Доллар неге долданды?
Өткен айдың аяғында кенеттен, күрт құбылған теңге бағамы әлі де ең өзекті мәселенің бірі болып тұр. Қарашаның қорытындысы бойынша теңге бағамы 5 пайызға әлсіреп, 1 АҚШ доллары 512,52 теңгеге дейін барды. Ұлттық Банк жағдайды реттеу үшін 1,047 миллиард доллар каражатты интервенцияға жұмсады. Осы айда тағы 800-900 миллион доллар бөлінетіні белгілі болды. Үкімет пен Ұлттық Банк валюта нарығындағы жағдайды, оның себебі мен салдарын, қандай шара қабылданғанын түсіндіруге тырысып жатыр. Дегенмен ел ішінде жиған-тергеніміз құнсызданып, тағы да қымбатшылық қыса ма деген үрей сейілген жоқ. Сарапшылар да жалпы жүргізіліп жатқан саясатты сынға алып, өз болжамдары мен бастамаларын ұсынып жатыр.
Доллар, мұнай, рубль...
Ұлттық Банк пен Үкімет жасаған ресми мәлімдемелерге қарасақ, теңгенің күрт әлсіреуіне нарықтағы сыртқы және ішкі факторлардың бір уақытта нашарлағаны себеп болып отыр. Реттеуші бұл өзгеріс тек біздің елде ғана емес, басқа да дамушы елдерде байқалып отырғанын жеткізді.
– АҚШ долларының әлем бойынша нығаюы, шикізат құнының өзгеруі және әлемдегі геосаяси жағдайдың шиеленісуі сияқты бірқатар сыртқы іргелі фактордың өзгеруіне байланысты дамушы нарықтардағы валюталардың теріс динамикасы барлық жерде байқалады. Негізгі әлемдік валюталарға шаққандағы АҚШ долларының бағамын бақылайтын DXY индексі ай басынан шамамен 2,2 пайызға нығайып, 106,2 пунктке дейін өсті (2024 жылғы 28 қарашада). ЕМ валюталарының индексі ай басынан 3 пайызға төмендеді, – деп айтылған Ұлттық Банктің 28 желтоқсандағы валюта нарығы туралы ақпараттық хабарламасында.
Сондай-ақ әлем бойынша шикізат бағасының өзгеруі, соның ішінде Дональд Трамп қайтадан президент болған жағдайда, АҚШ мұнай жеткізілімін көбейтетіні, бұл дүние жүзі бойынша мұнайдың арзандауына әсер ететіні туралы сарапшылардың пессимистік болжамы тағы бір фактор ретінде айтылады. Дүйсенбіде Brent маркалы мұнай бағасы әлемдік мұнай нарығындағы сұраныс пен ұсынысқа қатысты белгісіздік аясында аздап төмендеп, барреліне 71,9 долларға түсті. Бір жағынан, Қытайдың қайта өңдеу өнеркәсібіндегі PMI индексі қарашада 50,1 пункттен 50,3 пунктке дейін өскенін көрсетіп, елдегі іскерлік белсенділіктің қалпына келгенін көрсетеді. Екінші жағынан, Таяу Шығыстағы жағдай әлі де белгісіз күйде қалуда: Пентагон Израиль мен «Хезболла» арасындағы атысты тоқтату режимі сақталғанын хабарлағанымен, Израиль әскері Ливандағы «террорлық нысандарға» соққы жасағанын мәлімдеді. Мұнай трейдерлерінің назары 5 желтоқсанда өтетін ОПЕК+ кездесуіне ауды, онда қаңтарға жоспарланған мұнай өндірісін арттыруды кейінге қалдыру туралы шешім қабылдануы ықтимал. Бұл қадам мұнай бағасының одан әрі төмендеуіне жол бермеу мақсатында жасалуы мүмкін.
Тағы бір себеп – Ресей рублінің құлдырауы. Биржада юань/рубль бағамы юань үшін 15,1 рубльге жетіп, қарашаның басынан бері 11,2 пайызға әлсіреген.
Ішкі фактор – шетел валютасына деген сұраныстың артуы, ұсыныстың шектеулілігі. Яғни, дүрбелеңге бой алдырған халық пен бизнестің айырбас пункттеріне қарай ағылуы да теңгенің әлсіреуіне әсер еткені айтылады. Реттеушінің статистикасына сүйенсек, биылғы қарашадағы бір тәуліктегі орташа сауда-саттық көлемі – 238 млн АҚШ доллары, бұл өткен жылғы қарашадағымен салыстырғанда (193 млн АҚШ доллары) 1,5 есеге жуық артық және тамыз-қыркүйектегі көрсеткіштен едәуір жоғары.
