«Екінші мұнайдан» енші аламыз ба?

«Екінші мұнайдан» енші аламыз ба?
сурет: istockphoto.com
1211

Кейінгі 10 жылда дүние жүзінде литийге деген сұраныс күрт өсті. Оны тіпті «жаңа заманның мұнайы» деп те атап жүр. Сұраныстың артуы, әрине, литий бағасының бірнеше есе өсуіне, осы салаға көп мөлшерде инвестиция құйылуына ықпал етті. Тапшылық туындай қалса, жаңа экономиканың кей салаларында – электр көліктерін өндіруде, таза энергияда, ақпарат технологиялары мен телекоммуникацияда дағдарыс болады деген болжамдар да айтыла бастады.

Биыл бірқатар елдермен өткен бизнес-форумдарда Қазақстанның осы саладағы әлеуеті, соның ішінде инвестиция тартуға байланысты ұсыныстар мен бастамалар талқыланған болатын. 
Сонымен, «жаңа заманның мұнайын» ұсынудағы мүмкіндігіміз қандай, әлем бойынша нарықтағы ахуал ше?

Жаңа заман мұнайы

Литий – атом нөмірі 3 және атом массасы 6,94 болатын элемент, сілті металдарына жатады. Оңай иондалып, тотығады, жоғары химиялық белсенділігіне байланысты таби­ғатта таза күйінде өте аз кездеседі. Негізі, күміс тәрізді жыл­тыр металл, бірақ ауада тотығып, тез күңгірттенеді. 
Сондай-ақ ол – ең жеңіл металл, тығыздығы бойынша су­дан шамамен 2 есе, ал алюминийден 5 еседен астам жеңіл. Бөлме температурасында қатты фазада болатын химиялық эле­менттер арасында литий ең төменгі механикалық берік­тікке ие: оны пышақпен кесуге болады. Басқа металдармен салыс­тырғанда ең жоғары меншікті жылу сыйымдылыққа ие, өзінің элементтер тобында ең жоғары балқу және қайнау температураларымен ерекшеленеді. 

Бұл металдың қолданыс аясы өте кең. Металлургияда литий кейбір ме­талдарды алу үшін және олардың са­па­сын жақсарту мақсатында қорыт­па­лар­ға қоспа ретінде қолданылады. Сон­дай-ақ химиялық энергия жинақ­та­ғыш­та­рына, керамика мен шыны өндірісінде, ме­таллургияда, құрылыста кәдеге жа­рай­ды. Дөңгелек, майлау материалдары, аг­ро­­­­химия, дәрі-дәрмек, хош иістен­дір­гіш­тер, термопаралар, пиротехника, жа­рық­тан­дыру құралдары, радиоэлектроника ж­әне оптика, зымыран отыны өндірісінде пай­даланылады. Одан бөлек, лазер тех­ни­касында, ақау анықтауда, өнеркәсіпте ауа­ны кондиционерлеу жүйесінде отте­гі­ні тазалау және қалпына келтіру құ­рыл­ғыларында, газдарды кептіруде, сондай-ақ медицина мен атом өнеркәсібінде қол­данылады.
Литий нарығындағы ірі сегмент – ар­найы шынылар, ыстыққа төзімді және бе­рік керамика өндірісі. Сондай-ақ литий тұз­дары психикалық ауытқулары бар нау­қастардың хал-жағдайын тұрақ­тан­дыру үшін бұрыннан бері қолданылып келеді.
Ал қазір литий аккумулятор өнді­рі­сіне, ең алдымен, электркөліктерде, ста­цио­нарлық энергия жинақтағыштарда, сон­­дай-ақ компьютер және теле­ком­му­ни­кация техникаларына арналған ық­шам ток көздерінде қолданылатын ли­тий-ион аккумуляторларын өндіруге қа­жет. 
Бұл салада литийдің кеңінен пай­да­ланылуы оның энергия сақтау техно­ло­гиясындағы маңызды рөлін айқындайды және болашақта жаңартылатын энергия көздеріне көшу процесінде шешуші рөл атқаратынын көрсетеді.  

