«Біз қазақша үйреніп жүргенде, Қазақстан тәуелсіздігін алды» – Жоел Адамсон

Апай ағылшынша білмейді, тек қа­зақша, орысша сөйлейді. Ал біз орысша біл­мей­міз. Кітаптар да орысша-қазақша нұсқада жа­зыл­ған. Сөздік деген атымен жоқ. Өте қиын болды. Дегенмен біз шыдап-бақтық. Бастысы, ынтамыз «асып-тасып» тұрды. Көп жазып, көп жаттап, ақы­ры үйрендік.

«Біз қазақша үйреніп жүргенде, Қазақстан тәуелсіздігін алды» – Жоел Адамсон
1957

«Ассалаумағалейкум? Менің есімім – Жоел, ал қазақша есімім – Жолтай». Қазақшаға судай, басына тақия киіп алған америкалық кәсіпкер Жоел Адамсон әлеуметтік желідегі парақшасына жүктеген әр видеосын осылай бастайды. Оның парақшасына күн сайын жазылып жатқан елдегі көпшілік қазақшаны қалай, қайда үйренгенін сұрастырса, енді бірі оған алғысты қарша боратып, жылы лебізін аямай жазады. Тіпті, Жоелді түрлі жиында кездестірген отандық кәсіпкерлер, компания басшылары оны видеоға түсіріп, оған ризашылығын білдіріп жатады. Осы ретте біз Жоелге хабарласып, аз-кем әңгімелескен едік.

– Қазақстан тәуелсіздігін алмай тұрып Алматыға қазақ тілін үйренуге келгеніңізді естіп таңғалдық. Бәрімізді қызықтыратын сұрақ: неліктен дәл біздің елге келіп, қазақ­ша үйренгіңіз келді?
– Мен – Лос-Анжелес қаласының тумасымын. Әйе­лім де сол қалада туып-өсті. Екеуіміз уни­вер­си­тет қабырғасында таныстық. Кейін аспиран­ту­ра­да қоршаған ортаны қорғау ісіне жауапты ин­ж­е­­нер мамандығын алып шықтым, ал жұбайым қо­­ғам денсаулығы мамандығында білімін жетіл­дір­ді. Әйелім – эстон қызы. Оның ата-анасы Екін­­­ші дүниежүзілік соғыс аяқталған соң бала ке­зінде Америкаға көшіп келген. Алайда ол Кеңес ода­ғында өрбіп жатқан процестерге қатты қы­зық­ты. Әрі өзінің түбін, шыққан тегін, отбасының та­рихын жетік білгісі келді. Ол уақытта аме­ри­калықтарға Кеңес одағы құрамындағы елдерге сая­хаттап бару өте қиын еді. Виза бермейтін. Алай­да 1990 жылы шетелдіктерге Қазақстанға ке­ліп, соның ішінде Алматыдағы Қазақ ұлттық уни­верситетінде ашылған даярлық курсында бір жыл қазақ тілін үйренуге мүмкіндік берілді. Ол кез­де әйелім екеуіміз Лос-Анжелесте инженер бо­лып жұмыс істейтінбіз. Басында бір жыл оқи­мыз, сосын Америкаға қайтамыз деп жоспарлаған едік. Болашақта балаларымызға, немерелерімізге Кеңес одағы туралы әңгімелеп береміз дейтінбіз. Біз 1990 жылы тамызда келіп, бір жыл қазақ тілін интенсивті түрде оқыдық. Келесі жылы өзіміз мұғалім жалдап, оқуымызды жалғастырдық. 
– Курс аяқталған соң қазақ тілін өз қара­жа­тыңызға оқыдыңыздар ма сосын?
– Иә.