– Осы факторлардың барлығы теңге бағамына қысым түсіріп, алып-сатарлық қысымға жағдай жасай отырып, валюта нарығындағы теңгерімді бұзғаны және өтімділіктің төмендігі байқалады,– деп қорытындылады Ұлттық Банк.
Ал 2 желтоқсанда Үкімет пен Ұлттық Банк бірлесіп брифинг өткізді. Брифингте Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та ахуалдың ушығуына доллар, мұнай, рубль кінәлі екенін айтты. Сондай-ақ реттеуші мен Үкімет қандай шара қабылдап жатқанын түсіндіріп, есеп беріп, ары қарай жағдай қалай өрбитініне де тоқталды.
«Айфондар» мен «Дайсондар» қымбаттауы мүмкін, бірақ дефолт болмайды»
Ұлттық Банк валюта нарығындағы ахуалға тұрақты түрде мониторинг жүргізіп отырғанын мәлімдеді. Реттеуші бағамды бақылай алады, бірақ араласа алмайды. Яғни, бағамды бекітпейді, белгілемейді, жалпы үрдістерге араласпайды, оны нарық өзі қалыптастырады.
Дегенмен реттеуші нарыққа жанама араласа алады. Ұлттық Банк жүгіне алатын басты құралдың бірі – интервенция. Реттеуші қаржы тұрақтылығына қауіп төнсе, іргелі негізі жоқ шамадан тыс құбылмалылық байқалған жағдайда тағы да валюта интервенцияларын жүргізуді жалғастыруға дайын екенін жеткізді. Сондай-ақ валюта нарығындағы тепе-теңдікті сақтау үшін 2024 жылғы 19 қарашада Қазақстан Республикасы Үкіметінің қаулысына сәйкес квазимемлекеттік сектор субъектілеріне валюта түсімнің 50 пайызын сатуға міндеттеу туралы норма қайта күшіне енген болатын.
– Қысқамерзімді перспективада теңгенің динамикасы нарыққа қатысушылардың күтулеріне, тоқсандық салық төлемдеріне, әлемдік нарықтардағы ахуалға және геосаяси жағдайдың өзгеруіне байланысты болады. Ұлттық Банк теңгерімсіздіктің жинақталуын болдырмайтын және алтын-валюта резервтерінің сақталуын қамтамасыз ететін икемді бағам белгілеу режимін ұстана береді, – деп мәлімдеді Ұлттық Банк.
Ұлттық экономика министрі Нұрлан Байбазаров та валюта нарығындағы жағдай мемлекеттің бақылауында екенін жеткізді. Сонымен қатар ол Үкіметтің, Ұлттық Банктің және жергілікті атқарушы органдардың инфляцияны тежеу үшін атқаратын жүйелі жұмысы жалғасын табатынын мәлімдеді. Бұл шараларға ішкі нарықты тауарлармен толықтыру, бәсекелестікті қорғау, сыртқы сауда реттеуі мен тарифтерді реттеу кіреді.
Министр мемлекет әлеуметтік міндеттемелерін орындауға ерекше назар аударатынын жеткізді. Барлық әлеуметтік төлем толық, уақытылы төленіп жатыр және бұл саясат жалғасын табады.
– Үкіметтің басты міндеті – халықтың тұрмысы төмендеуіне жол бермеу және кәсіпкерлерді зиян шегуден қор-
ғау, – деп мәлімдеді Байбазаров.
Министрдің сөзінше, бәрі жақсы, «Айфондар» мен «Дайсондар» қымбаттауы мүмкін, бірақ дефолт туралы сөз қозғаудың өзі артық. Себебі мемлекетте бәрі бар, қаржылық жағдай да тұрақты.
– Алдыңғы жылдардағы тәжірибені ескерсек, уақытша ауытқулар тұрақтанады. Қазақстанда сыртқы факторлардың кері әсерін барынша азайту үшін қажет құрал мен ресурстың бәрі бар, – деді ол.
Министрдің оптимистік көзқарасы «жақсы сөз – жарым ырыс» деген сенімнен бе, белгісіз. Жалпы, жауаптылар жағдай оңалады деп сендіріп отыр. Жақсыдан үміттенген жақсы, әрине. Дегенмен күдік – қауіпсіздіктің алғышарты екенін ескерсек, халықтың үрейленуі негізсіз емес. Доллар өседі деген қауесеттің өзі елдегі қымбатшылықтың қозғаушы күшіне айналатыны белгілі. Ұлттық Банк Төрағасы сұхбаттарының бірінде өзі айтқандай, инфляция, ең алдымен, қарапайым халыққа ауыр тиеді.
