Нейробиологтар алжудың алғашқы белгілері байқалмай тұрып басталатын мидағы өзгерістерді анықтады

Нейробиологтар алжудың алғашқы белгілері байқалмай тұрып басталатын мидағы өзгерістерді анықтады
сурет: istockphoto.com
547

Ғалымдар Альцгеймер ауруына тән бета-амилоид және тау ақуыздарының мида жиналуы ми қызметін өзгертіп, когнитивтік қабілеттердің төмендеуіне ықпал ететінін анықтады.

Nature Neuroscience журналында жарияланған жаңа зерттеу гиперактивтіліктен гипоактивтілікке ауысу мидың зардап шеккен аймақтарында байқалатынын көрсетті. Бұл өзгерістер зейін мен есте сақтау қабілетінің төмендеуімен байланысты болып шықты. Зерттеу нәтижелері аурудың ерте кезеңдерін анықтауға көмектесетін ми белсенділігінің индикаторларын ұсынады.

Альцгеймер ауруы – прогрессивті нейродегенеративті бұзылыс және деменцияның ең кең таралған себебі. Әлем бойынша миллиондаған адамға әсер ететін бұл ауру есте сақтау қабілетінің жоғалуы және ойлау мен шешім қабылдау қиындықтарынан басталып, кейіннен күнделікті негізгі тапсырмаларды орындауға кедергі келтіреді.

Ауру мида екі ақуыздың – бета-амилоид пен таудың – жиналуымен сипатталады. Бета-амилоид жасушалар арасында жабысқақ бляшкалар түзеді, ал тау жасуша ішінде түйіндер қалыптастырып, олардың қызметін бұзады. Бұл ақуыздар нейрондар арасындағы байланыстардың жоғалуына, қабынуға, жасушалардың өлуіне және мидың атрофиясына әкеледі.

Канададағы Макгилл университетінің профессоры Сильвен Байе және оның әріптестері аурудың бастапқы кезеңдерінде бета-амилоид пен тау ақуыздарының ми белсенділігіне қалай әсер ететінін зерттеді. Зерттеуге Альцгеймер ауруының отбасылық тарихы бар, бірақ когнитивті бұзылулары жоқ 104 адам қатысты.

Зерттеу барысында ғалымдар мидағы ақуыздардың жиналуын анықтау үшін позитронды-эмиссиялық томография (ПЭТ) қолданды. Ал магнитоэнцефалография (МЭГ) ми белсенділігінің үлгілерін нақты уақыт режимінде өлшеуге мүмкіндік берді. МЭГ нейрондардың белсенділігіне ақуыздардың жиналуы қалай әсер ететінін анықтау үшін қолданылды.

Зерттеу нәтижелері мидағы бета-амилоид жинақталған аймақтарда гиперактивтілік байқалатынын, ал тау ақуызының жиналуы бұл белсенділікті төмендететінін көрсетті. Бұл өзгерістер симптомдар пайда болмай тұрып-ақ мидың когнитивтік функцияларына әсер етеді. Әсіресе, есте сақтау және зейінге жауапты мидың аймақтары қатты зардап шегеді.

«Альцгеймер ауруы симптомдар білінбей тұрып-ақ басталады. Сондықтан оның ең алғашқы белгілерін анықтау маңызды. Біздің зерттеу нәтижелеріміз мидағы ақуыздардың жинақталуы мен нейрон белсенділігінің өзгеруін байланыстырып, когнитивтік қабілеттің төмендеуін болжауға мүмкіндік береді», – деді зерттеу авторы Сильвен Байе.

Бұл зерттеу Альцгеймер ауруын ерте анықтауға және алдын алу әдістерін жақсартуға жол ашуы мүмкін. Ғалымдар болашақта бұл әдістерді аурудың алдын алу мен емдеу жолдарын табу үшін қолдануды жоспарлап отыр.

Серіктес жаңалықтары