– Ол уақытта қазіргідей шетелдіктерге арнал­ған оқулықтар мүлде жоқ. Қазақ тілін оқу қиынға соқ­қан шығар.
– Әлбетте, қиын болды. Бізге Қарлығаш апай са­бақ берді. Арада отыз төрт жыл өтті, тегін ұмы­тып қалыппын. Апай ағылшынша білмейді, тек қа­зақша, орысша сөйлейді. Ал біз орысша біл­мей­міз. Кітаптар да орысша-қазақша нұсқада жа­зыл­ған. Сөздік деген атымен жоқ. Өте қиын болды. Дегенмен біз шыдап-бақтық. Бастысы, ынтамыз «асып-тасып» тұрды. Көп жазып, көп жаттап, ақы­ры үйрендік. Біз қазақша үйреніп жүргенде Қа­зақ­стан тәуелсіздігін алды. Содан соң қайтамыз деп жүргенде осында жұмыс істеу мүмкіндігі пай­да болды. Mobile oil мұнай компаниясы Exxon Mobil-ге қосылып жатқан кезі. Мен сонда жұмыс іс­те­дім. Сосын Атырауға ауысып, ондағы Теңіз­шев­­ройл кәсіпорнында үш жылдай жұмыс істедім. Кейін мені Мәскеуге жарты жылға жіберді. Сосын Сахалинск аралдарында жұмыс істедім. Сол кезде Бех­терев деп аталатын күрделі аутоиммунды сыр­қатқа душар болдым. Ем-дом алу үшін Америкаға қайттым. Қатты ауырғаным сонша, мүгедектер арбасымен жүруге мәжбүр болдым. Бірнеше жыл жұмыс істей алмадым. Кейін ол сырқаттан айы­ғып, Америкада біраз жыл инженер болып жұмыс істедім. Одан бөлек, үйсіз-күйсіз жүрген адамдарға көмектесу үшін түрлі ивент ұйымдастырдым. Со­дан соң инвестиция тартуға қатысты консуль­тация ұсынатын компания аштым. Бас кеңсе Сиэтлда орналасқан, кейін Астанада өз кеңсемізді аштық. Сыртқы істер министрлігіне қарасты Kazakh Invest компаниясымен бірігіп, Қазақстанға Аме­рика, Еуропа, Кореядан инвесторларды тарту ісі­мен айналысамыз. Жаңа технология әкелу, зауыт салу ісі, тиісінше жұмыс орындарын кө­бей­ту – басты назарда. Бір жарым жыл ішінде біз ке­ліс­тірген төрт компания төрт зауыт салуға кө­мектесіп жатыр. 


– Әңгіме басында «Қазақстанға араға 18 жыл салып келдім» деп қалдыңыз. Осы уа­қыт ішінде қазақ тілін ұмытып қалма­ға­ныңызға таңмын. Қазақстанға қайта келуіңізге тек компания ашуыңыз себеп бол­маған шығар?
– Біздің жүрегіміз Қазақстанға «байланып» қал­ған. Мен Қазақстанда он үш жыл тұрдым. Қа­зақ тілін үйрендім. Одан бөлек, мәдениетін, салт-дәстүрін жақын таныдым. Қазақшамды қалай сақтадым дейсіз бе? Мен Америкада ауырып жатқанда ай сайын Қазақстандағы достарыммен хат-хабар алысып тұратынмын. Жиі сөйлесе­тінмін. Осы аралықта Қазақстанмен, қазақтармен байланысым үзілмеді. Қазақстанда жүргенде ағылшынша білетін ортам аз болды, сондықтан маған онда өмір сүру, бизнес жүргізу жеңіл болды. Мен Атырауда Теңізшевройлда жұмыс істеп жүр­ген кезімде тек инженер емес, қоғаммен байла­нысқа жауапты болдым. Үкіметте отырған, түрлі салада істейтін мамандармен кездесіп, қазақша сөйлесіп, тәжірибе жинақтадым. Ол жұмыс маған ұнайды. Сол үшін Қазақстанға қайтып келдім. Қайтадан барамын деп шешім қабылдаған соң, күн сайын қазақша сөздерді қайталап, оқи бас­тадым. Біраз сөзді ұмытып қалыппын. Алайда мұн­да келгеннен кейін жарты жылдай қазақ тілін үйретуге бағытталған веб-сайттар мен түрлі мо­бильді қосымшалар арқылы қазақшамды сәл «жақ­сартып» алдым. Өзіңіз байқап отырғандай, қа­зір іркілмей сөйлей аламын.
– Әлеуметтік желідегі парақшаңызға жүк­теген бір видеода бата беріп жатқа­ныңыз­ды көріп қалдым. 
– Иә, бата беремін. Қазақтардан үйрендім. Не­гізі, ол – жақсы дәстүр. Жалпы, маған исламды ұстанатындардың әдебі ұнайды. Мысалы, мен ара-тұра мешітке барамын, Нұрлан имаммен кездесіп, білмегенімді сұраймын. Қазақ мәдениеті туралы оқимын. Маған батамен қатар, қазақтың мақал-мәтелдері ұнайды. Үлкендер мақал-мәтел арқылы жастарды жақсылыққа шақырады, ізгілікке баулиды. Жастардың оны жаттап, сөз арасында қолданатынына да қызыға қараймын. Жалпы, маған қазақ халқының мәдениеті қатты ұнайды. Әсіресе, отбасын қадірлеуін бәрінен биік қоямын. Мысалы, Америка мәдениетінде эгоизм басым. Әркім өзін ғана ойлайды. Ата-анаға көп қарайласпайды. Үлкен адамдарға мұндағыдай сый-құрмет көрсетілмейді. Ағайын-туыстарымен бас қоспайды, жиналмайды, бір-бірін іздемейді. Жиі араласпайды. Алайда біз, Адамсон әулеті жыл сайын жинаймыз. Отызға жуық туыстың басын құрап, бір демалыс орнын жалдап, онда бір апта демаламыз. Бұл ісіміз қазақ халқы ежелден ұста­натын дәстүрге жақын. Америкада бір ғасыр бұ­рын мұндай дәстүр болғаны рас. Алайда заман ағы­мына қарай қазір олай ешкім жасамайды. Әрине, әр адамның туған жері өзіне ыстық. Алай­да Америкада алаңдататын мәселе көп. Ең бас­тысы, онда қылмыс көп. Мысалы, Сиэтлда көлік, үй тонау қылмысы жиі жасалады. Статистикаға қара­сақ, Қазақстанда мұндай қылмыс тіптен аз. Мұнда қорқыныш жоқ. Ал Америкадағылар үнемі үреймен жүреді. Онда көшедегі атыс – жиі кездесетін жайт. Ал Қазақстанда көшеде бір-бірін атпайды. Далада емін-еркін жүресің. Астана се­кілді тыныш қалада жұмыс істеу тіптен керемет. Аста­нада бой түзеген әсем ғимараттар көздің жауын алады. Үйлердің көбі – жаңа. Ерекше атап өте­тінім – Астанадағы тұрғын үйлердің сыртында шам ілулі тұр. Олар түнде жанған кезде көшенің көркі тіптен ашыла түседі. Түнде Астана көше­лерін­­де өте әдемі көрініс орнайды. Ал Америкада ондай жоқ. Біз Америкадан келген қонақтарға сол әдемі­лікті көрсету үшін әдейі түнде серуендеуге алып шығамыз.
Қазақстанда тұрудың тағы бір ұнайтын жағы – мұнда Америкаға қарағанда өмір сүру ар­за­нырақ. Америкада баспана сатып алу немесе жал­ға алу қымбат. Әрине, мұнда да шешілмеген мә­селе бар. Дегенмен қай елде мәселе жоқ дейсіз? Бірақ сонда да маған Қазақстанда тұрған ұнайды. 