Сарапшылардың өз жауабы бар
Ал тәуелсіз сарапшылардың біразы Үкімет пен Ұлттық Банктің жүргізіп отырған саясатына қатысты сын айтты. Олардың теңге не үшін әлсіреді деген сұраққа берер өз жауабы бар.
Halyk Finance басқарма төрағасының кеңесшісі Мұрат Темірханов теңгенің әлсіреуі Ұлттық Банктің саясатының тиімсіздігін тағы бір рет көрсетті деп есептейді. Ол 2023 жылғы қыркүйекте жарияланған Halyk Finance зерттеуін алға тартып, онда 2016-2023 жылдары теңге көбінесе АҚШ доллары мен Ресей рублі бағамына тәуелді болғаны, ал басқа факторлардың әсері аз болғаны анықталған. Зерттеудегі графикте мұнай бағасының өзгеруі теңгеге аса бір әсер етпейтіні байқалады. Ресей импорты – Қазақстандағы жалпы импорттың 29 пайызы, сондықтан рубль бағамындағы күрт өзгерістер теңгеге жылдам әсер етеді. Дегенмен сарапшы рубльмен есеп айырысудың барлық сыртқы сауда операциясының ішінде салыстырмалы түрде үлесі аз екені, сондықтан теңгенің рубль бағамына деген реакциясы да шамадан тыс болмауы қажет екенін айтады. Ол мемлекеттің бюджет саясатының процикликалық сипатта болуын негізгі фактор деп санайды және теңге бағамын Ұлттық қордан валюта сату процесін біркелкі ұйымдастыру арқылы реттеуге болатынын айтады. Мысалы, шілденің аяғына дейін жоспарланған трансферттің барлығы дерлік жұмсалған, нәтижесінде теңге бірінші жартыжылдықта негізсіз нығайған.
– Сол кезде реттеуші нарықта белсендірек валюта сатып алып, оны қазан-қараша айларында валюта тапшылығы туындағанда сатуға пайдалануы керек еді, – дейді сарапшы.
Оның сөзінше, нарықтың теңгеге деген сенімінің төмендігі бағамының қалай қалыптасатынын түсінбеуіне байланысты. Жалпы, сарапшы реттеуші әлдеқайда тиімді әрекет ете алар еді деген пікір айтады. Сондай-ақ дұрыс жүргізілген контрциклдік бюджет саясаты теңге бағамын тұрақтырақ етер еді деп есептейді ол.
Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы (ҚҚҚ) желтоқсанда теңгеге түскен қысым сақталуы мүмкін деген қорытындыға келді. Қауымдастық сарапшыларының пікірінше, Ұлттық банктің шетел валютасын сатуды азайтуы теңге бағамын тұрақтандыру үшін қосымша қадамдарды талап етеді.
Валюта нарығындағы ахуал мен алдағы үрдістердің бағытын бағамдау үшін сарапшылардың пікірн білген едік.
Рашид Жақсылықов,
экономист, Қазақстан мұнай сервистік компаниялары одағының төрағасы:
Кінәні Ресейдің рублі, Трамптың саясатынан іздемеу керек...
Ең алдымен, мұнай бағасы қатты құлдырап кеткен жоқ. Егер ол 70 доллардан 40 долларға түссе, міндетті түрде әсер етер еді. Ал бірақ біз биылдың өзінде мұнай бағасы 69-67 долларға түскенін көрдік. Бірақ ол теңгеге еш әсер еткен жоқ. Былтырдан бері мұнай бағасы 70 доллардың айналасында құбылып тұр. Үкімет те бюджетті жоспарлаған кезде мұнай бағасы 60 доллардан төмен болған жағдайда деген болжам бар. Яғни, бұдан жоғары болса, теңгенің құнсыздануына және бюджеттің орындалмауына ешқандай әсерін тигізбейтін болады. Тек мұнай бағасының құлдырауы теңгеге әсер етті деп айта алмаймыз.
