Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов тағы қамауға алынды

/
Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов тағы қамауға алынды
Әлеуметтік желіден

Рио Олимпиадасының чемпионы Данияр Елеусінов Алматы әуежайында ұшақтан өз бетінше шығып, перронға жүгіргені үшін 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды, деп хабарлайды turkystan.kz көліктегі полиция департаментінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап 

Оқиға 25 қыркүйекте Алматы — Астана бағытындағы рейске жолаушыларды отырғызып жатқан кезде болған. Ер адам әуе кемесінен өз бетінше шығып, перронға жүгіріп кеткен. Осылайша, ол авиациялық қауіпсіздік талаптарын бұзған.

Осыған байланысты жолаушылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ұшақтағы барлық жолаушы сыртқа шығарылып, тиісті рәсімдер жүргізілді. Соның салдарынан рейстің ұшуы кейінге шегерілді.

Медициналық куәландыру нәтижесінде ер адамның жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болғаны анықталды. Тексеру қорытындысы бойынша ол Әкімшілік құқықбұзушылық туралы кодекстің 5-бабы бойынша әкімшілік жауапқа тартылды, — деп хабарлады Көліктегі полиция департаменті.

Атап айтқанда, спортшы қоғамдық орында масаң күйде болғаны, тыйым салынған жерде темекі шеккені, ұшу қауіпсіздігі талаптарын және әуе кемесінің бортындағы тәртіп ережелерін бұзғаны үшін және ұсақ бұзақылық жасағаны үшін жауапқа тартылды.

Сот шешімімен Данияр Елеусінов 10 тәулікке әкімшілік қамаққа алынды.

Департамент адамның мәртебесі, танымалдығы немесе бұрынғы еңбегі оны жауапкершіліктен босатпайтынын атап өтті. Заң талаптары бәріне ортақ.

Бөлісу:

Серіктес жаңалықтары


Жаңалықтар