патриоттар дер едік.