Валюта нарығындағы жағдайдың бұлайша қалыптасуының басты себебі – біздің экономиканың әлсіздігі. Экономикамыздың әртараптанбағаны. Бұл ахуал экономикамыз негізі екі-ақ мемлекетке – Ресей мен Қытайға тәуелді екенін көрсетіп отыр. Теңгенің құнсыздануына Ресей экономикасының күн сайын әлсіреуі қатты әсер етіп отыр. Экономиканың айтарлықтай үлесі бір мемлекетке байланған болуы жалпы осы бағыттағы саясаттың аса бір дұрыс бағытта емес екенін көрсетеді.
Трамптың қайтадан АҚШ президенті болуы да дүние жүзі экономикасында үлкен толқын тудырғаны рас. Инвестициялық сын-қатер, басқа да сыртқы факторлар бар, дегенмен ең алдымен мәселенің тамыры біздің өзіміздің нақты, жүйелі, нәтиже беретін экономикалық бағдарламамыздың жоқтығында жатыр. Үкімет өзіне жүктелген міндеттемелерді дұрыс атқармай отырғанын көрсетеді. Үкімет міндетті түрде экономикалық тұрақтылыққа жауап беруі керек.
Үкімет экономиканың қозғаушы күші бола аларлықтай экспорт өнімдерін өндіруді күшейтіп, тек шикізаттық мемлекет ретінде емес, оны терең өңдей алатын мемлекет ретінде қалыптасу үшін түрлі бастама әзірлеуі керек. Бірақ өкінішке қарай, Үкіметтің нақты экономикалық бағдарламасы жоқ. Бұл жерде кінәні өзімізден іздеп, кем-кетігімізді толықтырып, толтыруға амал жасау қажет. Біз тек дағдарыстардан шығудың жолдарын іздеумен, сол бағытта жұмыс істеумен ғана келеміз.
Экономикалық тұрғыдан алғанда, кризис – сынақ әрі мүмкіндік. Бізде болжам жасау институттары әлсіз екені осындайда байқалып қалып жатады. Болашақта Премьер-Министр тағайындағанда, оның атақ-абыройы, бұған дейін атқарған қызметтері емес, оның халықтың әл-ауқатын жақсартуға, мемлекетті дамытуға экономикалық өз бағдарламасымен келуі керек деп есептеймін. Кризистен кризиске жұмыс істеу мемлекетті дамытпайды. Кінәні Ресейдің рублі, Трамптың саясатынан іздемеу керек...
Мұрат Қастаев, экономист:
500 теңгеден түсуі екіталай, бірақ 1 000 теңгеге жетеді деуге негіз жоқ
– Теңгенің қазіргі ахуалы – жағымсыз, бірақ заңдылық. Бұл тосыннан болған ауытқу емес, сондықтан әлемдегі үрдістер мен Қазақстандағы оқиғаларды бақылап жүргендерге бағамның әлсіреуі күтпеген жағдай болған жоқ. Қарашада теңгеге бірнеше теріс фактор әсер етті. Әр факторды жеке алғанда айтарлықтай әсер етпес те еді, бірақ олардың барлығы бір уақытта жинақталып, теңге әлсірей бастады.
Алдымен, АҚШ-тағы президент сайлауында Дональд Трамп жеңіске жетті. Ол тек АҚШ мүддесіне негізделген қатаң экономикалық және сыртқы саясат жүргізуді көздейді, бұл АҚШ валютасының күшеюіне әкеледі. Сайлаудан кейін бірден әлемдік валютаның барлығына шаққандағы доллар бағасы қымбаттай бастады. Бұл – доллар мен теңге арасындағы теңгерімге әсер еткен алғашқы фактор болды.
Екінші фактор – мұнай бағасының түсуі. Бұл Таяу Шығыстағы геосаяси шиеленістің сейілуіне байланысты болды: Израильдің әскери әрекеттері аймақтық соғысқа ұласпады, Газа секторындағы әскери қақтығыстар түгел дерлік тоқтады, ал айдың аяғына қарай Ливанда бейбітшілік туралы келісім жасала бастады. Сонымен қатар Трамптың Қытайға, Еуропа Одағына, Канадаға және Мексикаға қатысты сауда тарифтерін енгізу уәдесі әлем бойынша сауда мен экономика өсімін баяулатты. Бұл шикізатқа деген сұранысты азайтады және мұнай бағасының одан ары түсіреді.
