«Жұмыстың қиындығы білінбейді» – қар тазалаушы Қарлығаш апай
Қалың қар түсіп, басқа учаскелер күреп үлгермей жатса, көмектесуге барамыз.
Қар қалың түсетін аймақтарда көшені уақытылы тазалау басты назарда екені айтпаса да түсінікті. Бет қарыған аязда, қойны-қонышыңа дейін кіріп кететін омбы қарды басып өтіп, боран мен үскірік желдің өтінде жүріп, көше тазалауға көп адам құлықты емес екені рас. Мұндайда Астанада машақаты көп бұл жұмыстың ауырлығына қарамай, қақаған аязда бел жазбай еңбектеніп жүрген жандарды көріп еріксіз таңғаласың.
«Жұмыс таңғы жетіде басталады»
Күн сайын жұмысқа келе жатып, аллеяда түні бойы жауған қарды күреп жүрген аға-әпкелерді көреміз. Кеше «Астана-көгалдандыру құрылысы» ЖШС жұмысшысы Қарлығаш Улча апайды кездестіріп, сөзге тарттық.
«Мұнда жұмыс істеп жатқаныма бір жарым жыл болды. Оған дейін аспаз болып жұмыс істегенмін. Мен – Моңғолия тумасымын, кейін атамекенге оралдық. Аумалы-төкпелі заманда оқу оқи алмадық. Жасым елу екіде. Екі ұл, екі қызым бар. Жұмыс ауыр. Бірақ адал еңбек қой. Қыста аяз, боран демей қар тазалаймыз. Осы тұрғанда тоңып тұрмын. Десе де жұмыс орнынан қажетті киім-кешек, құрал-жабдық түгел беріледі. Бірақ қанша жылы киінсең де, аяз аяқ-қолыңды қариды, бойың мұздайды. Осы аллеяда төрт адам жұмыс істейміз. Осылай әр учаскеге бөліп жіберген. Қарды күреп, адам жүретін жердің бәрін аршып, үйе береміз. Қар таудай болып үйілгенде трактор келіп, тиеп алып кетеді», – дейді.
Қар тазалаушылардың жұмысы таңғы жетіде басталады екен. Астананың іргесіндегі елді мекендерде тұратын жұмысшылар таңғы төрттен бастап тұрып, қамданады. Жұмыс уақыты кешкі беске дейін. Тек сенбі-жексенбі күндері төртте аяқталады екен.
«Бұл жұмыстың бір қызығы – көппен бірге жүресің»
«Жұмыс уақыты біткенше осы учаскемізде жүреміз. Аптасына бір күн, кезектесіп демаламыз. Нақты жексенбі күні демаламын деген тәртіп жоқ. Кезегің қалай келеді, солай демаласың. Қалың қар түсіп, басқа учаскелер күреп үлгермей жатса, көмектесуге барамыз. Астананың қары қалың түседі ғой. Қалың қар басып қалған кездері кешкісін шығатын кездеріміз де болады. Ондайда күн-түнге қарамаймыз. Көктемде жер қазып, ағаш отырғызамыз, гүл егеміз. Ең ауыры – жер қазу. Жазда сол гүлдер мен жасыл желекті қиып, тегістеп, арам шөбін жұлып, қоқысты сыпырып, тазалаймыз. Күзде қураған гүлдер мен сарғайып түскен жапырақтарды жинаймыз. Қыста қар астында қалмауы керек. Бұл жұмыстың бір қызығы – көппен бірге жүресің. Көңілге медет сол. Жұмыстың қиындығы содан білінбейді. Түскі асымызды өзіміз алып келіп, жақын маңайдағы асханада ішеміз. Жұмыс қысы-жазы тұрақты. Жұмыссыз қаламын-ау, айлықсыз қаламын-ау деген қорқыныш жоқ. Жалақымыз – 250 мың теңге. Зейнетақы жарнасы сияқты міндетті төлемдер төленеді. Еңбек демалысы бар», – дейді кейіпкеріміз.