Болашағы зор нарық

Осылайша, литий нарығындағы сұраныстың артуына аккумуля­тор өндірісі негіз болып отыр. Электро­мо­­­­­бильдердің және энергетика мен тұр­мыс­тық сектордағы стационарлық энер­­гия жинақтағыштардың белсенді ен­­­­­гізілуі, сондай-ақ микроэ­лектро­ни­ка­ның одан әрі дамуы өткен онжылдықтың ор­та­сынан бастап литийге деген әлемдік сұраныстың қарқынды өсуінің негізгі фак­торы болды. 
Аккумуляторлар сегменті 8-10 жыл бұ­рын литий нарығының үштен бір бө­лі­гіне де жетпеген еді. АҚШ геологиялық қызметінің мәліметтері бойынша, бұл сег­­мент қазір литийге деген әлемдік сұра­ныс­тың 70 пайыздан астамын құрайды. Бұл үрдіс технология дамыған уақытқа дейін басты сегмент саналып келген кера­ми­ка мен шыны өндірісін екінші орынға ығыс­тырды. Бұған дейін оның жаһандық тұ­тыну көлемі металл эквивалентінде 30-35 мың тонна болған болса, 2020 жы­лы бұл көрсеткіш 70 мың тоннадан асып, ал 2021 жылы 90 мың тоннаға жеткен.
Бұл ретте, бұл нарық сегментінің ішкі құры­лымы да өзгеріп жатқанын байқауға бо­лады: 2015 жылдан бастап энерге­ти­ка­лық және көлік батареялары секто­рын­дағы литийге деген сұраныс компьютер және телекоммуникация техникасына ар­налған аккумулятор секторындағы сұра­ныстан асып түскен. Сол уақыттан бе­рі ірі батарея­лардың маңызы артып ке­леді.  
Халықаралық энергетика агент­ті­гінің (IEA) деректеріне сәйкес, 2040 жылға қа­рай литийге деген сұр­а­ныс­тың 90 пайызы аккумулятор нарығы­на тиесілі болады. Бұл көрсеткіштің өсуі­не электромобильдердің жаппай та­ралуы мен энергетикадағы жинақтау жүйе­лерінің жылдам дамуы себеп. Бұл фак­торлардың өзі литийді тұтынуды арт­тырып отырса, аккумуляторлық на­рық­тағы технологиялық өзгерістер оған деген сұранысты одан әрі күшейтуде.  
IEA мәліметінше, жаһандық деңгейде ке­лісілген тұрақты даму мақсаттарына қол жеткізу үшін алдағы 10 жылда ли­тий­ді тұтыну көлемін 5 есе, ал 20 жылда 12 есе арттыру қажет. Тіпті, қазіргі эконо­ми­калық даму үрдісі сақталса да, литийге сұра­ныс алдағы онжылдықта 2,5 есе, ал екінші онжылдықта 4,5 есе өседі.  
Литийдің бұл күрт өсіп жатқан сұра­ны­сы әлемдік экономиканың жаңа ке­зең­ге аяқ басқанын көрсетеді. Электромо­би­льдер мен жасыл энергетика саласы­ның дамуы осы металл өндірісінің басты қоз­ғаушы күшіне айналып отыр.

Қор мол ма?

Қазақстандағы литий қоры 226 мың тон­надан асады. Бұл – Өнеркәсіп және құрылыс министрлігінің ресми мәліметі. Оның ішінде A+B+C1 категориялары бойын­ша – 107,3 мың тонна, C2 – 119,6 мың тонна, ал баланстан тыс қорлар – 10,8 мың тонна.  
Жалпы, елімізде литий оксидінің 9 кен орны мемлекет есебіне алын­ған. Атап айтсақ, Шығыс Қазақстан об­лысында – 7 нысан,  Алматы және Қы­зыл­орда облыстарында 1 кен орны бар. 
Литийді сирек кездесетін эле­мент деуге келмейді, ол, тіпті жер қыр­тысында ең көп таралған бірнеше он­да­ған эле­мент­тің қатарына кіреді. Дегенмен ол ең көп таралған элементтерден едәуір аз: литийдің жер қыртысындағы үлесі шамамен бір тоннаға 21 грамм екен. Бұл көрсеткіш металл кең таралғанымен, оның табиғи концентрациясы салыс­тыр­малы түрде төмен екенін көрсетеді.  
Кейінгі онжылдықта әлемде литий өн­діру қарқыны жаңа қорлардың ашы­луы­нан әлдеқайда жылдам өсті. Дерек­тер­ге сүйенсек, литий өндірісі 2,5 есе арт­қанымен, оның қорлары тек үштен бірге ғана көбейген. Қазір әлемдегі литий қоры – 22,3 миллион тонна. 
Еліміз литий қоры бойынша көшбас­шы­лар қатарына кірмейді. Литий қоры бойын­ша көш бастап тұрған елдер – Чили (әлемдік қордың 45 пайызы), Ауст­ра­лия (28 пайыз) және Аргентина (11 пайыз). Бұл елдер литий өндіруде де, жаңа кен орындарын барлауда да бел­сен­ділік танытып отыр.  
Алайда литийдің геологиялық ре­сурс­та­рына қатысты әлемдік рейтинг бас­қа­ша. Әлемде литийдің геологиялық ресурс­та­ры шамамен 89 миллион тоннаға ба­ға­ланады. Бұл көрсеткіш бойынша Ар­ген­тина екінші орында (19 млн т), Чили үшін­ші орында (9,8 млн т), Аустралия төр­тінші орында (7,3 млн т), ал Қытай бе­сінші орында (5,1 млн т). Сонымен қа­тар қазіргі литий нарығында үлкен рөл ой­намайтын кейбір елдерде осы метал­дың қомақты ресурстары бар. Мысалы, Боливия 21 миллион тонна литий ресур­сы бойынша әлемде бірінші орында. Аф­рикадағы Конго Демократиялық Рес­пуб­ликасы (3 млн т; 6-орын) және Канада (2,9 млн т; 7-орын) да айтарлықтай литий қорына ие.  
Яғни, әлем бойынша жаңа кен орын­дарын ашу және өндіріс технологияларын жетілдіру күн тәртібінде тұр. Еліміздегі ли­тий қоры расталар болса, инвес­ти­ция­лардың жалпы көлемі 500 млн долларға жетеді. Шикізат қоры бекітілгеннен кейін тау-кен байыту комбинаттарын салу мә­се­лесі қарастырылатын болады.

