Баспалдақпен жылдам көтерілу энергия мен ақыл-ой қабілетін арттырады

Баспалдақпен жылдам көтерілу энергия мен ақыл-ой қабілетін арттырады
сурет: istockphoto.com
523

Жаңа зерттеу нәтижелері баспалдақпен жылдам көтерілу когнитивтік қабілеттерді жақсартатынын және көңіл күйді көтеретінін көрсетті. Бұл физикалық белсенділікке қатысқан адамдар тапсырмаларды тезірек орындай отырып, өздерін бақытты әрі энергияға толы сезінген. Зерттеу нәтижелері Journal of Cognitive Enhancement журналында жарияланды.

Қысқа физикалық белсенділік, мысалы, бірнеше минут серуендеу, баспалдақпен көтерілу немесе дене жаттығуларын жасау жүрек-қан тамырлары денсаулығын жақсартады, стрессті азайтады және қандағы қант деңгейін реттейді. Мұндай белсенділік күнделікті өмір салтына жылдам еніп, жылдап әдетке айналады және денсаулыққа зор пайда әкеледі.

Баспалдақпен көтерілу – уақытты үнемдейтін, әрі пайдалы әрекет. Бұл жаттығу дененің ауырлық күшіне қарсы қозғалуын талап етіп, физикалық және психологиялық жағдайды жақсартуға көмектеседі.

Зерттеуді Андреас Стенлинг және оның әріптестері жүргізді. Олар баспалдақпен 1 минуттық 6 рет көтерілу когнитивтік қабілет пен көңіл күйге қалай әсер ететінін зерттеді. Зерттеуге 20 жастағы 52 студент қатысты, олардың 26-сы әйелдер.

Қатысушылар екі топқа бөлінді:

  • Бірінші топ баспалдақпен 1 минуттан 6 рет көтерілді. Әр көтерілу арасында 1 минуттық үзіліс жасалды.
  • Екінші топ тестілеу бөлмесінде отырып, бақылау тапсырмаларын орындады.

Әр топ өз тапсырмасын орындағаннан кейін когнитивтік тесттерден өтіп, көңіл күйлерін бағалады. Кейін топтар орын алмасты.

Баспалдақпен көтерілген қатысушылар когнитивтік тапсырмаларды жылдам орындап, көңіл күйі жақсарғанын айтты. Олар когнитивтік икемділік пен атқарушы функцияларды бағалайтын тапсырмаларда жақсы нәтиже көрсетті. Сондай-ақ, физикалық белсенділік кезінде жүрек соғу жиілігі жоғарылаған қатысушылар когнитивтік тесттерді тезірек орындады. Бұл әсерлер ерлер мен әйелдерде бірдей байқалды.

Ғалымдар баспалдақпен қысқа уақыт көтерілу физикалық енжарлық мәселесін шешудің тиімді әдісі болуы мүмкін екенін айтады. Бұл тәсіл көңіл күйді көтеріп, когнитивтік қабілеттерді жақсартуға ықпал етеді.

Дегенмен, бұл нәтижелер белсенділіктен кейін бірден анықталған және ұзақ мерзімді әсерлері зерттелмеген. Сонымен қатар, қатысушылардың барлығы жас әрі дені сау студенттер болғандықтан, мұндай нәтижелерді үлкен жастағы немесе физикалық жағдайы нашар адамдарда көруге болатыны әзірге белгісіз.

Серіктес жаңалықтары