Алматыда Мәдениет және өнер қызметкерлері күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Жиында Премьер-Министрдің орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан сала өкілдеріне мемлекеттік наградалар мен пәтер кілттерін табыстады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кәсіби мерекемен құттықтаған Аида Балаева Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер саласының өкілдеріне берілген наградалар олардың қажырлы еңбегіне, кәсіби адалдығына және ұлттық мәдениетті дамытуға қосқан үлесіне көрсетілген жоғары құрмет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының қолдауы тек марапатпен ғана шектелмейді. Сала қызметкерлерінің әлеуметтік жағдайын жақсарту, оның ішінде тұрғын үй мәселесін шешу бағытында да нақты жұмыстар жүргізіліп жатыр. Өздеріңіз білесіздер, өткен жылы Президент атынан Астана қаласында мәдениет және өнер қызметкерлеріне пәтер сертификаттары табысталды. Биыл бұл игі бастама жалғасып, Алматы қаласында да сала өкілдеріне пәтер кілті табыстамалмақ. Мұндай қолдау шығармашылық адамдарының еңбегін нақты іспен бағалаудың айқын көрінісі. Сіздерге табысталғалы отырған жаңа пәтерлер – ел игілігі жолындағы адал қызметтеріңізге көрсетілген құрмет пен ризашылықтың белгісі. Бұл шаңырақтар сіздерге құт-береке, шығармашылық шабыт, отбасыларыңызға шаттық әкелсін! Осы орайда барлық мәдениет және өнер қызметкерлерінің атынан Мемлекет басшысына салаға тұрақты көңіл бөліп, шығармашылық қауымға жан-жақты қолдау көрсетіп келе жатқаны үшін шынайы алғыс білдіремін», – деді Аида Балаева.
Осылайша, Мемлекет басшысының атынан мәдениет және өнер саласының өкілдеріне 60 пәтердің кілті табысталды. Тұрғын үй қолдауына ие болғандардың қатарында жетекші театрлар мен музыкалық ұжымдардың, білім беру ұйымдарының, кітапханалар, архивтер, музейлер, баспа және әдебиет саласының өкілдері, сондай-ақ мәдениет мекемелерінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етіп жүрген мамандар бар.
Сонымен қатар Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығымен мәдениет саласындағы үздік жетістіктері және Қазақстан Республикасына сіңірген айрықша еңбегі үшін саланың 13 өкілі мемлекеттік наградалармен және құрметті атақтармен марапатталды. Мемлекет басшысының атынан жоғары марапаттар отандық мәдениет пен өнердің дамуына елеулі үлес қосқан театр, музыка, хореография, әдебиет және ғылым саласының қайраткерлеріне табысталды.