 

– Үнемі тақия киіп жүресіз. Тіпті, отан­дық телеарнаның біріне берген сұхба­тыңыз­да да эфирде тақия киіп отырдыңыз.
– Тақия кимесем, көпшілік мені орыс деп ой­лайды. Бірақ мен орыс емеспін, орысша біл­меймін де. Орыс тілінен гөрі қазақшаны жақсы біле­мін. Орыс тілін меңгеруге уақытым жетпеді. Өзге тілді үйренуге көп уақыт кетеді. Өкініштісі сол – қазақ тілін жақсы білсем де, мұндағы кездесу мен келісім әлі орысша жүргізіледі. Мен Аме­рикада 18 жылдан соң қайтып келгенде «Енді бәрі қазақша жүргізілетін шығар» деп ойладым. Алайда келгеннен кейін кездесулерге қатыса бас­тағанда іс-қағаздар әлі орысша толтырылаты­ны­на таңғалдым. Алдағы уақытта бәрі өзгерер деген ойдамын.
– Әлеуметтік желіде жеке парақшаңызды белсенді жүргізуіңізге көпшіліктің қазақша сөйлеуіңізге тәнті болғаны түрткі болды ма?
– Иә. Екі ай бұрын Астанада өткен Көшпен­ді­лер ойындары кезінде киіз үйде тұрған сату­шылармен қазақша сөйлесіп, бір кәдесый сатып алмақ болып тұрғанмын. Сыртымнан біреу рұқсат сұрамай түсіріп алып, әлеуметтік желіге жүктеп жіберіпті. Әлгі видеоны бір миллион адам көріпті. Сол кезде көпшілік қазақшаны қайдан үйренген, не істейді, қайдан келді дегендей сұрақтарды жау­дырғанын байқадым. Егер көпшілікке менің өмір жолым қызық болса, олардың сұрақтарына өзім жауап берейін деп өз парақшамды аштым. 


– Ұмытып барамын. Үнемі өзіңізді «Қа­зақ­ша есімім – Жолтай» деп таныстыра­сыз. Бұл есімді достарыңыз қойды ма? 
– Иә. Көпшілікке шетелдік есімдерді айту қиын. Достарым «Жолтай деген ат айтуға оңай. Са­ған келеді» деп айтты. Содан соң достарым Жол­тай деп атап кетті.
– Сұхбат кезінде «Арасында қиынға түссе, ағыл­шынша сөйлей беріңіз» десем де, бірде-бір ағыл­шын сөзін араластырмай, тек қазақ тілінде әңгімелескеніңіз үшін, біздің тілге деген айрықша құрметіңіз үшін рахмет сізге!

Сұхбаттасқан 
Әлия ТІЛЕУЖАНҚЫЗЫ

 

Серіктес жаңалықтары