Астанада полицейлер көшеде ес-түссіз жатқан жасөспірімді құтқарды
Полицейлер жедел жәрдем келгенше шұғыл әрекет жасап, алғашқы медициналық көмек көрсеткен
Астана полиция департаментінің баспасөз қызметінің мәліметінше, елорда полицейлері көшеде ес-түссіз жатқан жасөспірім қызды құтқарды.
Патрульдік қызметтегі Нұрсұлтан Шаяхметов пен оның әріптесі Бақтыбай Қалжанов балалардың шағын тобын байқап, жақындап келген. Сол кезде олар ес-түссіз жатқан қызды көрген. Полицейлер жедел жәрдем келгенше шұғыл әрекет жасап, алғашқы медициналық көмек көрсеткен.
“Қолымнан келгеннің бәрін жасадым. Әріптесім қызды ұстап тұрды, ал мен сол сәтте оған жүрекке тікелей массаж жасап, қолдарын ысқыладым. Нәтижесінде ол есін жиды. Жедел жәрдем қызметкерінің телефон арқылы берген нұсқауы бойынша, оны қырымен жатқыздық. Кейін бала жедел жәрдем көлігімен ауруханаға жеткізілді,” – деп құтқару оқиғасының егжей-тегжейін полицейдің бірі баяндады.
Қазіргі уақытта оқушының өміріне ешқандай қауіп төніп тұрған жоқ. Қызметтік міндеттерін абыроймен орындағаны үшін полицейлер марапатталады.