Президент «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалады.

Президент «Қазақстан халқына» қорының төрағасы Болат Жәмішевті қабылдады
Aqorda
Автор
Админ
201

Болат Жәмішев:

  • қордың осы уақытқа дейін атқарған қызметі мен алдағы кезеңге арналған міндеттері туралы ақпарат берді:

      – «Қазақстан халқына» қоры үш жылда жалпы сомасы 230 миллиард теңге болатын 103 қайырымдылық жобасын қаржыландырған. Оның ішінде 58 жоба толығымен аяқталған;
      – қордың қызметі ашықтық, есептілік және тұрақтылық қағидаттарына негізделген. 2023 жылдың қорытындысы бойынша Ernst&Young компаниясы сыртқы аудит жүргізген;

  • қордың денсаулық сақтау саласына, атап айтқанда, ауыр және сирек кездесетін сырқатқа шалдыққан науқастарды дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге ерекше мән беретіні жөнінде баяндады:

      – осы мақсатта 461 адамға, соның ішінде 342 балаға 57,7 миллиард теңге бөлінген;
      – қатерлі ісікке душар болған 1200-ден астам адамға құны 14,5 миллиард теңге болатын арнаулы препараттар берілген;
      – бес онкологиялық орталық пен балаларға қызмет көрсететін 22 нейрохирургия бөлімшесіне заманауи құрал-жабдықтар сатып алынған;
      – балалар мүгедектігінің алдын алуға арналған 13 ерте араласу орталығын ашу жоспарланған болатын. Бүгінде осы мақсаттағы 10 нысан қызмет көрсете бастаған;
      – әлеуметтік қолдау бағытында аутизм белгілері бар балаларға арналған 7 орталық, сондай-ақ өңірлерде 6 оңалту орталығы пайдалануға берілген. Алдағы уақытта тағы 20 орталық іске қосылады. 150 адам инновациялық протезбен қамтылған;

  • Тірек мектептердің әлеуетін дамыту жобасы аясында 135 ауыл мектебі жаңғыртылғанын жеткізді:

      – Алматы облысындағы 50 мектепте және Қарағанды облысындағы 86 білім ошағында физика, химия, биология сабақтарына арналған заманауи кабинеттер жабдықталған;
      – қордың білім беру гранттарына 3 мыңнан астам студент ие болған;
      – Ақтөбе облысында 134 шағын жинақты мектептің материалдық-техникалық базасы жаңарып, цифрлық технологиялар арқылы оқытудың төрт моделі енгізілген;

  • мәдениет пен спорт саласында Батыс Қазақстан облысының кітапханаларын комьюнити орталық ретінде қайта құру және 13 модульді спорт залын салу жұмыстары қолға алынғанын хабарлады. Елді мекендердегі 100 балалар спорт залы жабдықталған;
  • қор тасқыннан зардап шеккен жандарға қолдау көрсетіп, бес облыстағы 627 үйдің құрылысын қаржыландырғанын баяндады;
  • «Шағын қалалар – үлкен мүмкіндіктер» әлеуметтік бастамасы аясында ірі кәсіпорындардың және бизнестің қолдауымен моноқалалардың инфрақұрылымын жақсарту бағдарламасын әзірлеу жоспарланып отырғанын айтты.

Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстан халқына» қорының жұмысын жоғары бағалап, қайырымдылық шараларының Қазақстандағы азаматтық қоғамның дамуы мен әлеуметтік тұрақтылығын нығайтудағы маңызын атап өтті.

Серіктес жаңалықтары