Үшінші фактор – Ресейге салынған батыс санкциялардың күшеюі. Әсіресе, Газпромбанкті санкция тізіміне енгізу Ресей үшін ауыр соққы болды, өйткені ол басқа елдермен есеп айырысуда негізгі арна болып қалды. Бұл банкке салынған санкциялар рубльдің еуро мен долларға шаққанда 10 пайыздан астам әлсіреуіне алып келді. Ресейде еркін сатылымдағы валюта тапшылығы жағдайында Қазақстанға рубль ағыны күшейді, ол теңгеге айырбасталып, кейін сол теңгемен АҚШ долларын сатып алуға жұмсалды. Біздің бағалауымыз бойынша, қараша айындағы валюта сатылымының жартысына жуығын Ресейден келген сұраныс қамтамасыз етті. Сонымен қатар рубльдің әлсіреуі Ресейден импорттың өсуіне әкеледі, бұл теңгені одан әрі әлсіретіп, бағаның өсуін тездетеді. Ресейдегі инфляция тез өсуде, ал ресейлік тауарларды импорттау арқылы біз олардың инфляциясын да импорттап отырмыз, бұл теңгенің әлсіреуіне қосымша қысым түсіреді.
Төртінші фактор – ел ішіндегі экономикалық көрсеткіштер. Мемлекеттік бюджеттің кіріс бөлігі салық түрлеріне байланысты жоспардан 10-40 пайызға артта қалып отыр, ал шығыс бөлігі өсіп жатыр, нәтижесінде мемлекеттік бюджет тапшылығы ұлғайып, Ұлттық қордан бөлінген трансферттер биыл 6 трлн теңгеге жетті. Мемлекет қаржысының тепе-теңдігі бұзылды, ал Үкімет бұл тапшылықты қысқарту үшін нақты әрекетке бармай отырған сияқты. Келесі жылы Қазақстан мұнай өндіруді 15 пайызға арттыруды (Теңіз жобасын кеңейту арқылы) жоспарлап отыр және Үкімет осыдан түсетін кіріс барлық мәселені шешеді денге сенетін сияқты.
Болжам жасап, бірдеңе деу қиын, бірақ теңге бағамы қандай сыртқы және ішкі себептерге байланысты қалыптасып отырғаны түсінікті. Осы факторлардың өзгеруін болжау мүмкін болмаса да, оларды бақылап, теңгеге қалай әсер ететінін бағалауға болады. Егер бұған дейін тоқталған сыртқы және ішкі факторлар өзгермесе, теңгенің әлсіреуі қараша айындағыдай қарқынмен емес, бірақ тұрақты түрде жылына 5-10 пайызға жалғаса беретін болады. Қазіргі доллар бағамын ескерсек, 2025 жылы ол 550 теңге деңгейінен асып кету ықтималдығы жоғары. Үкімет келесі жылғы бюджетте 1 долларды 470 теңге деп есептеп қойған, бірақ бұл болжамды қайта қарау қажет.
Егер теңгеге түсіп отырған сыртқы қысым азайса немесе тоқтаса, ал ел билігі мемлекеттік бюджет тапшылығын қысқарту мен инфляциямен күресуде нақты шаралар қабылдаса, доллар бағамы қазіргі деңгейде немесе сәл төмен тұрақтауы мүмкін. Алайда доллар бағамының 500 теңгеден төмен түсуі екіталай. Бұл деңгейді психологиялық меже деп айтуға болады, одан өткен соң қайтадан төмендеу ықтималдығы аз. Бірақ доллар 600 немесе 1 000 теңгеге дейін қымбаттайды деген болжамдардың әлі де салмақты негізі жоқ.
P.S. Қорыта айтқанда, тосыннан түрлі фактордың бір уақытта соққы беруі теңгені күрт әлсіретті. Болжам айту қиын, дегенмен, кері әсерін тигізіп отырған факторлар өзгермесе, теңге әлсірей беруі мүмкін. Жақсарса да, 500-ден түсу ықтималдығы өте аз. Ал Үкіметтен позитивті риторика байқалады.
Ал сарапшылар теңгенің құбылуы тек мәселенің салдары ғана екенін айтып, жүргізіліп отырған экономикалық саясатқа нәтиже берерлік бастамалар мен шұғыл шешімдер жетіспейтінін алға тартады. Олар қазірдің өзінде жағдайды реттеуге мүмкіндік беретін жақсырақ шешімдер қабылдауға болар еді деген пікірде.
Халықтың көңілі күпті. Доллар өседі деген сөз барлығы қымбаттайды деген сөзбен қатар жүретіні белгілі. Бұл инфляцияны күтуге кері әсер ететіні түсінікті, дегенмен қымбатшылық та қысып тұрғаны жасырын емес. «Айфондар» мен «Дайсондар» қымбаттаса, қара нан мен қара су да қатар қымбаттайтыны да – нарық заңдылығы.