Талдықорғанда тұрғын үйде газ жарылып, 7 адам зардап шекті
52 жастағы бір науқас алған жарақаттарынан қайтыс болған
31 желтоқсанға қараған түні Талдықорған қаласында екі қабатты тұрғын үйде табиғи газ жарылып, қайғылы оқиға болды.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, сағат 07:20 шамасында ауруханаларға жарақат алған 7 адам жеткізілген. Оның екеуі облыстық ауруханаға, Талдықорған қалалық көпсалалы ауруханаға 3 адам, облыстық балалар ауруханасына 2 адам түсті.
Қазіргі таңда төрт науқастың жағдайы тұрақталып, олар травматология бөліміне ауыстырылды. Ал екі науқас жансақтау бөлімінде жатыр, олардың жағдайы өте ауыр деп бағалануда.
Ал 52 жастағы бір науқас алған жарақаттарынан қайтыс болған.
Жетісу облыстық полиция департаменті тұтынушылардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіретін қызмет көрсету немесе жұмыс істеу фактісі бойынша қылмыстық іс қозғады.
“Тергеу заңнамаға сәйкес жүргізіліп жатыр. Бұл іс департамент басшылығының ерекше бақылауына алынды. Тергеу барысы туралы қосымша ақпарат жарияланбайды,” – деп хабарлады полиция департаменті.