Шикізат орнына – инвестиция мен технология

Бұған дейін Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстандағы «жаңа мұнай» қорларын игеруді тапсыр­ған болатын. Кейін сирек және сирек кез­десетін металдар қорлары туралы де­ре­­терді құпиясыздандыру ұсынылды.  
Жыл басынан бері Қазақстан-Гер­ма­ния, Қазақстан-Корея бизнес форум­да­рын­да да Қазақстанның литий өндірі­сін­дегі әлеуеті туралы айтылды.  Қазақ-қатар инвестициялық дөңгелек үстелінде де осы мәселе қозғалған болатын. Жиын­дар­да Президент әлемнің дамыған елде­рі­нің экономикасы тарапынан литийге сұраныс артып келе жатқанына назар ауда­рып, сирек кездесетін металдарды өн­діру және қайта өңдеу ынтымақ­тас­тық­ты дамытудың аса маңызды бағыт­та­ры­ның бірі екеніне тоқталған еді. Сон­дай-ақ шикізат игеру саласында еліміздің әлеуеті зор екенін, литий кен орнын иге­руге және одан өңделу деңгейі жоғары өнім шығаруға ниетті серіктестермен ын­тымақтастықты жалғастыруға дайын еке­нін жеткізді. 
Салаға қызығушылық танытып отыр­ғандар да аз емес. Мәселен былтыр, HMS Bergbau AG басшысы Шығыс Қазақстан облысында литий өндіретін және оны қай­та өңдейтін кен байыту комбинатын салу жобасын таныстырды. Оның ай-
т­уын­ша, жоспарланған инвестицияның жал­пы сомасы – 500 миллион доллар. Бұл ком­пания – Германиядағы қатты пай­да­лы қазбаларды барлаумен және өндіру­мен айналысатын жетекші тәуелсіз ком­паниялардың бірі. Ол АҚШ, Сингапур, ОАР, Индонезия, Польша, БАӘ, Ботсвана мем­лекеттерінде шикізат өндіру жұ­мыс­тарын белсенді жүргізіп келеді. Сондай-ақ оның Қытайда, Үндістанда, Кенияда, Малайзияда, Пәкістанда, Шри-Ланкада, Бангладеште және Вьетнамда өкілдіктері бар.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Оң­түстік Кореяға «Шикізат орнына ин­вес­ти­ция мен технология» формуласымен ын­тымақтастық орнатуды ұсынып, KIGAM компаниясының президентімен кез­десуде литий өндірісін жолға қоюдың, оны өңдеудің және дайын өнім шығару­дың маңызды екенін айтқан еді.
Кен орындарында қазірдің өзінде Гер­мания мен Оңтүстік Кореядан келген ха­лықаралық инвесторлар және тех­но­логиялық серіктестердің қатысуымен гео­логиялық барлау жұмыстары жүріп жа­тыр. Бірқатар компания жер қойнауын пайдалану лицензияларын алған. 
LS іскерлік басылымының мәліметіне сүйен­сек, Bergbau AG компаниясымен бір­ге литийге бай лицензиялық учаскелер ке­шенді түрде зерттеліп жатыр. Бұл зерт­теулер төрт жылға дейін жалғасуы мүм­кін. Жалпы, шығын – 8 млн доллар.  
Сонымен қатар Шығыс Қазақстан облысында литий оксидтерін өндіру мен байытуға арналған екі тау-кен байыту фабрикасының құрылысы басталған. Олар­дың бірі «Верхне-Баймурзинское» кен орнында салынып жатыр. Жобаны «Алатау Литий» компаниясы жүзеге асыра­ды (51 пайызы – HMS Bergbau AG, Германия). Жобаға 250 млн доллар инвестиция құйылған. Екінші фабрика «Ахметкино» кен орнында іске қосылады (Creada Corporation, HMS Bergbau AG – 51 пайыз). Бұл жобаға шамамен 200 млн доллар қаржы бөлінген.  
Сонымен қатар «Юбилейное» кен ор­ны қазір бос және қолданыстағы заң­намаға сәйкес аукционға қойылатын бо­лады. Бұл кен орнына Кореяның мем­лекеттік геологиялық компаниясы KIGAM және АҚШ-тың жеке COVE Capital ком­паниясы қызығушылық танытып отыр. Инвестиция жер қойнауын пай­да­ланушылардың өз қаражатынан жүзеге асырылады.  
Өнеркәсіп және құрылыс министр­лігі бұл саланың әлі де аз зерт­тел­ге­нін атап өтті. Осыған байланыс­ты бар­лау жұмыстары бірнеше учаскеде, со­ның ішінде «Боқай», «Брусиловский», «Ми­ролюбовский», «Ржавая Сопка» және бас­қа орындарда жүргізіліп жатыр. Бұл учаскелерде бұрғылау жұмыстары аяқ­та­лып, қазір соңғы сатыда екені айтылды. Нәтижесінде, кен қоры туралы мәліметтер белгілі болады.  
Жалпы, литий өндірісінде өз үлесіміз бол­са да, нақты қандай, қаншалықты еке­нін нақты айта алмаймыз. Сөзімізге не­гіз болатын іргелі зерттеулер әлі жүргі­зіл­меген.
– Өндірістің перспективасы қандай, ол расымен мұнайдың орнын баса ала ма деген секілді сұрақтарға ешкім нақты жауап бере алмайды. Өйткені өндіріс әлі жоқ, – дейді мұнай-газ саласы сарапшысы Нұрлан Жұмағұлов.

