"Жұмыста жан тапсырса..": Қытайда көп жұмыс істейтіндерге арналған сақтандыру жүйесі пайда болды

"Жұмыста жан тапсырса..": Қытайда көп жұмыс істейтіндерге арналған сақтандыру жүйесі пайда болды
сурет: istockphoto.com
377

Қытайда көп жұмыс істеп, зорыққаннан қайтыс болған жағдайда оның отбасына төлем жасайтын ерекше сақтандыру полисі ұсынылды. Полис бойынша төлем мөлшері – 600 мың юань

Сақтандыру полисінің атауының өзі көп нәрсені аңғартады – «996». Бұл атау Қытайдағы кең таралған жұмыс кестесін білдіреді: таңғы 9-дан кешкі 9-ға дейін, аптасына 6 күн жұмыс істеу.

Сақтандыру компаниялары мұндай полисті ұсынуға Қытайда еңбек мәдениетінің ерекшеліктері себеп болғанын айтады. Әсіресе, IT саласында және стартаптарда «996» жұмыс тәртібі қалыпты жағдайға айналған. Мұндай қарқынды жұмыс адамның денсаулығына кері әсерін тигізіп, стресстің жоғары деңгейіне және шамадан тыс шаршауға әкеледі.

Полис тек жұмыс орнында қатты шаршау немесе жұмыстан туындаған денсаулық мәселелерінен қайтыс болған жағдайларды қамтиды. Бұл сақтандыру қытайлық еңбекқорлар мен олардың отбасыларына белгілі бір қаржылық қауіпсіздік береді.

Сарапшылар мұндай сақтандырудың пайда болуын екіжақты бағалап отыр. Бір жағынан, бұл полис еңбекқор қызметкерлердің отбасыларына қаржылық көмек көрсетуге бағытталған. Екінші жағынан, бұл саясат жұмыс берушілердің қызметкерлердің денсаулығына деген жауапкершілігін төмендетуі мүмкін деген сын да айтылуда.

Қытайда «996» жұмыс кестесі көпшіліктің талқылауына жиі түседі. 2019 жылы бұл тақырып қоғамда қызу талқыланған еді. Кейбіреулер мұндай режимді елдің экономикалық табысының кепілі десе, басқалары оны адам құқықтарын шектейтін жүйе деп санайды.

Жалпы, бұл сақтандыру – еңбек мәдениетінің жаңа тенденцияларына икемделген ерекше қаржылық өнімнің мысалы.

Серіктес жаңалықтары