180
Миллиардер аукционда 6,2 млн долларға сатылған бананды жеп қойды
Италиялық суретші Маурицио Каттеланның "Comedian" деп аталатын концептуалды өнер туындысы рекордтық бағаға – 6,2 млн долларға сатылған
Қытайлық криптокәсіпкер Джастин Сон скточпен қабырғаға жабыстырылған жемісті 6 миллион долларға өнер туындысы ретінде аукционнан алған, деп хабарлады turkystan.kz inbusiness.kz-ке сілтеме жасап.
Barron's басылымының жазуынша, италиялық суретші Маурицио Каттеланның "Comedian" деп аталатын концептуалды өнер туындысы рекордтық бағаға – 6,2 млн долларға сатылған.
Оны TRON криптовалюта платформасының негізін қалаушы Джастин Сан сатып алды. Сатып алғаннан кейін көп ұзамай Сан бананды "бірегей көркем тәжірибенің" бөлігі ретінде жеуге ниетті екенін жариялады.
"Мен банан үшін алты миллион доллар төлеймін деп ешқашан ойламаппын", – деп әзілдеді ол.
Көп ұзамай миллиардер уәдесін орындап, жемісті қабырғадан алып, жеп қойған.
"Comedian" туындысы алғаш рет 2019 жылы Майами-Бичтегі Art Basel көрмесінде қойылған, сол кезде көрермен арасында "бұл шынайы өнер ме, әлде жай әзіл ме?" деген пікірталас туындаған.