«Бізге қымбатқа түсуі мүмкін..»

Сарапшы Абзал Нарымбетов те осы­ған ұқсас пікір айтады. Сондай-ақ бұл металды өндіру бізге қымбатқа түсуі мүмкін деген болжамын да жеткізді. 
– Жалпы, литий перспективасы аз деп келген минерал ғой. Қателеспесем, оны өндіру бізге қымбатқа түседі. Деген­мен бұл тақырыпқа қатысты толымды ақпарат жоқ, әлі де зерттеу керек, – дейді ол.
Литий өндірісі, негізінен екі әдіспен жү­зеге асырылады екен. Біріншісі –  дәс­түрлі әрі қымбат әдіс, яғни минерал тү­рін­дегі кенді өндіру. Сырттай қарағанда,  кәдімгі минералға ұқсайтын бұл кеннен литий карбонаты алынады. Алайда бұл про­цесте бір килограмм литий карбо­на­тын өндіру үшін 5-6 доллар жұмсалуы мүм­кін. 
Екіншісі – 1990 жылдары пайда бол­ған және Оңтүстік Америкаға тән әдіс. Ли­тийге бай жерасты тұзды көлдердің ері­тінділерін буландыру. Бұл әдіс әлде­қай­да арзан: литий карбонатының бір ки­лограмының құны 1-3 доллар шама­сын­да болады. Процесс кезінде жерасты тұзды сулары жасанды су қоймаларына ай­далады, содан кейін олар күн сәуле­сі­мен 6 айдан 18 айға дейін буланады. Бу­лан­ған кезде, су қоймаларының түсі өз­ге­реді, өйткені литий концентрациясы артады. Сонымен қатар булану процесі кезінде литиймен бірге калий мен магний сияқ­ты басқа да құнды минералдар алы­нады, бұл экономикалық тиімділікті арт­тырады.  
Бұл әдістің басты артықшылығы – оған бір жылға жуық уақыт қажет болса да, өндіріс шығыны айтарлықтай аз. Сол ар­қылы литийді минимал шығын шы­ғарып алуға мүмкіндік болады. Литий өн­дірісінің осы заманауи тәсілі Оңтүстік Америка елдерін осы саладағы көшбас­шы­ға айналдырды.

Осылайша, литий қазіргі заманғы технологиялардың ажырамас бөлігіне айналып, электромобильдер мен жасыл энергетика саласының дамуына байланысты сұранысы артып келеді. Бұл ретте «екінші мұнай» метафорасы орынды айтылғанына күмән келтіру қиын. 
Еліміздің бұл бағытта біршама әлеуеті бар, бірақ қазір алға озған елдермен теңеседі деуге келмейді. Жалпы, литий өндірісінің ұзақмерзімді перспективадағы маңызы мен әлеуеті сияқты мәселелер әлі де біраз зерттеуді қажет етеді. Дегенмен инвестиция тұрғысынан тиімділігі зор болады деген үміт бар.

Серіктес жаңалықтары